Прокурорлар теміржол билетінің құнын төмендетуге қол жеткізді
Қазақстанның Бас көлік прокуратурасы теміржол билеттерінің құнын төмендетуге қол жеткізді, деп хабарлайды baq.kz.
Бас көлік прокуратурасы жоспарлы талдау шеңберінде көлік саласындағы уәкілетті органның «Әлеуметтік маңызы бар қатынастар бойынша жолаушыларды тасымалдау жөніндегі қызметтерге бағалардың (тарифтердің) шекті деңгейлерін айқындау әдістемесін бекіту туралы» бұйрығын зерделеді.
Әдістемеге динамикалық баға белгілеу принципі бойынша жол жүру құнын анықтау формуласы заңсыз енгізілгені анықталды, бұл іс жүзінде жол жүру құжат бағасының қымбаттауына мүмкіндік берген.
Осы нормативтік актіге биыл 21 ақпанда Бас көлік прокуратурасымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне наразылық келтірілді, ол толық көлемде қанағаттандырылды. Бүгінгі таңда теміржол билеттерін сату кезінде динамикалық баға белгілеуді қолдану тоқтатылды, осы норманы алып тастау туралы бұйрықтың жобасы уәкілетті органдармен келісілу сатысында, - делінген хабарламада.
Прокуратура бастамашылығымен енгізілген түзетулер жолаушыларға пойыздарда жүру құнын едәуір төмендетуге және билеттердің шекті бағасын белгілеуге мүмкіндік береді.