Қазақстанда жыл сайын 400 мыңнан астам нәресте дүниеге келеді

«Балалардың денсаулығын сақтау және нығайту маңызды бағыттардың бірі саналады. Бүгінде елімізде 6,6 миллионнан астам бала тұрады. Соңғы 5 жылда балалар саны 800 мыңға көбейді. Жыл сайын елде 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Бұл – өте жақсы демографиялық көрсеткіш», – деді Мағрипа Ембергенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Оның айтуынша, елімізде 5 мыңнан астам денсаулық сақтау нысаны балаларға амбулаториялық көмек көрсетеді.
«Бұдан бөлек, балаларға стационарлық көмек көрсететін 14 мыңнан астам төсек-орын ашылды. Балаларға медициналық көмек көрсету жүктілік кезеңнен басталады. Мәселен, жыл сайын елімізде 500 мың жүкті әйел халықаралық стандартқа сай барлық скрининг пен тексерулерден өтеді», - деп баяндады Мағрипа Ембергенова.
Қоса кетсек, аталған брифингіге қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен ел аумағында балалар құқығы жөніндегі бірыңғай орталық орган құруды ұсынды.