Абай және ислам
Дін ісін әкімшілендіру Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы О.Игельстромның бастамасымен жүргізілді. 1785 жылдың 27 қарашасында О.Игельстром Сенаттың бұйрығын алады. Онда: «Снабжение разных родов киргизских муллами немалую пользу в делах наших принести может; почему вы и старайтесь определить о них, и изтребовать из Казани татарских людей надежных, дав им потребные наставления к удержанию киргизцев в верности к нам, и к удалению их от набегов и хищничества в пределах границ наших» делінген болатын.
Түбі бір түркі, тілі ұқсас, алайда ақ патшаға шын ниетімен берілген татар-ноғай молдалары бұл іске тартылды. Олар қазақ даласына аттанбас бұрын, патша өкіметінің заңнамасы бойынша белгілі бір сынақтан өтіп, «указной молда» деген атақ алады. Осылайша, қазақ даласында еркін жүруге құқық алған молдалар бір жағынан Ресей өкіметінің ресми өкіліне айналды.
«Бұл саясаттың арғы жағында қазақ арасында дін жаю емес, дінді пайдаланып, қазақтарды патшаға мойынсал ету үрдісі жатқанын» отаршылық кезеңді зерттеуші Бекен Қайратұлы да айтып өтті. Автор олардың қазақ балаларын орыс рухында оқытуға міндетті болғанына тоқталады. Зерттеуші татар молдаларының берген білім жайлы Шоқан Уәлихановтың мына сөзін келтіреді: «Бұлардың үйреткені өлі, схоластика және бірден-бір нақты ой-санаға құралмаған» деп сынағанын айтады.
Указнойлардың қазақ жеріндегі қызметі сол кезеңдердегі ақын мұраларында кездеседі. Ол туралы сол заманның ақыны Шортанбайдың:
«Ал мынау указной шыққалы,
Ұзатқан қызда неке жоқ,
Өлгендерде ысқат пенен құран жоқ» деген жолдары осы сөзімізге дәлел бола алады.
Ал Құрбанғали Халидтың «Тауарих Хамса» («Бес тарих») кітабында былай делінген: «Молдалар күймелермен желдіртіп, указдарын алып, мойындарына шынжыр баулы сағат салып тойлап қайтқандай болып келіп, кетіп жатты-Низам (ереже) бойынша туу туралы куәлік дәптер, туған, өлген, неке, талақ сияқты істі тіркеп отыру үшін арнайы қағаздарымен рұқсат алып келді. Бұл сөз біреуді мақтау, біреуді даттау емес, хақ сөз құлақ салуға керек. Қағаз алған молдалар сондай бір істер істеді: онымен не дінді, не дүниені ұстай алмайсың. Бір адам өлсе указной молда болмаса, яки оның атынан біреу бармаса «жаназа оқымай кейбір жағдайларда өлікті сасытып, обалына қалмайық деп біреулер жаназа оқып қойса, ол адам қуғынға ұшырайтын болды. Оны – указной молда қайда жүрсе де тапсырып алып жазалатып, штраф (бодау) төлетіп (айып төлетіп), әуре ететін болған соң, тіпті жаназаға ешкім жоламай, указной молданы кай көрге кіріп кетсе де іздеп табу ақы иесінің мойындарында үлкен бір борыш болды». Бұл – «указнойдан» ыққан қазақтардың дерегі. Алайда патша өкіметі бұл іске өз көзқарасы тұрғысынан кірісті.
Осылайша, отаршылардың ыңғайына қарай жығылып, ислам діні де ресмиленіп, екіге бөліне бастады. Патша тарапынан шектеусіз мүмкіндік беріп қойған соң Қазан мен Уфадан ағылып келіп жатқан татарлардың саны да, ықпалы да артты. Осы жылдардағы дерекке сүйенсек, Семей өңірінде ғана 9 479 татар болыпты, осындағы 28 мешіттің 15-сі Орынбор мұсылмандары діни-рухани жиынына қарасты. Жиын патшаның орталық билігін аймақтарда бекітуді мақсат етіп қойды. Патшалық Ресейдің ислам жөнінде ең маңызды жарлықтарының біріне 1788 жылдың 22 қыркүйегінде Екатерина II қол қояды.
Жаңа мекеменің бастығы болып, мүфти, Орта Азия мен Кавказдағы орыстың барлаушы офицері, патша өкіметінің сенімді адамы М.Хусейнов тағайындалды. Сол кездегі армия генерал-майорының жалақысына тең келетін 1500 рубль жалақы алуға құқылы еді. Оның көмекшілігіне Қазан татарларының ішінен іріктеп алынған үш «заседатель» тағайындалып, жылына 120 рубль төлейтін болып бекітіледі.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Г.Сманова келтірген мына деректерге назар аудара отырайық.
«Создавая это учреждение во главе с муфтием, царское правительство прежде всего ставило целью укрепить центральную власть на местах, подчинить жизнь, быт, образование мусульманского населения надзору духовенства, которое в свою очередь подчинялось русской администрации в лице Уфимского наместника, а с 1796 г. Оренбургского военного губернатора.
Татарские муллы были также активны в политической жизни степей ХІХ века. В целом, там, где доминировало казахское обычное право, муллы обладали значительной государственной властью и были ответственны за толкование и передачу правительственных распоряжений. В 1850-х годах русские власти в Оренбурге даже штрафовали на 3 рубля казахские аулы, которые посещались бухарскими и хивинскими муллами. Татарские муллы были также активны в дипломатии. Двое татарских мулл получили золотые медали в 1817 году от власти империи за свои советы хану Старшего жуза Суюку Аблаеву подчиняться России.
(соискатель Института истории и этнологии имени Ч.Валиханова МОН Республики Казахстан Г.Сманова)».
Осылайша, қазақтың тұрмысының барлығын қамтыған татарлану үрдісі қазақ даласында жылдам белең алды. Патша жарлығын сылтау етіп, қарапайым дала қазағының кеңпейілдігін пайдаланып, орыстың заңынан кәрінен қашқан, саудагерлер мен солдаттықтан қашқан татар-башқұрлар да елді толтыра бастады. Қазақтар татарлардың сатуға алып келген айна-тарағынан бастап барлық затын тұтынатын болды. Олардың киім киісі де үлгі болды.
«IRGO Орынбор департаментінің «Известиясы» осыған орай тіпті «молда сөзінен бұл жерде міндетті түрде дін қызметкерін көрмеу керек» деген. Молданың қазақ қоғамындағы қоғамдық қызметі тек құдайға сыйынумен шектелмеген. Молдалар сауатты болып, ауылға жіберілген қағаздарды, кеңес берушіні, тәлімгерді, кейде дәрі-дәрмек дайындайтын, науқастарды емдейтін және мұның бәріне қоса балаларды оқытатын, сонымен қатар ұсақ саудамен айналысатын тәжірибелі адам ретінде қызмет етті. Кейде тіпті малын көбейтіп, жайып жүрген жайы да болды. М.Красовский былай деп жазды: «Егер сауда-саттықпен айналысуға мүмкіндік болса, молда, әрине мұны жасайды және ақ сәлдесін ықыласпен шешіп тастайды». (Машанов М.А., профессор Казанской духовной академии, миссионер. Доклад на съезде православных миссионеров 1905 год.) https://forum-eurasica.ru/topic/664-туран-и-пантюркизм/page/23/)
«Бұл, әрине отаршылардың ойындағысы емес еді. Генерал-губернатор Фон-Кауфман 1867-1881 жылдар аралығындағы Түркістан өлкесін басқару бойынша есебінде «қырғыз даласына қатысты біздің мемлекеттік саясатымыздың негізгі міндеттерімен келіспейтін жалпы мұсылмандық ағым мен ұмтылыстардың толып кетуінен қырғыз халқын қорғауды белсенді түрде қолдады».
Ал ХІХ ғасырдың орта тұсында патшаның қазақ исламиятына көзқарасы басқа деңгейге түседі. Бұл кездерде анықтап айтсақ, 60-жылдары патша әскері Қоқан ханын құлатып, Ташкент пен Бұқараны алып қаймағы бұзылмаған мұсылман елінің тізесін бүктірген еді. Діндес мұсылмандардың күшеюінен қорыққан патша бұл елді шоқындыруға ден қояды. Татарлардың басымдық алып, дала қазағының бұқар шапанын тастап, татар киімін киіп, қолына Құран ұстап мешітке баруы орыстарды сескендірді. Өйткені жергілікті халықтың патша күткендей «орыстануы» емес, «татарлануы» отаршылардың түпкі мүддесі емес-ті. Осыған орай тарих ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Ремнев былай дейді: «Поворотным пунктом в имперской политике в отношении ислама в казахской степи стала деятельность Степной комиссии 1865-1868 годов. В числе прочих вопросов на комиссию была возложена задача выяснения степени распространенности ислама у казахов, а также возможности их христианизации. Предшествующая политика заигрывания с мусульманством и использования татар как культурных посредников была признана ошибочной. Теперь предлагалось принять активные меры к охранению древних казахских верований, поскольку их можно будет заменить со временем христианством (1865-1868 жылдардағы Дала комиссиясының қызметі исламға байланысты қазақ даласындағы империялық саясаттың бетбұрысты жері болды. Басқа мәселелердің қатарында комиссияға қазақтар арасында исламның таралуы деңгейін анықтау, сондай-ақ оларды мүмкіндігінше шоқындыру міндеті жүктелді. Мұның алдындағы мұсылмандықпен ойнау және татарларды мәдени көпір ретінде пайдалану әрекеті саяси қателік болып мойындалды. Ендігі тұста қазақтардың ежелгі наным-сенімдерін қорғауға байланысты белсенді іс-шаралар қабылдану ұсынылды, себебі уақыт өте келе оны христиандықпен ауыстырып жіберуге болатын еді).
Осылайша, татар молдаларының ықпалымен белең алып бара жатқан дала қазағының ислам дініне қарсы қоюға орыс тілін, орыс мәдениеті мен православ дінін насихаттау идеясы жүзеге асырылды. ХІХ ғасырдың 80-90- жылдары аймақта Қырғыз православ миссиясы қызметі ұйымдастырылды. Оның мақсаты – исламға қарсы насихат. Тарихшы-ғалым Ремневтің мына сөздеріне тағы да бір назар аударайықшы: «1880-х годах степной генерал-губернатор Г.Колпаковский так оценивал современную ему ситуацию в казахской степи: «…Старые нравственные устои народной жизни расшатаны, а новых еще не создано, естественно, что народ ищет духовной опоры в религии и поэтому прислушивается к проповеди вероучения Магомета, распространяемой купцами татарами и бухарцами».
Ақырында 1905 жылы Дала губернаторының «Дала өлкесіндегі ислам жағдайы жөнінде» бұйрығы шығып, дін таратушы татарларды қазақ жеріне жолатпау жайлы шешім қабылданады. Бұл кезде, әрине ақын өмірден өткеніне бір жыл болған. Алайда осы қақтығыстар Абай өмірінің соңғы жылдарына, өлеңдерін жазып кемелденіп, айналасына шәкірттерін жинап қалыптасқан кезеңіне тап келді.
Келешегінен үміт күткен балаларын орыс оқу орындарына бергенімен, інісі Шәкәрімді Шығыс ілімінің ізіне салғанына қарап, білім алуда да, дін мәселесінде де ақынның жеке ұстанымы болғанын байқаймыз. Оның бір мысалын мына өлеңнен түюге болады:
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім.
Бұл махрүм қалмағыма кім жазалы,
Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім.
Адамның бір қызығы бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Шен алсын, шекпен кисін деп бермедім…
Қилы кезеңдегі жағдайға қысқаша шолу жасау арқылы, Абай өмір сүрген ортаның діни тартыстарын, осылайша көз алдымызға елестетуге тырыстық. Шындығында, заманынан озып туған, Абайға осындай соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, халқын соңынан ертіп, өзіндік жол табу мұраты тұрды.
Сол жолдың ақырына таяу өзінің қара сөзінде айтқанындай, «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік» деп, «енді қалған жасымда не қылмақпын?» деген сауалына өзі жауап береді. Ел-мал-бала, ғылым бағудан өзін азат етіп, «софылық қылып, дін бағудың» да реті жоғын айтып, «Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?» деп түсіндіреді. Ақырында өмірден түйгенін қағазға жазып, таңдауды оқырман еншісіне қалдырады.
Бұл ретте Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясын «Абай жолы» атауының да құпиясы ашылғандай болады. Күрделі өзгерістер мен қайшылықтар орын алған, бұрынғы құндылықтар мен қоғамдық құрылымдар құлап, жаңа тәртіп аяғынан тік тұра алмай шатқаяқтаған сәтінде дүниеге келген, сол кезеңнің ауыртпашылығын арқалап жүріп кемелденіп өскен, хакім дәрежесіне көтеріліп, халықтың маңдайалды ұлына айналған Абай Құнанбайұлы шынымен де рухани қазығын айнымай тауып, өз жолының жауһарын жазып кетіпті.
Г.Колпаковский айтқан «Старые нравственные устои народной жизни», яғни, «халық өмірінің көне құндылық негіздері дегені не еді? Исламның тағы бір құндылықтарын қырға алып келген кімдер еді?» деген сұрақтың жауабын да қарастыруымыз керек.
Жалпы, бүгінгі қазақ деп кең өлкені жайлап отырған елде ислам тарихының өзіндік тарихы мен дәстүрі бар. Тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы «749 жылы Орта Азияда арабтардың Омея хандығы құлап, оның орнына жаңадан Аббасидтер хандығы құрылды. Бұл хандық Орта Азияның оңтүстік бөлігін тездетіп өз ықпалына алуға ұмтылды. Арабтардың бұлайша күшеюі бұл аймақта Екінші Түркі қағанатының ықпалының жоғалуына байланысты болды. 745 жылы Екінші Түркі қағанаты құлағаннан кейін, Ашына түріктерінің бұл жерлерге орнатқан бақылауы жойылды. Осы сәтті пайдаланып аймақта өз үстемдігін орнатуды көздеген Араб, Түбіт (Тибет) және Таң жаулаушылары бір-бірімен бәсекелесе, жанталаса қимылдады» деп ерте тарихтан хабардар етеді.
Қазақ сахарасына ислам осы арабтардың Түркі қағанатымен бірлесе отырып, Таң империясын жеңгеннен кейін келді. Дін есігін аша келген Бабтардың ықпалымен ислам өркениеті өркендеп, орта ғасырда Ясауи, Бақырғани секілді сопылардың жаңа демімен гүлденіп, қазақтың хандық құрылымында айтулы орын алды. Сол дін тұтастығын айтқан Құнанбайдың Меккеге қажылыққа барғандағы сөзі көп айтылады. Ол Мәшһүр Жүсіптің 1928 жылғы жазбасынан бізге жетті. «Біз мәскүп-сәскүбіңді де білмейміз, Бұқар тіл-сүқардікін де білмейміз, тіріміздің билігі алдияр ұранды төреде, өліміздің билігі Алда ұранды қожада, жайылуы мал сықылды, жусауы аң сықылды бетімен өскен қазақ деген жұрт боламыз», – депті. «Қазақ дегенде жұрт болады екен-ау!» деп аң-таң қалысыпты. Тарих ақтарып, шежіре қаратыпты, таба алмапты. Көпте не жоқ, бір бурыл бас сөйлепті: – «Бұл тарих табылса, Бағдат шәрифте Имам Ағзам кітапханасы деген үй бар, жау таламаған, ешқайда шашылып бытырамаған, табылса, сонан табылады» деген соң Бағдат шәрифке желмая мінгізіп, кісі жіберіпті. Бұлар өз ортасынан Кіші жүзде Досжан халфені жіберіпті. Барған кісілер: «Табылды, қазақ деген жұрт Әнес сақабадан өсіп-өніп, өрбіген екен» деп нұсқа көшіріп алып келіп, сонан кейін бұл 120 кісі ортасынан расход шығарып, «Қазақ тәкиесі» деген тәкие салдырып, ол үйді Құнанбай атына жаздырып, «Мұнан былай қазақтан келген қажы осында түсетұғын болсын» деп сонан былай қазақ та ел-жұрт, пұсырман екені әйгіленген».
Қазақ жеріне ислам аша келгендерді қазақтар, арабша есік деген мағына беретін Бабтар деп атады, кесенелері Қаратауда тұр. Күні бүгінге дейін өлісінің билігі қолында болған қожалардың дені осы өңірде, Түркістан мен Сыр бойында жасаған. Олардың Тобықты ортасына қалай келгені туралы біржақты мәлімет жоқ.
Марқұм Бекен Исабаев шежірешінің айтуынша: «Біздің үлкендерде қожа аталарына Кеңгірбай би: Менің елім надан. Сақал-мұртын баса бермейді. Киімді олпы-солпы киеді. Арам өліп қалған малды «сенің өлгенің жаңа, менің көргенім жаңа» деп жей береді. Малдың бауыздаған қанын да қуырып жейді. Сіз бізге ұстаз болыңыз, біз мүридіңіз болайық!» деп ертіп келіп, қожалар содан қалыпты деген сөз бар. Біреулер Бердіхан қожаға бұл сөзді Құнанбай айтып, Түркістаннан Қожаны сол кісі әкелді» дейді. Енді бір дереккөзінде «Шыңғыстауға Қожаларды Кеңгірбай би әкелді деген нұсқаны» айтады. Оған дәлел келтіріп, тобықтылар – мұсылман дініне Әнет бабаңнан бастап айрықша бой ұрған жұрт. Сондықтан да Тобықты басшылары Қараменде, Кеңгірбай Төреден Абылайға бейім, Қожаларда Бақшайысты пір тұтқан», – дейді. Қаратаулық қожаларды Ақтайлақ бидің алып келгені де айтылады.
М.Әуезовтің өзі туралы жазған естелігінде «Тобықты іші ертеден соншалық діндар, соншалық надан да ел болмаған сияқты. Ӏшінен Құнанбай, Абай сияқты кісілер шыққан соң бос фанатизм, қараңғы наным азайып, ақылға бой ұрғыш, көзі ашықтау ел сияқты болғанға ұқсайды. Сондықтан бұл елдегі қожа да көптің ауқымына түсіп, бұрынғы атакәсібінен жаңылып кеткен сияқты. Менің үлкен әкем 1918 жылы өтті. Өз әкем 1909 жылы өтіп еді. Бұлардың ішінде қайсысында да діндарлық, сопылық сияқты ерекше белгісі жоқ, қайта әр нәрсеге Абай үлгісімен, ақылымен қарауға тырысушы еді. Абайдың сондай ұстаздық, үгітшілік әсерін мен кішкентай бала кезімнен өз әкелерімнің қалпынан да анық көруіме болушы еді» деп жазады. Дегенмен сар даланың көнесін, Абай заманының сарқыншағын көріп қалған жазушы: «Осы күні көп жұрттың қолжаулық қылып жүрген «қожалығын» мен он жастың шамасына келгенімде ғана көрдім. Бір жылы күздігүні ауылымызға біздің қожалардың Сыбан ішіндегі бір ағайындары екі қожа келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ ауылымызға бір суық жат тәртіп ала келгендей болды. Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем бергізіп кіргізіп, жалаңаяқ кіргізбей, кемпір-шешеміз батасын ал деп, алдарында болымсыз қызмет істетіп, солар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде өз ауылымызға келіп-кетіп жататын қонақтардың ішінде солар сияқты ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи Құран зулатады. Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырғалаңдап жүрсек те таңертеңгі намазда қолдарына ұзын-ұзын тасбих алып, «зікір» салған уақыттарында ылғи есіктен қарап, қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Солардан соң толық қожаны көрген емеспіз».
Бала Мұхтардың есінде қалған бұл мезет дала исламының бір белгісінен хабар береді. Бәлкім, алдыңғы тарауда айтылған, діндегі түрлі қысымдардан кейін ескі бұлақ суалып қалған да болар, бірақ Абай да оның әкесі де заманында осы қайнардан керегінше сусындағаны анық. Қалай болғанда да Тобықты елінде тұрақтап қалған қожалардың үлкен аталығы Хазірет Камаладдин шайх-Бақсайыс бабаның ұрпақтары. Қожалардың насабнамасы бойынша, (оның бірі Әуез атасының қолында болғанын, кейіннен оның өртеніп кеткенін Мұхтар Омарханұлы да өз өмірбаянында растайды) ол – сопылық ағымның ірі өкілі. Хазірет Камаладдин шайхтың даңқы «Бақсайыс әулие» деген атпен қазақ арасына ғана емес, бүкіл Орталық Азияға кеңінен жайылды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қожа нәсілінен, оның ішінде дәл осы Бақсайыс табынан шыққан.
Дегенмен бұл қаратаулық қожалардың ықпалы кем болды деген сөз емес. Татарлану мен шоқындыру саясатының арасында қыстырыла жүріп, шама-шарқынша қазақтың өлісінің де тірісінің де мұсылман жолымен жүруіне атсалысқанын жоққа шығара алмаймыз. Оларды ислам тарихынан іздегенде, алдымыздан Ясауи, сопы Аллаяр, Бақырғани деген есімдер шығады.
Рас, бұлар сопылық ілімінің «әрифтері» (ойшылдары) еді. Орта ғасырдан бері келе жатқан Түркістан өлкесінің асыл ділі, ақ жолы еді. Өзбек шығыстанушысы Бахтияр Бабаджановтың пікіріне сүйенсек: «Исторически сложилось так, что в этом регионе суфии часто брали на себя миссию идеологов многовекового и сложнейшего процеса исламизации местного населения, затем становясь основными носителями и толкователями мусульманских законов и обрядов для большей части населения региона и, в особенности, для простых людей, среди которых суфийский шайх всегда оставался самым респектабельным лицом… В годы русской колонизации суфийские шайхи не раз становились идеологами и вдохновителями антиколониальных выступлений, которые чаще всего проходили под знаменем газавата (борьбы за веру)».
Бұл жағдай Мұхтар Әуезов өмір сүрген Кеңес заманында да орын алады. Алғашқы ұлт-азаттық көтерілістер, Кеңеске қарсы қозғалыстардың басында дін басшылары ишандар жүрді. Бұл сопылық құрылыммен «мүршид-мурид» (ұстаз-шәкірт) болып қалыптасқан ұйым еді. Сол себепті де патша өкіметі кезінде де, Кеңес үкіметін орнатуда да соққы алдымен дінбасыларына бағышталды. Егер Мұхтар Омарханұлы отаршылдарға қырын келіп тұрған ескілік жолдан саналы түрде бас тартпаса, Абайдың мұрасын да, өзінің басын да қатерге тігерін біліп айтып отырғанын түсінуіміз қажет.
Бұл дегеніміз Абайдың сопылық іліммен хабары болмады деген сөз емес. Бүгінгі қара сөздері деп айтылып жүрген еңбегінің өзі үш кітаптан – «китабин ахилы» («Ғақлия» ақыл кітабы), «Китап тасдиқ» (иман кітабы), насихат, «Сократ хакімнің кітабы» деп аталатын үш бөлімнен тұрады. Оны кезінде баспаға берушілер заман ағымына қарай Абайдың қара сөздері деп жалпылама атпен жариялап жіберген. Ол туралы айтқан шығыстанушы ғалым Төрәлі Қыдыр Абай қолжазбаларының текстологиясын зерттеп, оның шығыстық белгілерін тануда айтарлықтай үлес қосты. Бұл еңбектер Абайдың хакімдігінен, «жүрегінің перзенттері» халқына қалдырған ойшылдың өсиеті деп ұғынуымыз тиіс.
Амангелді
КЕҢШІЛІКҰЛЫ