Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
Бүгін қазақ халқының даму әлеуетін ондаған жылдарға кешеуілдетіп, адами капиталын орны толмас шығынға ұшыратқан ХХ ғасырдағы саяси нәубеттердің құрбандарын еске алу күні, деп хабарлайды inform.kz.
Бұл дата 1920 жылдан басталып, 1987 жылға дейін толқын-толқынмен жалғасқан саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын еске алуға арналған. Ресми тарих дәл осы кезеңде қазақ халқының бас көтерер асыл перзенттері де, қарапайым қауымы да саяси қуғын-сүргін машинасының бүкіл азабы мен ауыртпалығын бастан өткерді деп есептейді.
Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы Заң алғаш рет 1993 жылдың 14 сәуірінде қабылданған болатын. Содан бергі 30 жылдың ішінде құжат 7 рет жаңартылыпты. Соңғы жаңарту 2023 жылдың 19 сәуірінде қабылданған. _
Ол редакция 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытындысынан кейін қабылданатыны айтылған еді.