Тойып тамақ жемеген баланың табандылығы
Дүйім жұртты көгілдір экранға телміртіп, соңынан жүгіртіп қойған ала доптың не құпиясы бар екені белгісіз. Бірақ футболдың әлемдік деңгейдегі спорт екені сөзсіз. Ол – ел намысын халықаралық деңгейде асқақтататын спорт түрі. Бұған қоса, бизнес көзіне де айналған. Тепкен добы бірден қақпаға түсетін ең үздік футболшылар әлемдегі ең танымал, ең бай адамдардың қатарына тез ілінеді. Балалар да солар сияқты бүкiл әлемді «шулатқан» мықты ойыншы болғысы келеді. Мәселен, бүгінде футболдан Еуропа чемпионы, Англия, Испания біріншіліктерінің жеңімпазы, мадридтік “Реал” футбол клубының сапында Чемпиондар Лигасын бірнеше рет ұтып, 5 мәрте “Алтын доп” иегері атанған Криштиану Роналдудың жейдесін киіп, оған еліктемейтін өрен кемде-кем.
Расында, Роналду жасыл алаңда допты ұршықша үйіреді. Әйгілі бапкер Карло Анчелотти: «Роналду – өзге әлемнен келген футболшы. Оның таланттылығына сипаттама беру үшін сөз табу өте қиын», – деген еді. Сондықтан, жұлдызды ойыншының өмірі, клубтағы әрбір іс-әрекеті әлем назарында. Оның бір басында бірнеше вилласы, соңғы үлгідегі заманауи көліктері барын, одан бөлек, қыруар қаржыны қайырымдылық ұйымдарына беруді де ұмытпағанын баспасөз құралдары жарыса жазуда. Тіпті, жыл сайынғы, тіпті күн сайынғы толайым табысын есептеп, әлекке түседі. Бір сөзбен айтқанда, «өзге әлемнен келген» Криштиану бай да бақуатты өмір сүріп жатыр. Ал ол мұндай деңгейге қалай жетті?
Роналдудың өмірін зерттегендердің айтуынша, оны мықты футболшы етіп, әлемге танытқан – бала кездегі арманы мен еңбекқорлығы. Олай болса, Криштианудың балалық шағына саяхат жасап келейік.
Криштиану Роналду Португалиядағы Мадейро аралындағы Фуншал қаласында 1985 жылдың 5 ақпанында Мария Долореш душ Сантуш Авейру мен Жозе Диниша Авейрудың отбасында өмірге келген. Әкесі қарапайым жұмысшы, шешесі тазалықшы болатын. Үйдің кенжесі болған оның Уго деген ағасы және Эльма, Лилиан, Катиа атты апалары бар. Оның толық аты Криштиану Роналду душ Сантуш Авейру. Бір қызығы, әлем жұртшылығына Криштиану Роналду есімімен танымал азаматтың Роналду фамилиясы емес, екінші аты екен. Себебі, сәби өмірге келгенде анасы баласын Криштиану деп атағысы келсе, әкесі ұлына сол кездегі Португалия үшін ерекше Роналду есімін бергісі келеді. Осылайша ол Криштиану Роналду аталып кетті.
Бала кезінде Криштианудың отбасы өте кедей тұрды. Сондықтан болар, бала Криштианудың ойнарға ойыншығы да болмады. Онда тек қана доп пен “каляска” ғана болған. Тойып тамақ ішпейтін оның денсаулығына алаңдаған “Андоринья” футбол клубының бапкерлері үйге қайтарында сорпа ішкізіп, бутерброд алып берген екен. Ал, бұл команда – Криштианудың доп тепкен ең алғашқы командасы. Оған әкесі Жозе Диниша Авейру Роналду сегіз жасқа толғанда жетектеп апарған болатын.
Бала Криштианудың футболға деген қызығушылығы әкесі оған доп алып берген сәттен басталған екен. Бір қызығы, ең алғашқы сол допты Авейру әулеті әлі күнге дейін құнды естелік ретінде сақтап қойыпты. Таң атқаннан кеш батқанға дейін көшеде ала допты тебетін ол танымал футболшы болуды армандайды. Бұл туралы Криштианудың өзі былай дейді: “Менің жасым 5, 6, 7 жасқа толғанда үйдегілерге доп сатып алып беруін ғана сұрайтынмын. Өзге балалар сияқты велосипед, компьютер немесе ойын машиналарын алып бер деп айтпайтынмын”. Оның кіндік әкесі Фернау Соуза да: “Криштиану бала кезінде футбол ойнағысы келгені соншалық, түскі, кешкі астарын ішуді ұмытып кететін. Ол сабақ оқудың орнына үйдің терезесінен сытылып шығып, доп қуалап кететін” деп еске алады бүгінде.
Жас кезінен қиыншылықтарды көп көрген Криштианудың арманы асқақ болатын. Оның таланты мен еңбекқорлығы да осыншама танымал болуына өз септігін тигізгеніне ешқандай шүбәміз жоқ. Алайда, қалай да биік белесті бағындырамын, жұлдызы жарқыраған жанға айналамын деген арман-мақсаты болмағанда бұл күнге жету-жетпеуі неғайбыл болатын. Алдына белгілі бір мақсат қойған жас ешқандай қиыншылықтарға жасымады, басқа қалада отбасынан жырақта жүрсе де мойымады.
Криштианудың ең алғашқы доп тепкен командасы Мадейро аралындағы “Андоринья” клубы болатын. Ал, ол он жасқа толғанда оның өміріндегі алғашқы трансфер орын алды. Роналдуға екі комплект форма мен 20 доп төлеген “Насьонал” командасы сатып алды.
Футболшының бағын ашқан шотландиялық атақты бапкер сэр Алекс Фергюссон оны португалиялық “Спортинг” футбол клубынан аттай қалап өзі жаттықтыратын “Манчестер Юнайтедке” алдырып алғаны футболсүйер жанкүйерлердің естерінде болар. Ал, бүгінде аты әлемге танымал жанның “Спортингке” қалай келгенін, келісім-шартқа қалай қол жеткізгенін екінің бірі біле бермейді.
Оның сыры мынада болатын. “Насьонал” командасында доп теуіп жүргенде Криштианумен бірге Альберту Фантрау деген мықты футболшы бар-тын. Ол да сол команданың Роналду сияқты жас жарық жұлдызы саналатын. Осы екі футболшыны “Спортинг” командасы өздеріне сатып алу үшін қаралымға шақырып, “екеуіңнің қайсыларың көп доп соқсаңдар, сонымен келісім-шартқа отырамыз” деген шарт қояды. Ойын Криштиану үшін сәтті басталып, алғашқы голды қарсыластар қақпасына тоғытады. Алайда, екінші голды Альберту салып кетеді. Енді үшінші голды кім салса, атақты “Спортинг” командасында доп тебу бақыты бұйырады... Ойынның бітуіне санаулы минуттар қалғанда Альберту қақпашымен бетпе-бет шығып, оны алдап өтіп, Роналдуға пас асырады. “Өзің неге бос тұрған қақпаға гол соқпадың?” деген сұраққа жай ғана жымиып: “Сен менен мықтырақсың, Криштиану, сен жұлдыз атанасың” деп ғана жауап беріпті. Альбертудың айтқаны айдай келіп, Криштиану бұл күнде әлемнің жарық жұлдыздарының бірі.
Иә, маусым айында солтүстіктегі көршіміз Ресей жерінде басталатын футболдан әлем біріншілігіне қатысатын Роналду жұлдызы жанған футболшы десек артық айтқандық емес. Себебі, төрт жылда бір өтетін аяқдоп аламанына оның ойынын көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер ағылып келетініне ешкім күмән келтіре қоймас.
Айтпақшы, бүгін түнде Криштиану Роналду өрге сүйреп жүрген мадридтік “Реал” командасы Украина астанасы Киев қаласында өтетін Чемпиондар Лигасының ақтық сынында өнер көрсетеді. Қарт құрлықтың басты бәсекесі саналатын дүбірлі додадағы қарсыласы осал емес. Биылғы жылдың басты сенсациясы атанған мысырлық Мохаммед Салах бастаған “Ливерпуль” командасы. Егер осы бәсекеде “Реал” командасы жеңіске жететін болса, Криштиану Роналду өзінің алтыншы “Алтын добына” бір қадам жақындай түседі. Ал, “Ливерпуль” командасы ұтса, Мохаммед Салахтың еншісінде кетуі мүмкін. Бұл – біздің болжам. Әлі алда әлем чемпионаты бар емес пе?
P.S.
Хәкім Абай «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» дейді. Өнерлі өрендердің қиялына қанат бітіретін бапкерлер мен «қолдан келмес іске ұмтылатын» балалар, яғни болашақ Криштианулар еліміздің қай қиырында жүр екен?
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ