Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Банк шоты бұғатталған жағдайда не істеу керек?

Банк шоты бұғатталған жағдайда не істеу керек?

Банк картасында сіздің жеке деректеріңіз, соның ішінде карта нөмірі, жарамдылық мерзімі және CVV код туралы мәлімет бар. Жалпы алғанда, банк картасын қорғау қаржылық қауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алудың ажырамас бөлігі десек артық болмас. Сақтық шараларын қолдану және қауіпсіздік ережелерін сақтау қаржыңызды және жеке деректеріңізді дер кезінде қорғауға көмектеседі. Банк картасының бұғатталуы, есепшотты қолдануға қойылған шектеуді алуға қатысты заңгердің кеңесін және банк картасына қатысты бірқатар лайфхактарды назарларыңызға ұсынамыз.
Банк картасын не себепті бұғаттайды?
Банк картасын бұғаттау-бұл жоғалған, ұрланған, рұқсат етілмеген операцияларға күдік туындаған немесе картаны пайдалануды уақытша тоқтата тұру қажет жағдайларда қабылдануы мүмкін іс-шара. Бұғатталудың бірнеше себебіне тоқталып өтейік.
Ең бірінші себеп - ақшаны қолма-қол шығару кезінде банкоматта ПИН-кодты үш рет қате теру. Құпия санын ұмытып, қайта-қайта баса беретіндер картаның бұғатталуы мүмкін екенінен мүлдем хабарсыз болуы мүмкін.Пин-код үш рет қате терілгенде банк бұл әрекетке күдікпен қарап, алаяқтардан сақтану үшін автоматты түрде блок қояды. Кейбір банктер бір тәуліктен кейін картаны қайта іске қосса, кейбірі телефоныңызға SMS-хабарлама жібереді. Банкке хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрауға болады.
Банк картасы жарамдылық мерзімі аяқталғанда да бұғатталады. Ал жарамдылық мерзімі аяқталған картадан ақша шығару мүмкін болмайды. Жаңа карта жасату үшін банк бөлімшесіне бару керек.
Бұғаттаудың тағы бір себебі – алаяқтық. Картадан ақша ұрлануының алдын алу үшін банк картаны бірден блоктайды. Мысалы, ірі көлемдегі ақшаны бірнеше рет біреуге аудармақ болғанда немесе шетелде өте үлкен сомада ақша шығармақ болғанда бұғаттайды. Соңғы уақытта банктен хабарласып, картаның CVV-кодын сұрап, өз шотына ақша аударуға тырысатын алаяқтық әрекеттер көбейген. Сондықтан банктегі менеджермін деп айтса да, құпия сөз бен кодты айтпас бұрын мәселенің анық-қанығына көз жеткізіңіз.
Банк Қазақстан Республикасының "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" заңына қарсы келетін күмәнді әрекеттерді байқағанда картаны бірден бұғаттайды. Қылмыстық жолмен алынған кіріс екені және терроризмді қаржыландырып, қылмысқа бағытталғаны анықталғанда есепшот бірден блокке түседі. Шотты қайта ашу үшін банк бөлімшесіне барып, қандай төлем жасағыңыз келгенін және мақсатыңыз қандай екенін айтып, түсіндіру керек. Әйтпегенде, банк сізді заң бұзушы клиенттердің «қара тізіміне» қосып қояды.
Банк картасын мобайл қосымша арқылы бұғаттауға болады. Кейде картамызды бір жерде жоғалтып не түсіріп алғанымызды байқамай қаламыз. Ал картамен кез келген дүкенде есеп айырысып, пин-кодсыз-ақ төлем жасауға болады. Банктің мобайл қосымшасына төлем жасалғаны туралы хабарлама келгенде, дереу картаны бұғаттаған жөн. Содан кейін жаңа картаға тапсырыс беріп, пайдалана аласыз. Ал оған дейін сақтық үшін бұғаттаудан басқа амал қалмайды.
Кей жағдайда банкомат картаны жұтып қояды. Мұндай жағдайда cancel батырмасын бірнеше секунд басып тұрсаңыз, банкомат картаңызды қайтарады. Ал карта шықпаған жағдайда бірден банкке хабарласыңыз. Айта кету керек, техникалық ақаудан cancel батырмасын басқан кезде шықпаған карта, сіз кетіп қалған соң шығуы әбден мүмкін. Сондықтан карта қолыңызда болмаса бірден мобайл қолданба арқылы бұғаттап тастаңыз.
Бұғатталған есепшотты қалай шешу керек?
Банкке немесе мемлекетке салық қарызы бар азаматтардың есепшоттарды блокқа түсіп қалады. Банк шотындағы ақшаны қолдануға тыйым салынып, шектеу қойылғанда не істеу керек? Заңгер Агиис Орынбасарова банк картасын бұғаттан шығару үшін қандай амалдар жасау керегін амалдарды түсіндірді.
Қазір қазақстандықтардың басым бөлігінің шағын несиесі бар. Микрокаржы ұйымдарынан алған қарызды және пайызды уақтылы төлеу әркімнің қолынан келе бермейді. Көбіне қарыздың төлеу мерзімі өтіп, кешіктіріп төлеуге тура келеді. Міне, сондайда есепшоттағы ақша бұғатталады. Мұндайда қолма-қол ақша шығару да, онлайн төлем жасау да мүмкін болмайды. Банк есепшотты белгілі бір түріне қарай бұғаттайды. Мысалы, арнайы ашылған әлеуметтік төлем мен мемлекеттен жәрдемақы, алимент алатын шоттарды заң жүзінде бұғаттауға тиым салынған. Ал жалақы түсетін картаға мұндай жеңілдік қарастырылмағандықтан, берешегіңіз өтелгенше автоматты түрде блокқа түседі.
Заңгер Агиис Орынбасарованың айтуынша, мерзімі өткеннен кейін микроқаржы ұйымы өзінің мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында атқарушы жазба шығару үшін нотариусқа жүгіне алады. Сондай-ақ ол өзі жүргізетін Instagram-дағы zanmen.kz парақшасына жазып, есепшотты ашуға көмек сұрайтындар көп екенін тілге тиек етті.
Банк шоты бұғатталған жағдайда не істеу керек?
Көбінесе борышкерлер өздеріне қатысты атқарушы жазбасы берілгенін білмейді, бұл туралы атқарушылық іс қозғалып, жеке сот орындаушысы есепшотқа тыйым салған соң ғана біледі. Ең алдымен негізгі атқарушы жазбаны алу керек. «Атқарушылық іс жүргізу туралы» Заңның 16-бабында былай делінген: Атқарушылық іс жүргізудің тараптары атқарушылық іс жүргізу материалдарымен, оның ішінде электрондық нысанда танысуға құқылы. Сізге қатысты іс қозғаған жеке сот орындаушысынан атқару парағын алуға құқығыңыз бар, - деп түсіндірді заңгер.
Екіншіден, атқарушылық жазбаға қарсылықты дайындау керек. «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 92-8-бабына сәйкес нотариус көрсетілген талапқа қарсылық келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқару парағының күшін жою туралы шешім шығарады. Бұл жерде сіз қарсылықта нені көрсету керектігін анықтауыңыз керек? Қарсылықта қарыз сомасымен келіспеу себептерін көрсету маңызды.
Негізінен көптеген микро қаржы ұйымдары борышкердің берешек сомасын жазбаша мойындауын алмай (өндіріп алушы мен борышкер қол қойған және мөрлермен бекітілген есептерді салыстыру актісі (олар болған жағдайда), борышкер ақшалай қаражатты төлеу жөніндегі міндеттемені, акцептелген төлем талабын немесе заң талаптарына сәйкес ресімделген өзге де құжатты мойындайтын шағымға жауап береді. Егер сізге қарсылықты дайындау қиын болса, білікті көмек алу үшін адвокатқа хабарласуға кеңес беремін, - дейді заңгер.
Үшінші қадам – нотариусқа қарсылық жіберу. Ол үшін мына қадамдарды жасаймыз:
Еnis.kz сайтына кіріп, нотариустар тізімін қараңыз. Атқарушы жазбадан нотариустың қай облыстан екенін анықтап, сол аймақты таңдаңыз. Толық аты-жөні бойынша нотариус деректерін іздеңіз.
Қарсылықты жіберген күннен бастап 3 жұмыс күнін күтеміз. 3 жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаның күшін жою туралы шешім шығады. Сол жауап поштаға келуі тиіс.
Бұл жауап кейіннен атқарушылық іс жүргізуді тоқтату үшін жеке сот орындаушысына жіберіледі.
Сізге қатысты атқарушылық жазба берілгенін банк шоттары бұғатталмас бұрын хабардар болу үшін enis.kz сайты арқылы өзіңізді жиі тексеріп тұруға кеңес беремін. Ол үшін сайтқа өтіп, қызметті таңдаңыз, содан кейін атқарушы жазбаларды тексересіз. Пайда болған терезеде ЖСН мәліметтерін енгізіп, сізге қатысты қандай атқарушылық жазбалар жіберілгенін көре аласыз, - дейді Агиис Орыбасарова.
Банк картасына қатысты лайфхактар
Міне, банк картасын қауіпсіз пайдалану үшін пайдалы болуы мүмкін бірнеше лайфхак:
SMS хабарлама функциясын іске қосыңыз: Көптеген банктер сіздің картаңызбен жасалған әрбір транзакция туралы хабарлама жіберетін SMS хабарлама қызметін ұсынады. Бұл кез келген күдікті әрекетті тез байқауға және уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді.
PIN кодыңызды қорғаңыз: Ешқашан ПИН-кодты бөтен біреуге, тіпті банк қызметкерлеріне немесе өздерін банк өкілдері деп санайтын басқа адамдарға жария етпеңіз. ПИН-кодты картаның өзіне немесе оңай қол жетімді жерге жазбаңыз.
Сенімді төлем арналарын пайдаланыңыз: Онлайн төлемдер жасағанда немесе онлайн сатып алғанда, сенімді және қауіпсіз төлем арналарын пайдаланғаныңызға көз жеткізіңіз. Веб-сайттың қауіпсіз байланысы (HTTPS) бар екенін және қауіпсіз төлем әдістерін қабылдайтынын тексеріңіз.
Бейтаныс сайттарда картаны пайдалануды шектеңіз: Егер сіз бейтаныс сайттан онлайн сатып алсаңыз, виртуалды несие картасын немесе бір реттік виртуалды карта нөмірін пайдалануды қарастырыңыз. Бұл сіздің негізгі карта деректеріңіздің таралып кету ықтимал қаупін шектеуге мүмкіндік береді.
Есептер мен транзакцияларды тексеру: Кез келген күдікті әрекетті немесе рұқсат етілмеген транзакцияларды анықтау үшін банктік үзінділер мен операцияларды үнемі тексеріп отырыңыз. Біртүрлі нәрсені байқасаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.
Банктің мобайл қосымшасын орнатыңыз: Көптеген банктер карталарды басқаруға, теңгерімді тексеруге, хабарландыруларды тексеруге және транзакцияларды бақылауға мүмкіндік беретін мобайл қосымшаларын жасаған. Бұл сіздің картаңыздың белсенділігін жылдам бақылаудың ыңғайлы әдісі.
Бұғаттау және өшіру механизмдерін қолданыңыз: Егер сіз картаны уақытша пайдаланбайтын болсаңыз, оны банктің мобильді қосымшасы арқылы уақытша бұғаттауға немесе өшіруге болады. Бұл карта жоғалған немесе ұрланған жағдайда рұқсат етілмеген транзакциялардың алдын алуға көмектеседі.
Банкоматтарды пайдаланған кезде сақ болыңыз: Банкоматтарды пайдаланған кезде қауіпсіз орындарды таңдаңыз, ПИН-кодты енгізген кезде пернетақтаны қолыңызбен жабыңыз және әрқашан құрылғыда күдікті компоненттер немесе скиммерлер бар-жоғын тексеріңіз.
Бұл лайфхактар банк картаңызды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге көмектеседі. Дегенмен, қауіпсіздікті сақтау өзіңізге жүктелген жауапкершілік екенін естен шығармаған абзал. Қаржылық деректеріңізді қорғау үшін барлық қажетті сақтық шараларын қабылдау маңызды.
13 маусым 2023 ж. 175 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930