Қазақ тілі жайында 30 қызықты дерек
1. Қазақ тілі түркі тілдерінің тобына кіреді, ал оның ішінде ноғай және қарақалпақ тілдерімен бірге қыпшақ-ноғай тармағына жатады.
2. Қазақ тілі ғарышта болып қайтқан тұңғыш тіл деуге келеді. Белка мен Стрелка ұшқан «Спутник-5» ғарыш кемесіне тіркелген мағлұматтар пакетінде орыс және қазақ тілдерінде жазылған ескерту бар: «Жолдастар! Мына пакеттi кiм тапса, жақын жердегi жергiлiктi советке табыс етiлciн!».
3. Қазақ тілін ана тілі санайтын адам саны қазіргі таңда – 11 миллион.
4. Тәуелсіз Қазақстанмен қатар, қазақ тілі Ресей Федерациясы құрамындағы Алтай Республикасының мемлекеттік тілдер құрамына енеді.
5. Қазақ тілі ертеде руналық жазумен танылса, кейінірек араб әліпбиіне ауысып, ол 1929 жылға дейін қолданыста болған. 1929-1940 жылдар аралығында – латын графикасы, ал 1940 жылдан бүгінгі күнге дейін кириллица пайдаланылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, «Қазақстан-2050» стратегиясында 2025 жылда тілімізді латын қарпіне көшіру қолға алынған.
6. Қазақ тілінің тек өзіне тән 9 әрпі бар: ә, ғ, қ, ң, ө, ұ, ү, h, і.
7. Деректер бойынша, бүгінгі таңда қазақ тілінде 15 миллионнан астам адам сөйлейді. Олардың 88%-ы қазақ ұлты өкілдері болса, қалған 12%-ы – өзге ұлт өкілдері.
8. Қазақ тілі мен француз тілі өзара бір ортақ қағидамен бөліседі: сөз екпіні көбінесе соңғы буынға түседі. Бұл ережеге бағынбайтын дербес жағдайлар: жіктік жалғауы, болымсыз етістік жұрнағы, бұйрық райдың «-шы», «-ші» қосымшалары, шылаулар, көмекші сөздер.
9. Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең байы саналады, һәм оның сөздік қорында 160’000-нан астам сөз есептелген. Жер беті сөйлейтін ағылшын тіліндегі сөз саны – 1 миллион.
10. Қазақ тіліндегі ең ұзақ сөз – 33 әрпі бар «қанағаттандырылмағандықтарыңыздан» сөзі, ал ең қысқа өзіндік мағынаға ие сөз – «у».
11. Қазақстандағы оқушылардың 70%-ы қазақ мектептерінде оқиды.
12. Қазақ тілі – интернет кеңістігіндегі контент көлемі бойынша 57-орында тұрған тіл.
13. Қазақ тіліндегі Уикипедия уики-тілдерінің ішінде мақала көлемі бойынша 32-орынға жайғасқан.
14. Қазақ тілі – 500 млн қолданушысы бар Google Translate автоматты аударма қызметіне қосылған 82-тіл.
15. «Ң» әрпінен басталатын жалғыз, бірақ әдеби нормаға әзірше енбеген сөз – «ңөң» («мұзтау», «айсберг» сөздерінің синонимі). Ресми қолданысқа түскен жазба – есімі көпшілікке аян сатирик Оспанхан Әубәкіровтің «Ңөң» өлеңі.
16. Орыс тіліндегі «деньги» («ақша») сөзі қазақ және басқа да түркі тілдеріндегі «теңге» сөзінен шыққан.
17. Кеңінен қолданылып жүрген қазақ кириллицасының негізін қалаған Сәрсен Аманжолұлының пікірінше, қазақ тілін үш негізгі диалектіге бөліп қарастыруға болады: батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік.
18. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін алғашқы құрған ғалым – «Алаш» қозғалысының көрнекті қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы.
19. Қазақ тілі – түркі тілдері ішіндегі сөздік қоры ең үлкен тіл ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең таза тілдердің бірі: сөздік қорының 60%-ын түркілік түбірлі сөздер құрайды.
20. Кірме сөздерге тоқталатын болсақ, қазақ тілінде 3000-ға жақын арабизм бар.
21. Ағылшын қаламгері Уильям Шекспирдің «сөздігінде» – 15000-ға таман сөз, орыс әдебиетшісі Александр Пушкиннің «сөздігінде» 21000-дай сөз болса, қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің тек қана «Абай жолында» 17000 әртүрлі сөз есептеліп отыр.
22. 1807 жылы қазақ тілінде басылып шыққан тұңғыш кітап – «Сейфіл-Мәлік» поэмасы.
23. Абай Құнанбайұлы араб әріптерімен жазса, Ахмет Байтұрсынұлы қолданысқа төте жазуды енгізген.
24. Грамматикадағы сандарға келсек, қазақ тілінде 9 сөз табы, 7 септік және етістіктің 8 шағы бар.
25. Қазақ тілінде ер адамның жасын білдіретін 15-тен астам сөз бар: шақалақ (жаңа туған бала), шарана (40 күнге дейін), нәресте (1 жасқа дейін), бөбек (1-ден 2 жасқа дейін), сәби (2 жас), бүлдіршін (2-ден 3 жасқа дейін), балдырған (3-тен 5 жасқа дейін), ойын баласы (8-ден 12 жасқа дейін), сығыр (12-ден 15 жасқа дейін), ересек бала (15-тен 16 жасқа дейін), бозбала (16-дан 19 жасқа дейін), жасжігіт (20-дан 30 жасқа дейін), құржігіт (30-дан 40 жасқа дейін), ер түлегі (40-тан 50 жасқа дейін), жігіт ағасы (50-ден 60 жасқа дейін).
26. Қазақ тіліндегі «бәсе», «айналайын» және т.б. сөздерді көптеген шет тілдеріне тікелей аудару мүмкін емес.
27. «Айналайын» одағайы – үлкен кісінің өзінен кіші адамды жақсы көргенде айтатын экспрессивті сөзі яки жалпы еркелету, адамның көңіл күйін білдіретін «қарағым», «қалқам» мәніндегі қаратпа атауыш. Бұл сөздің шығу тегіне байланысты бірнеше теориялар бар: біреулер «құрбаныңа айналайын» дегеннен шықты десе, енді біреулер «әрқашан қасыңнан табылайын», «маңайыңда айналып жүрейін» деген түсініктерді негізге алады. Не де болса, сөздің мағынасы, күмән жоқ, терең, естілуі әрқашан да жылы.
28. Қазақстан Республикасы азаматтарының халықаралық төлқұжаттары – қазақ және ағылшын тілдерінде.
29. 2006 жылы қазақ тілін білу деңгейін бағалайтын «ҚАЗТЕСТ» жүйесі енгізілген болатын.
30. Қазақ тілінде, басқа да түркі тілдеріндегідей, етістік жалпы жағдайда сөйлем соңында келеді.
Ашық дерек көздерінен