Анасын ардақтаған азама

Бұған дейін аудандық, облыстық деңгейде діни дәстүрге негізделген түрлі мәдени-танымдық, ұлттық спорттық ойындарды сонымен қатар айтыс, жыраулар сайысын ұйымдастырып, батыр ауылында ауқымды шараларды өткізіп, елдікпен бірлікті танытуда халықтың ықыласына бөленген Ғабдулла қажы Иниятуллаұлы биыл батыр ауылында Ұлттық ат бәйгесін өткізуді қолға алды. Ол осы шара арқылы өмірден озған анасына деген ыстық ықыласын, сағынышын көрсетті. Ардақты ана, аяулы ұстаз атанған Жібек Әлиқызын еске ала отырып, есімін ел жадында, ұрпақтар санасында сақтауды жөн көрген ұлдың бұл ісі көпке үлгі, кейінгіге өнеге болды.
Жібек Әлиқызы 1951 жылы Ү.Түктібаев ауылында дүниеге келген. Ауылдағы білім ошағында 40 жыл ұстаздық етіп, еңбек жолын ағартушылыққа арнаған, білім саласының дамуы жолында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ұлағатты ұстаз. Талай шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырды. Оның оқушылары еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Жүректерге жылылық ұялатып, алдына келген баланың бәрін бірдей көріп, талабын ұштауға атсалысқан ұстаздың еңбегін замандастары мен көзкөргендер әлі күнге ризашылықпен еске алады.
Ұстаз-ананы ұлықтау мақсатында өткізілген айтулы шара жоғары деңгейде өтіп, мереке күні халыққа керемет көңіл-күй сыйлады. Бір-бірімен мәре-сәре ағайын, ауылдастар мен қонақтар емен-жарқын шүйіркелесіп, бір марқайып қалды.
Бәйге десе қашанда делебесі қозып тұратын халық емеспіз бе?! Бұл күні «Қасқа төбе» баурайына жиналғандардың қарасы қалың болды. Жүйріктердің жарысы басталмас бұрын ауыл әкімі Олжас Кенжебайұлы халықты бірлік мерекесімен құттықтап, шабантоздарға сәттілік тіледі.
Күні кеше ауданымыздың бас имамы болып тағайындалған Нұрдәулет Набиев, алғашқы қадамын батыр ауылындағы шарадан бастап жатқандығын тілге тиек етіп, рухани шараның маңыздылығын айтып өтті. Елге келген арнайы қонаққа Ғабдулла қажы отбасы атынан дәстүрге сай шапан кигізді. Ауыл ақсақалы Бүркітбай Бөрмаханов жиылған халыққа бата беріп, өнегелі істің жалғаушысы болған Ғабдулла Ізәтке тұрғындар атынан алғысын білдірді.
Бұдан соң көптің күткен бәйгесі басталып кетті. Әп-сәтте ала шаңға айналған айналада жанкүйерлер дауысы жан-жақтан жамырай шығып, додаға қосқан дүлділдердің дүбірі естілді. Қазақы тай бәйгесінде Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарынан 15 тай жарыс жолына түсті. Алдына қара салмаған Әділбек Бейбарыс бірінші болып, мәре сызығын кесті. Ербол Жеткербаев екінші, Кенжебек Дәстен үшінші болып жеңіс тұғырына жетті. Үздік үштіктен көрінгендерге 30, 20, 15 мың теңгелік сертификаттар сыйланды. Аралас тай бәйгесінің 30 000 сертификатын майдакөлдік Дархан Аяғанов алды. Екінші орынның 20 000 жүлдесі Қызылбай Бердіжар олжалады. Үшінші орынға тігілген 15 000 теңге бекарыстанбилік Дәукен Ахметовтің «Көзмоншақ» атты тайына бұйырды.
Бұған дейін бәйгеге бапталған арғымақ тайлар жарыс жолына түсіп, шабыстары жиылған көпшілікті сүйсіндірді. Тұрпаты келіскен шөмішкөлдік Олжас Әнәпияевтың «Қара қыз» атты арғымағы мәре сызығын бірінші қиып, 50 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Ізәт Ғабдулланың атынан қосылған «Жебесі» жебедей есіп, екінші орынның 40 000 теңге қаржысын қоржынға салды. 30 000 теңгелік сый-сияпат Лақалы ауылыннан ат қосқан Батыр Жолдасбаевқа бұйырды. Сонымен қатар айта кету керек жайт тай бәйгелерінде 4,5,6 болып келген тайлар үшінде Ғабдулла қажы арнайы жүлделер табыстап жомарттығын көрсетті.
Шара соңы жергілікті жерлерде аталатын «Өгіз өлді» бәйгесі ұйымдастырылды. Мініс аттарынан құралған бұл бәйгенің жүлделерін Сүйінішбай Сариев, з Ахан Қожания және Болатбек Боздақовтар өзара бөлісті.
Жарыс бітіп, көптің көңілі бірленді. Көрерменнің қошеметіне бөлеген жүлдегерлер мен бәйгеде бақ сынағандар осындай дода үнемі ұйымдастырылып тұрса деген тілегін жеткізді. Барша жұрт «Орынбет ишан» мешітіне жиналып, ұлағатты ұстаз, білім саласының құрметті ардагері Жібек Әлиқызын еске алуға арналған астан дәм татып, рухына құран бағыштады.
Ауыл жастары атынан «Жастар жанашыры» бағамын иеленген Ғабдулла қажының қай істе де білек түре кірісіп кететін кеңдігіне көпшілік бүгінгі шарада тағы бір мәрте куә болды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА