Қызылорданың бас тәртіп сақшысы Қазалы аудандық полиция бөлімінің жұмысымен танысты
Қызылорда облысының әкімінің бастамасымен бүгін Арал ауданында өткен шара Қазалы ауданында жалғасты. Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы Қазалы өңірінің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға түрлі түйіткілдерімен бірқатар азаматтар келді. Полиция департаментінің бастығына арыз-шағымдарын тікелей бетпе-бет жеткізуге мүмкіндік алғандар өздерінің жеке мәселелерін жеткізді.
Әр түрлі себептермен қиын жағдайда тап болғандар жәрдем сұрады, кеңес алды. Кейбір азаматтардың мәселелері сол мезетте шешіліп жатса, тағы бірі арыз жазып, өтінім хат қалдырды. Шешімі уақытты қажет ететіндерін бақылауға алып, ал орындалуы заңға қайшы талап иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жалпы, бүгінгі Полиция департаменті бастығының жеке қабылдауына 11 аудан тұрғыны алдын ала жазылған болатын. Мәселен, Әйтеке би кентінің тұрғыны жұбайының шетел автокөлігін заңдастыру мәселесімен жүгінді. Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы шетел автокөлігін заңдастыруды «Электронды өтініш» порталы арқылы немесе Арнайы авто халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуге болатындығын, сонымен қатар, көлікті есептен шығарып, есептен шыққан соң Қазақстанда есепке қоюға болатындығын жіті түсіндіріп берді.
Жалпы, жеке қабылдауда департамент бастығы көтерілген мәселелер заң тәртібімен және кезең - кезеңімен шешілетініне ден қойып, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар Махсудхан Нұғманұлы Қазалы ауданына жұмыс сапары барысында аудандық полиция бөлімінде болып, жұмыс барысымен танысты.
Полиция департаментінің бастығы полиция бөлімінің негізгі қызметін бақылаумен қатар, ондағы қызметкерлермен жеке кездесіп, өзекті мәселелерін талқылады. Аудандық полиция бөлімінің ғимаратында болып, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, полиция қызметкерлерінің халыққа мейлінше жақын болуы мен учаскелік инспекторлардың тұрғындармен ашық диалог құра білу қажеттілігіне тоқталды.
Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлы ІІМ-де жүзеге асырылып жатқан жобалар, атап айтқанда жұмыстың сервистік моделі, “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы және “қолжетімді полиция” қағидаты, цифрландыру мәселелерін тілге тиек етті.