Аз қамтылған отбасыларға арналған ипотекалық бағдарламаларды жетілдіру ұсынылды
Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева табысы аз отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды egemen.kz
«Елде әлеуметтік мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламалардың бар екені белгілі. Алайда, оларды іске асыру көптеген себеп бойынша қиын өтеді. Яғни кезекте ұзақ тұру, оның жылдар бойы жылжымауы, қаржыландырудың шектелуіне, салынып жатқан тұрғын үйдің жетіспеуіне қатысты мәселелер бар», деді Гаухар Танашева Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 2019 жылдан 2022 жыл аралығында 14 938 несие, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 2020 жылдан 2022 жыл аралығында 19 394 несие берілген. Елімізде халық санының қарқынды өсуі жағдайында несие бөлудің бұл көрсеткіштері өте төмен.
«2023 жылға «Бақытты отбасы» бағдарламасына 3176 өтінішке, «Шаңырақ» бағдарламасына 3610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінді. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биыл тек 6 786 өтініші мақұлданады деген сөз. Бұл тек 1,6 пайызын ғана құрап отыр. Халықтың әлеуметтік осал санаттарын тиісті баспанамен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы ипотекалық бағдарламаларды қайта қарау қажет», деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны міндетті шарттардан алып тастау керек немесе үш санатқа (көпбалалы, толық емес отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға) тұрғын үй сертификатын беруді қамтамасыз ету қажет. Бастапқы жарнаны төлемей, баспана алудың баламалы тетіктерін енгізуді қарастыру маңызды.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отбасыларды қосу керек. Ипотекалық несие беру шарттарын қайта қарап, аталған санаттағы отбасылар үшін тиісті жағдай жасау маңызды», деді Танашева.