Жастар жиі жіберетін 5 қаржылық қателік
Балалық шақтың бейқам әлемінен ересек өмірге көшу жастар үшін әрдайым ауыртпалықсыз бола бермейді, әсіресе қаржы жағынан. Жастарға тән максимализм, барлығына бірден қол жеткізуге деген ұмтылыс көбіне қаржылық қателіктерге әкеледі. Fingramota.kz жастар жиі жіберетін 5 қаржылық қателікті ұсынды, - деп хабарлайды massaget.kz.
№ 1 қателік. Бюджетті тиімсіз жоспарлау
Ұрпақ неғұрлым жас болса, соғұрлым олар ақшаны үнемдеу немесе кейінге қалдыру туралы аз ойлайды. Жастар шәкіртақыны немесе жалақысын бірнеше күнде жұмсап тастап, қалған күндер айдың соңына дейін өлместің күнін көруі мүмкін. Бұл көбінесе бюджетті тиімсіз жоспарлаудың салдары. Сондықтан, жас буын өкілдеріне, әсіресе студенттерге ең алдымен өз шығыстарын бақылауды үйрену керек.
Ұрпақ неғұрлым жас болса, соғұрлым олар ақшаны үнемдеу немесе кейінге қалдыру туралы аз ойлайды. Жастар шәкіртақыны немесе жалақысын бірнеше күнде жұмсап тастап, қалған күндер айдың соңына дейін өлместің күнін көруі мүмкін. Бұл көбінесе бюджетті тиімсіз жоспарлаудың салдары. Сондықтан, жас буын өкілдеріне, әсіресе студенттерге ең алдымен өз шығыстарын бақылауды үйрену керек.
Кеңес: Өз кірісіңізді (шәкіртақы, ата-ана бөлетін қаражат, жалақы және т.б.) міндетті және қосымша шығындарға бөліңіз. Міндетті шығындардан кейін өзіңізде қанша ақша қалатынын есептеңіз, оларға азық-түлік, коммуналдық қызметтер, интернет және мобильдік байланыс, көлік шығыстары жатады. Қалған қаражатты күнделікті шығыстарға бөліңіз.
Жеке қаражатыңызды бақылау – тиімді жинақтауға, ұтымды жұмсауға және жақсы өмір сүруге жасалған алғашқы қадам.
№ 2 қателік. Табысынан артық жұмсау
Заманауи жастар тауарлар мен қызметтерді белсенді тұтынушылар болып табылады. Өктем жарнама, әр түрлі маркетингтік амалдар, әлеуметтік желілердегі әдемі өмір насихаты – осының бәрі жастарды «трендте болуға» және соңғы үлгідегі гаджеттер, бренд заттар сатып алуға, танымал мекемелерде уақыт өткізуге итермелейді. Ақша жетіспегендіктен жастар көбінесе тұтынушылық кредиттер ресімдеу арқылы «қарызға өмір сүреді».
Алайда, табысты болу немесе табысты болып көріну бір нәрсе емес. Табыс елесі соңында кез келген адамды «кредит шырмауына» түсіреді.
Кеңес: Қарапайым бір шындықты естен шығармаған жөн: кредит – болашақ есебінен өмір сүру! Қарыз ресімдемес бұрын сізге бұл шынымен қажет пе, өзіңізге жауапты қаржылық міндеттеме жүктеуге дайынсыз ба, соны ойланыңыз. Жеке бюджетке қосымша ауыртпалық түсірмеуге тырысыңыз. Еліктіретін жарнамаға ермеңіз. Ешбір жағдайда «ескіні» өтеу үшін жаңа кредит алудың қажеті жоқ, оның үстіне талаптары айтарлықтай жақсы болмаса.
№ 3 қателік. "Резервтік қордың" болмауы
Жастар бүкіл өмірлері алда деп санайды және қаржылық қауіпсіздік жастықшасы туралы ойлағылары да келмейді. Алайда жеке резервтік қорды қалыптастыруды жастайынан бастаса, онда болашақта өзін күтпеген қаржылық қиындықтардан қорғауға болады. Жеке резервтік қор – бұл белгілі бір ақша қаражатының сомасы, ол кем дегенде 6 айлық шығындардан құралуы тиіс, бір жылдық бюджеттен тұрса тіпті жақсы.
Кеңес: Жинақтаудың ең тиімді әдістерінің бірі – бұл банктік салым ашу. Егер сіз 20 жасыңызда, мысалы, ай сайынғы жалпы кірісіңіздің кемінде 10%-ын жинай бастасаңыз, онда белгілі бір кезеңге дейін қауіпсіздік жастықшасын құра аласыз.
№ 4 қателік. Нақты мақсаттардың болмауы
Жастар көп жағдайда саяхаттауды немесе өз бизнесін ашуды армандайды. Алайда, армандар жүзеге асуы үшін қаржылық жоспар құрып, оны орындау керек. Қағазға немесе гаджеттегі қосымшаға өз мақсатыңызды әрі оған қол жеткізу тәсілдерін жазыңыз да, нақты мерзімдерін көрсетуді ұмытпаңыз. Бәлкім, бастапқы кезеңдерде өзіңізді межеленген жолмен жүргізу қиынға соғуы мүмкін. Алайда тәртіптік тәсіл қолдансаңыз, сіз өз арманыңызға бір қадам жақын боласыз.
Кеңес: Өз мақсатыңызды іске асыруға қатысты егжей-тегжейлі жоспар құрып, оған қол жеткізу үшін ай сайын жинайтын соманы көрсетіңіз. Өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді ескеруді ұмытпаңыз. Қаражат жинау барысында жаппай үнемдеу режимінен аулақ болыңыз. «Көрпеңе қарай көсілу» қағидатын естен шығармағаныңыз дұрыс. Алайда, кейде өзіңізді қуантып, марапаттап отыруды да ұмытпаған жөн. Ойын-сауыққа, мысалы, киноға немесе кафеге жұмсайтын қаражатыңызды бюджетіңіздің шеңберінен асырмай, алдын ала жоспарлап қойыңыз.
№ 5 қателік. Бір мезеттік табысқа сену
Қазіргі жастар технологиялық прогрестен қалмай, ІТ-саласында әбден шыңдалған болса да, олар өз сенгіштігінен және мұқияттылық танытпауынан алаяқтардың арбауына жиі түсіп қалып жатады әрі оларды қаржылық пирамидаларға тарту да оңайырақ. Алаяқтар жастарды өз қаржылық қулықтарына делдал ретінде тартуы мүмкін немесе олармен сенімгерлік қатынас орнатып, ортақ кәсіп ашуды немесе кірісі жоғары инвестициялық жобаға қатысуды ұсынуы мүмкін.
Кеңес: Делдалдық, кірісі шамадан тыс онлайн-жобалар арқылы табысы жоғары ұсыныстарға немесе барынша көп адам тарту арқылы ақша төленеді деп уәде беретін немесе инвестициялардың қайтарылатынына кепілдік беретін компанияларға сенбеңіз. Мұндай уәделерді беретін тек – алаяқтар. Кез келген ақпаратты үнемі тексеріп, барынша қырағылық танытыңыз!
Жас кезіңізде жасайтын таңдауыңыз сіздің болашақтағы қаржылық әл-ауқатыңызға үлкен әсер етуі мүмкін. Егер сіз жиырма жасыңызда ақшаны ойланбай жұмсап, кредит карталарын пайдаланып, төлемдердің мерзімін кешіктіріп, кредиттік тарихыңызды бүлдіріп алсаңыз, онда орта жасқа келгенде қарыздарыңыз «тау» болып жиналып қалады.
Бірақ егер сіз бюджетіңізді ұтымды жоспарлап, кірістеріңіз бен шығыстарыңыздың арасындағы тепе-теңдікті сақтап, инвестицияға салып, алаяқтардың арбауын тануды үйренсеңіз, онда болашағыңыз үшін алаңдап, уайымдамасаңыз да болады.