Қос азаматтық – қатерлі құбылыс
Елімізде қос азаматтығы барлардың қатары қалыңдағанға ұқсайды. Әсіресе, Ресейдің қоңыр паспортын иеленгенін жасырып жүргендердің саны күрт артыпты.
Мұны ресми статистика растайды. Сарапшылардың айтуынша, қос азаматтық мәселесі ушықса, ол елдің бірлігіне сына қағады. Елдегі қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қожыратады. Оның әлеуметтік-экономикалық залалы да зор. Сондықтан құзырлы органдардың бұл кесірлі құбылыспен күресті күшейткені қуантады. Сонымен бірге алда ұлттық заңнамаға өзгерістер әзірленуде.
Бұл құбылыстың қандай ауқымға жеткенін және ондағы трендтерді мына деректен байқауға болады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, республикада бүкіл 2022 жыл бойы қос азаматтығы бар жалпы саны 841 адам табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның тек 138-і сот шешімімен елден аласталған. Қалғанын соттар айыппұл салумен шектеген.
Осыларды қоса алғанда, соңғы 5 жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жазаланды. Соның ішінде 3 мыңнан астамы айыппұл арқалаған, 473-і елден шығарылып, жаңа отанына қуылды. Осы 3,5 мыңнан астам адамның бәрінің қазақстандық көк паспорты тартып алынды.
2023 жылы бұл саладағы күрес біршама өрістеді. Бір ғана Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі биылғы маусымдағы жағдай бойынша жыл басынан бері қос азаматтығы бар 233 адамды әшкерелеген. Бірақ бұл – мұзтаудың ұшар басы және шекарада ұсталғандары ғана.
Мысалы, Павлодар облысында қос азаматтықты иеленудің 800-ден астам дерегі анықталды.
– Қазір облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметінің бөлімшелері меморгандардың облыстық аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, қос азаматтығы барларды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл басталғалы Павлодар облысында 819 азамат Қазақстан азаматтығынан айырылды. 49-ы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 8-і Қазақстан аумағынан шығарылды, – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ғомар Шәбиденов.
Мәселен, Павлодар облысының Шарбақты аудандық полиция бөлімінің көші-қон полицейлері 45 жастағы ер адамның Ресей азаматы атанғанын құзырлы органдардан жасырып қалғанын, қазақстандық құжаттарын ары қарай пайдаланып жүргенін анықтады. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 496-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Бүкіл 2022 жылы қос азаматтығы бар 841 адам анықталса, биыл осы көрсеткішті бір ғана облыс беріп отыр. Осыдан-ақ проблеманың ауқымын бағамдауға болады.
Бұл – тек бір өңірдегі ахуал. Өзге өңірлердің көрсеткіштері төмен. Бірақ оларда да проблема салмақты әрі көкейкесті. Мысалы, биылғы 5 айда Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығын жасырғаны үшін 20 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде шетел азаматтығын алғаннан кейін құжаттарды уақытылы тапсырмағаны үшін 13 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың үшеуі сот шешімімен Қазақстаннан тыс шығарылды.
ШҚО ПД Көші-қон қызметкерлерінің айтуынша, қос азаматтық иелену фактілерінің өсуі байқалады. Олар былтырғы шілдеде басқа елдің азаматтығын алған Риддер тұрғынын анықтады. 29 мамырда ол әйел Риддер қаласының әкімшілік сотының шешімімен елден аласталды.
Елде Қазақстанның азаматтығынан бас тартпай, өзге елдің азаматтығын рәсімдеу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл үрдіс Қаңтар оқиғасынан кейін күшейгені байқалады.
Моноазаматтық – мемлекеттік құндылық
Полицияның түсіндіруінше, қазақстандықтар басқа елдің азаматтығына кірмес бұрын қазақстандық азаматтықтан бас тартуы қажет. Ол үшін 30 күн мерзім ішінде өзге мемлекеттің азаматтығын алуды жоспарлағаны туралы ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлауы тиіс. Ол ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы шарт. Бірақ өкінішке қарай, өзге елдің паспортына ынтыққандардың бәрі бірдей «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 21-бабының осы талаптарын орындай бермейді.
Құқық қорғау органының қызметкері Айдын Бекмырза қазақстандықтардың өзге ел азаматтығын алуының бірнеше себебін тізбелеп берді. Бастысы, әрине, қауіпсіздік: республика бейбітшілігінен, тыныштығынан, тұрақтылығынан айырылса, төтенше жағдай туындаса, отбасымен шұғыл эмиграцияланып, өзге елден еш қиындықсыз пана табудың алдын ала қамын жасайды.
«Екіншіден, мемлекеттік шекарадан кедергісіз өтуді, өзге елде еркін қозғалуды көздейді. Үлкен бір бөлігі сол кезде ұсталады: мысалы, РФ азаматтығын жасырын алғандар көрші елге ұзаққа барғанда паспорттық бақылауда, Шекара қызметіне қазақстандық емес, ресейлік паспортын көрсетеді. Сөйтіп, Ресей аумағында РФ паспортын пайдаланып, сонда ұзаққа қала алады. Сонда «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы тексергенде, оның ҚР азаматтығынан шықпағаны анықталуы мүмкін. Үшіншіден, Қазақстан азаматтығын сақтап қалу арқылы материалдық артықшылықтар алғысы келеді. Бүгінде Ресейге қарағанда, Қазақстанда зейнетақы да, бала туу, мүгедектігі және басқасы үшін берілетін жәрдемақылар да жоғары», – деді А.Бекмырза.
Салдарынан, Ресей Федерациясының жаңа азаматтарының Қазақстанда зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар алып келуі фактілері тұрақты түрде әшкереленіп тұрады. Мысалы, таяуда Шемонаиха полицейлері 2022 жылы РФ азаматы атанғанымен, ҚР паспортын тапсырмай, қазақстандық қомақты зейнетақыны алуын жалғастырған ерлі-зайыпты қос зейнеткерді тапты. Сот шешімімен ол екеуі де Ресейге депортацияланды.
Сарапшының айтуынша, көші-қон саласындағы ынтымақтастық аясында Қазақстан мен Ресей осы мәселені де реттеуге уағдаласқан. Алайда Мәскеу іс жүзінде посткеңестік кеңістіктегі республикалар тұрғындарының РФ азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуын ынталандырып отыр.
Белгілі заңгер ғалым, профессор Сәуле Амандықованың айтуынша, моноазаматтық қағидаты – еліміздің Конституциясында бекітілген аса маңызды прициптердің бірі. Қазақстан азаматының басқа мемлекет азаматтығын иеленуі мойындалмайды. Дегенмен, 1991 жылы «ҚР азаматтығы туралы» заң қабылданған соң қос азаматтық проблемасының ушыққаны айқындалды. Қос азаматтыққа ие адамдар мемлекет үшін де, қоғам үшін де нақты қиындықтар туғызады. Ендеше бұл кесірмен пәрменді күрес жүргізілгені жөн.
Ұлттық қауіпсіздік шендінің ойыншығы емес
Кеңес одағы қос азаматтыққа қатаң тыйым салды және оған жол бермеу үшін аяусыз күресті. Ал Ресей керісінше, өз паспортын өзге елдер азаматтарына белсенді таратуға ден қойды. Салдарынан КСРО ыдыраған соң қос азаматтық мәселесі ТМД аумағындағы ең күрделі проблемаға айналған.
Сарапшылар тәуелсіздіктің өткен отыз жылдығында елімізде парадоксты жағдай орнағанына назар аудартады. Бір жағынан, Ата Заң қос азаматтыққа тыйым салады. Екінші жағынан, билік практикада бұған тегеурінді тосқауыл қойған жоқ.
Салдарынан түрлі эксперттердің бағалауынша, Қазақстанның орыстілділері көп өңірлерінде тұрғындардың төрттен бір бөлігі немесе одан көбі РФ азаматтығын астыртын алып алған. А.Бекмырза да таныстарының біразы Ресей азаматтығына ие екенін, олар ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсырғанын, әйткенмен, сол бойы Қазақстанда қалып, жұмыс істеп жатқанын айтады. Бұл да үлкен бір проблема. Өйткені олар Еңбек министрлігінің сырттан келген мигранттарға қатысты статистикасына ілікпейді, тиісінше, реттелмейді.
Сарапшылардың тұспалдауынша, билік органдарында қос азаматтыққа ие адамдар болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, Г.Марченко кезінде Ұлттық банкте қос азаматтығы барларға жұмыс істеуге рұқсат етілген. Марченконың өзі де кейін өзге елдің азаматы екені туралы сырын ашып, Швейцарияға тайып тұрды.
Азаматтық мәселелері жөніндегі көрнекті ғалымдардың бірі Н.В.Витрук «қос азаматтығы бар тұлғалардың соларды өз азаматым деп санайтын мемлекеттің егемендігіне айтарлықтай зиян келтіретінін» ескертеді. Бірінші кезекте, мемлекеттің «негіз қалаушы қағидаты» – өз азаматтарына мемлекеттік биліктің толық юрисдикциясын, үстемдігін жүргізу принципі бұзылады. Сонымен бірге өзге елдің азаматы екенін құпияда сақтаған тұлға мемлекеттік қызметке тұрып, мемлекеттік құпиямен жұмыс істесе, бұл енді тікелей ұлттық қауіпсіздікке нұқсан.
Сондықтан Ішкі істер министрлігі қос азаматтықты шектеу шараларын күшейтуге бағытталған жаңа заң жобасын әзірлеп шықты. Заңнамалық түзетулер – «Кейбір заңнамалық актілерге ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасына енгізілмек.
Себебі Қазақстан Конституциясының 10-бабында «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп қана, қысқа жазылған. Егер Парламент қабылдаса, ұлттық заңнамада бұл ұғымды кеңейту ұсынылып отыр.
Осы мақсатта сонау 1991 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған, бірақ қазіргі кезде де қолданылатын «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының жаңа негізгі міндеті пайда болады. Ол міндет: «мемлекеттің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін, оның конституциялық құрылымын сақтау және қамтамасыз ету мақсатында қос азаматтықты болдырмау».
«Бұл норма Қазақстан аумағында бірнеше, соның ішінде қос азаматтыққа қатаң тыйым салынатынын нықтайды. Тиісінше, шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан азаматы бола алмайды», – деген түсініктеме берді заң жобасын әзірлеушілер.
Отанына арамдық танытса, оралмағаны игі
Айтпақшы, сарапшылар былтыр Мәскеу көрші еліне кең ауқымды соғыс бастағалы кері процесс де өрбігеніне назар аудартады: елді тәрк етіп, өз тағдырын оның болашағымен байланыстырғысы келмей, Ресейге кетіп қалған экс-отандастардың үлкен бөлігі енді Қазақстанға оралуда, біразы азаматтығын қалпына келтіруге тырысуда. Себебі РФ паспортымен дамыған елдерге виза алу күрделенді әрі бұл елдің азаматтарына дүниежүзінде көзқарас күрт нашарлады.
Олардың арасында кезінде қос азаматтығын жасырғаны үшін сот шешімімен елден қуылғандар бар. Сол себепті ішкі істер органдарының мамандары мұндай арамза пиғылды адамдардың қайтадан Қазақстан азаматы болуына жол бермеуді ұсынды.
Осы мақсатта қолданыстағы аталған заңның 17-бабындағы «ҚР азаматтығына қабылдаудан және ҚР азаматтығын қалпына келтіруден бас тарту негiздерi» жаңасымен толығады.
Бұрынғы экс-отандас «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішпен жүгінгенге дейін 5 жыл ішінде ҚР Ішкі істер органдарына немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемелеріне өзге мемлекеттің азаматтығын алу фактісі туралы хабарламаса», онда оған Қазақстанның азаматтығы берілмейді. Парламент депутаттарының «құлағына алтын сырға»: бәлкім, бұл жерде 5 жылдық мерзімді алып тастаған, оларға өмір-бақи тыйым салған жөн де шығар.
Мысалы, биыл Ақмола облысының Көші-қон қызметінің қызметкерлері Ақкөл қаласында қос азаматтықпен жүрген қызды анықтады. 23 жастағы бойжеткен ҚР азаматтарына арналған квотамен 2019 жылы ресейлік жоғары оқу орнына түсіпті. Сонда жүріп, көршінің азаматтығын қабылдаған. Оны отандық құзырлы органдарға хабарламаған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Ақмола облысында былтыр астыртын РФ азаматтығын алған 2 760 адам табылды. Анықталмағаны қаншама?
Мұндай жағдайда Әкімшілік кодекске сәйкес, қос азаматтығын жасырғандарға 200 АЕК (2023 жылы – 690 мың теңге) айыппұл салынады немесе ҚР аумағынан шығарылып жіберіледі: оларға 5 жыл мерзімге елімізге кіруге тыйым салынды. Содан соң оралуына рұқсат.
Сарапшылар бұл құбылыстың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін еске салып, айыппұл көлемін 1000 АЕК-ке дейін күрт өсіруді немесе сол үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынады. Сонда заң бұзбас бұрын әлгілер дұрыстап ойланар еді.
Ішкі істер министрлігі биыл өзге елдің азаматтығын көрінеу, қасақана жасырғаны үшін жазаны қатайту мақсатында заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұрынғы билік тіпті ұсақ құқықбұзушылықтарға да «нөлдік төзімділік» таныту саясатын жариялады. Сонымен бірге жылдар бойы ол қос азаматтыққа тоқтау салу бағытында тиімді шаралар қабылдамады, бұл мәселеге көз жұма қарап, ахуалды ушықтырып жіберді. Енді осы олқылықты жедел түрде түзету қажеттілігі туып тұр.