Көгілдір отынның қарызы қордаланып тұр
Көгілдір отын табиғаттың бізге берген тамаша сыйы. Ауданға табиғи газ келгелі халықтың жұмысы жеңілдеп, тұрмысы түзелді десек артық айтқандық емес. Бүгінде аудан орталығының тұрғындары берекелі бастаманың игілігін көріп келеді.
Бір әттеген-айы, Қазалы ауданы тұрғындарының табиғи газға қарызы аз емес. Атап айтар болсақ, аудан орталығындағы 3544 абонент “ҚазТрансГазАймақ” АҚ Әйтеке би газ шаруашылығы бөліміне 28 403 775 теңге берешек екен (2018 жылғы 6 маусымдағы мәлімет). Бұл туралы бізге “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Әйтеке би газ шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Бозғұлов айтып берді.
– Тұрғындардың бүгінгі күні пайдаланған газының ақысын төлеудегі жайбасарлығы бережақтардың көбейіп кетуіне әкеліп соқтыратыны белгілі. Тәуліктің барлық мезгілінде толығымен газбен қамтылып отырған тұрғынның ақысын қайтару кезіндегі осы бір жағымсыз іс-әрекеттерін түсінбей келеміз. Кей жағдайда жұмыссыздық пен күн көріс жағдайы төмендіктен кешеуілдететін тұрғындарымыз да кездесіп қалады. Қарыз көбейіп кетсе оларға пломба салып, орталық құбырдан ажыратып тастауға дейін барамыз. Осы және өзге де жайттар тұрғындармен жасалған келісім-шартта анық жазылған. Кімде-кім пайдаланған газдың ақысын әр айдың 25-ші жұлдызына төлемесе, газдан ажыратылады. Осыған орай қарызы бар тұрғындар маусым айының 10-на дейін берешегінен құтылмаса, газдан ажыратылады, – дейді “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Әйтеке би газ шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Бозғұлов. Егерде Сіздерді газдан ажыратқан жағдайда қайта қосу үшін де қосымша ақы төлейтіндіктеріңізді естен шығармаңыздар. Абоненттер өз беттерінше газды қосып алатын болса, көлемді айыппұл төлейді.
Бүгінгі таңда кейбір тұрғындар күн жылынған сәтте бұрынғы газ балондарын дайындап, “времянкаға” көшіп алады. Ондағы ойы үйді газдан ажыратса да ас әзірлеуге ешбір қиналмай қаннен-қаперсіз отыру. Бұл қате түсінік. Себебі, қарызы қордаланған үй газдан ажыратылғаннан кейін 2 ай көлемінде берешегінен құтылмаса, аталмыш мекеме Сізді сотқа беру арқылы өндіріп алады. Ал, ол кезде азаматтар қарызын өсімпұлмен (пения) төлеп, көк шығынға батады. Және бұл абоненттер қысқы жылу маусымы жақындағанда табиғи газға кеш қосылатын болады. Енді ойлана беріңіздер, кім ұтады, кім ұтылады?!
Осы арада бір сәт ауданымызға табиғи газ келмеген кездерді есіңізге түсіріңізші. Күн райы бұзылып, күз болған уақытта қыруар қаржыны жұмсап, үйдің көлеміне қарай көмір іздеп сабыласыз. Тамызық отыныңыз тағы бар. Және осы арада ерекше айтып кететін бір жайт, балаларға жекіп жүріп отын жарғызып, өзіңіз шелектеп көмір әкелесіз. Күйелеш-күйелеш болып күл алып, оны тұтатасыз.
Ал, енді бүгінгі неге өз игілігіңе пайдаланған табиғи отынның ақшасын төлемейсіз. Ешкім Сізге алдын ала төле деп қысастық жасамайды. Бір ай бойы үй жылытып, керегіңізге пайдаланасыз да, айдың соңында тұтынған көлеміңізге қарай төлем жасайсыз. Түк те қиындығы жоқ. Тек бұл жұмысқа жауапкершілікпен қарасақ жеткілікті.
Табиғи газды ауданда бірінші болып кіргізгендердің қатарында Әлжановтар отбасы да бар. “Көгілдір отынды пайдаланып отырғаныма 3 жыл болды. Ауданға газ келді дегенде көп ойланбастан қостырдым. Міне, қыстыкүнгі көк бейнеттен құтылғанымызға қуаныштымыз. Өзімізтұтынған газдың ақысын әр айдың 25-нен кешіктірмей төлеп отырмын. Олай болмағанда азамат деген атымызға сын ғой. Табиғаттың берген сыйын Қазалыға әкелген облыс, аудан басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ”, – дейді Бақытгүл Әлжан.
Мекеме басшысы Нұрлан Құрманбайұлының айтуынша, Әйтеке би кентінде әлі де көгілдір отынға қосылмаған тұрғын үйлер бар екен. Үйге газ кіргізуге кететін қаржыны төлеуге мүмкіндік болмаса, “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ Әйтеке би газ шаруашылығы бөлімі арқылы 10 айға бөліп беру арқылы қостыруға болады. Жекелеген серіктестіктердің қызметіне жүгінгенде тұрғындарды абай болуға шақырамыз. Себебі, өткен жылы жеке адамдарға алданып қалған кейбіреулер айналып келгенде осы мекеменің қызметіне жүгінген.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, пештегі шалқи жанған көгілдір газ алауы ойды да, бойды да жылытып, аудан тұрғындарының шырайын келтіріп тұрса игі. Ендеше, үйімізде көгілдір отын қуанышы көпке созылсын десек, тездетіп қарызымыздан құтылайық, ағайын!
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ