2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды, деп хабарлайды el.kz ақпарат агенттігі. Президент отырыста Қазақстан халқына жолдауын жариялауда.
Жиынға Мәжіліс және Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысып жатыр.
Президент өз сөзінде бұған дейін атқарып жатқан шараларға тоқталып, ұстаздар мен дәрігерлер жалақысы өскенін атап өтті.
2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді, - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы сонымен қатар тұрғын үй бағдарламасына да тоқталды.
Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды, - деді ол.
Бқдан бөлек мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер туралы да сөз қозғады:
Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Мен нақты іске асқан шаралардың бір бөлігін ғана атап өттім. Шын мәнінде, көп жұмыс атқарылды, болашақта да өз жалғасын табады.