Қойылым сәтті сахналанды
Ерекше білім беруді қажет ететін сыныптар арасында ұйымдастырылған апталық аясында бастауыш сынып мұғалімдері Күлзада Бегімбаева мен Сәулеш Күзенбаеваның жетекшілігімен түзету сыныбының тәрбиеленушілері «Жыл басы» ертегісін сахналады. Қойылым барысында балалар түрлі жануарлардың киімін киіп, солардың образында өнер көрсетті.
Сондай-ақ өздері сомдаған ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлқын жеткізуге барынша күш салып, болмысын ашып көрсетуге тырысты. Балалар өздерінің ерекшелігіне қарамастан өздеріне артылған жауапкершілікті сезініп, ертегінің мазмұнынын толыққанды түсініп, көпшілікке ұсына алды. Ал қойылымды тамашалаған мұғалімдер мен ата-аналар балалардың шығармашылығына риза болды.
Одан соң, балалардың танымдық қабілетін арттыруды көздеген жеке және топтық жұмыстар жүргізілді. Онда балалар «Көңілді би», «Жануарлар терісін тап», «Жануарлар қайда өмір сүреді?» сынды тапсырмаларды орындады. Апталық соңында шараға қатысып, ерекше белсенділік танытқан оқушылар арнайы алғыс хатпен марапатталып, сыйлыққа ие болды.
Күлзада ЕРМЕКБАЙҚЫЗЫ,
Ж. Жабаев атындағы №234 орта
мектебінің мұғалімі