Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшат САДЫҚ: Әрбір ұстаз құрметке лайық

Гүлшат САДЫҚ: Әрбір ұстаз құрметке лайық

Жуырда «Білім беру саласының үздігі» Гүлшат Садықтың ағартушылық ісінде ұзақ жылдар бойғы еңбегі еленді. Ол ауданның ғылым мен мәдениеті, білім беруді дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды. Осындай мәртебеге қол жеткізген ардагер ұстазбен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Гүлшат Ахметқызы, қаншама асулар мен белестерді еңсердіңіз. Қазалылықтар игілігі үшін аянбай тер төгіп, еселі еңбек еттіңіз. Бұйырса сексеннің қырқасына жетіп, мерейтойды атап өтуге де алыс емес. Әрдайым жақындарыңыздың сүйіспеншілігіне бөленіп, аман-есен жүз жасаңыз. Үлгі-өнегеге толы өмір жолыңызға тоқталып өтсеңіз.
– Қазалы қаласының тумасымын. Ұлы Отан соғыс аяқталғаннан кейінгі қиын-қыстау кезде 1946 жылы 7 қазанда дүниеге келдім. Мектепті 1964 жылы Ғ.Мұратбаев атындағы №17 қазақ орта мектебін бітірдім. Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдадым. Осылайша 1968 жылы алғашқы ұстаздық еңбек жолымды өзім оқыған мектебімнен бастадым. Жеті жыл математика пәнінің мұғалімі қызметін атқардым. Сосын бес жыл директордың орынбасары лауазымында болдым. Сонан соң екі жыл Қазалы қаласындағы кешкі жұмысшы жастар мектебінің директоры, 4 жыл Қазалы аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, тапжылмай 20 жыл Ғ.Мұратбаев атындағы №17 орта мектебінің директорлық қызметін зейнет жасына дейін атқардым. Бұл білім ордасында сол тұста 120 мұғалім, 1500-ден аса оқушыға білім берді. Сынып кабинеттері жетіспегендіктен оқушылар 3 ауысымда оқып, спортзалдың жоқтығы аудандық, облыстық басшылардың алдына мәселе қоюдан басталды. Соның нәтижесінде 1990 жылы 180 орындық қосымша оқу ғимараты, спортзалдың құрылысы басталды. Сол жылы-ақ пайдалануға берілді. Осылайша білім ошағында оқу-тәрбие жұмыстары бір ізге қойылды. Ұстаздардың жайлы еңбек етуіне жағдай жасалды. Әртүрлі дәрежедегі аудандық, облыстық семинарлар, білім сайыстары, конференциялар өтетін тірек мектебіне айналды.
2000 жылы облыста «Үздік мектеп» куәлігіне ие болдым. Осы қызметтердің арасында 1975-1997 жылдары КПСС мүшесі болып, мектепте бастауыш партия ұйымының секретары, облыстық конференцияның делегаты ретінде әртүрлі тапсырылған қоғамдық жұмыстарды жандандырдым. Бірнеше рет Қазалы қалалық кеңесінің депутаттығына сайланып, берілген аманаттарды орындадым.
2005 жылдан зейнеткерлікке шықсам да, оқу-тәрбие ісінен қол үзбей, оқу ісінің меңгерушісі, математика пәнінің мұғалімдік қызметтерін қатар алып жүрдім. Мектептегі ардагерлер кеңесінің төрағасы болдым. Жоғары санатты мұғалім атандым. Облыс, аудан әкімдері мен Нұр Отан партиясының және аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталдым. ҚР «Білім беру ісінің озық қызметкері» белгісін, ҚР Конституциясының 10 жылдық және «Қазалы ардагерлер ұйымына – 35 жыл» мерекелік медалдарын кеудеме тақтым.
– Қазіргі білім саласындағы жүйеге көңіліңіз тола ма?
– (Сәл үнсіздіктен кейін) Көңілім толмайды деп айта алмаймын. Бәрі келешектің жұмысы. Қазір жаппай «Цифрландыру бағдарламасы» енгізгелі барлық іс технологиямен байланысты бітеді. Түрлі гаджеттер дамыған заманда қолдағы ұялы телефон мен компьютерге тәуелділік басымдық алуда. Баға қойылмайды. Электронды жүйеде тіркеледі. Менің кезімде компьютерлер енді келіп жатқан-тын. Осы күні қарасам, кейінгі буын заманауи қимылдап, соңы техниканы қалай болса солай тез меңгеруде. Елдің жаңашылдыққа ұмтылып, дамуы құптарлық іс. Жан-жағыңа қарасаң, әрбір екінші баланың қолында соңғы үлгідегі ұялы байланыс құралын байқайсың. Дегенмен оқушылардың білім ордасына сабаққа телефон әкелуін қоштамаймын. Бұл жайтқа алдағы уақытта арнайы заң ба, жоқ әлде тапсырма ма, әйтеуір салмағы бар шектеу қойылса деген ойдамын. Қазіргі балалардың осылай мектептегі сынып бөлмесінде телефон ұстауына ата-ананың да ықпалы бар. Осы жағын да айрықша ескеру қажет.
– Мәселен дейік, ҚР Оқу-ағарту министрі болсаңыз қандай реформа жасар едіңіз?
– Білімге қазір бір үлкен түбегейлі өзгерісті талап ететін реформа қажет. Министрлер жиі ауысып жатыр. Солардан жақсы бастамаларды, ғылыми негізбен ұштастырылған дүниелерді күтеміз. Жалпы білім саласындағы негізгі мақсат – балаларға ғылыми түрде дәріс беру, жан-жақты және ізденімпаз етіп тәрбиелеу болып саналады. Ана тілін тереңдете оқыту, ұлттық дәстүрімізді шәкірт санасына сіңіруді қолға алу керек. Дей тұрғанмен әрбір тұлға жаңадан белгілі бір шенді лауазымға тағайындалғанда өзіндік потенциалын сол салаға барынша жұмсайды. Жаңашалдыққа бет бұрады.
Мәселен, қазіргі жастардың арасында тіпті жаппай десем қателеспеймін іскер әрі білімділер қатары артуда. Олардың ынта-жігері шектен тыс. Бәлкім бұл заман талабына байланысты да шығар. Қазақстанда білімін жетілдіріп, бірнеше тіл меңгеріп, шет елдерге кетіп қалып жатқандар аз емес. Бұл біздің ел үшін үлкен қасірет. Мұндай дарынды жастарды өзімізде алып қалу үшін бар жағдайды жасауымыз қажет. Үй болса үй, жақсы табысы мол жұмыс орны болса, жұмыс ұсынуымыз тиіс. Сонда ғана олар қыр асып, өзге мемлекеттің сойылын соқпайды. Мемлекетті дамытатын жаңа жобаларын басқа елде іске асырмас еді. Осындай ғылыми тұжырымды ұсынатын жастарды іріктейтін бағдарлама мемлекет тарапынан жүзеге асса және ол барлық өңірлерде, тіпті түкпір-түкпіріндегі ауылдарда да оқушылар мен жастар арасында өткізілсе, нұр үстіне нұр ғой. Менің ойымша, мұндайда баланың жасырын қызығушылығы оянып, жаңа дүниелер жарық көрер еді. Себебі бала қиялында шек жоқ.
– Бүгінгі білім ошақтарындағы оқыту сапасын көтеру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолдану қажет?
– Бүгінде барлығы цифрлы бағдарламамен жұмысын электронды түрде жүргізу үшін компьютерді қолданады. Бұны игеріп кететін оқушы бар. Кейбірі меңгеруі кешеуілдеп өтеді. Соған ұстаздар қосымша білім беретіндерге сенбей, өздері сабақ кезі мейлі, сабақтан тыс уақытта пән тақырыптарын оқушылардың ойына сіңірсе деген ойдаймын.
Қазір көп оқушы ақылы түрдегі қызметке жүгінеді. Соңғы кезде мұғалімдер жетіспеушілігі байқалады. Себебі бұл күні мұғалім жаңа талаптармен арнайы тест тапсырады. Сондайда өресі мен білімі жетпей, одан өтпейтіндер қатары сиремей тұр. Байқаймын, әріптестерім жұмыс көп деп зар илейді. Планшет пен ноутбук және телефонмен байланысты барлық тапсырма. Негізі оқушылардың біліміне баяғыдай журналға түсіріп, баға қойылуы тиіс.
– Мұғалімдер арасында қағазбастылықты азайтуды тапсырғанмен, соншалықты кемімеді. Байқап жүрміз ұстаздар өз пәнінен бөлек қосымша жұмыстарымен түннің бір уағына дейін, тіпті таңғы 3-4-ке шейін отыратындар кездеседі. Қазіргі Күнделік.кз, қосымша қағаз, ТЖБ-БЖБ (тоқсандық және бөлімдік жиынтық бағалау) қажет пе?
– Бұл керек. Бәлкім дұрыс деген ойдамын. Өйткені ел Президентінің тапсырмасымен жаппай Цифрландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе барлығы гаджеттер мен компьтерде шаруасын жасауға бейімделетін шығар. Әдепкіде қиын болуы шарт. Бірақ келешекте бұдан да зор қиындықтар кездесуі мүмкін. Сол себепті де қазір ұсынылған кезде уақыт ағымына ілесе, орындаған абзал. Кезінде біз де үйілген қағаздарымызды үйге әкеліп, түнімен жұмыс істеп, таңертең қайта қызметімізге қосылатынбыз. Сабақ жоспарын жазып, келесі күнге әзірлейтінбіз. Ал қазіргі мұғалімдер қағазбастылықтан құтылу үшін компьютерді жақсы меңгеруі тиіс.
– «Тәрбиесіз білім – адамзаттың хас жауы» деген тәмсіл бар. Осы күні жасөспірімдер арасындағы орын алып жатқан құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, кибербулинг, топтық төбелестің көбейіп кетуіне не әсер етті? Айтыңызшы, неге тәрбие саласы әлсіреп барады. Мысал келтірсек, Жапонияда 6-сыныпқа дейін, тек ғана қарым-қатынас жасауды бала бойына сіңіреді. Оның ішінде, үлкенді құрметтеу, оларға қамқорлық көрсету қажеттілігін, ізеттілік пен кішіпейілділікке және мәдениеттілікке баулиды. Сонымен қатар айналасын таза ұстауға бейімдейді. Яғни мектепті жуу, спортзалды жинау, отырған жерін таза ұстауға тәрбиелейді. Сосын барып негізгі пәндерге көшеді екен. Бізге осы жүйені енгізуге не кедергі?
– Құқықбұзушылықтың белең алуы – ата-анаға байланысты деп ойлаймын. Баланы үнемі қадағалау кемшін болуда. Балаларын қайда болдың, қайда кеттің, сенің жолдасың кім деп сұрап отырса, мұндай жағдайлар орын алмас еді. Ата-ана ұрпағын бағып, асырау үшін аянбай тер төгіп, қаражат табу мақсатында үй көрместен жұмыс істейді. Сөздің шыны керек, балалар өздерімен өзі қалады. Олар немен айналысқандығынан ата-ана бейхабар. Сондықтан ата-ана тәрбиесі өте керек. Қарап отырсаңыз, соңғы кезде топ-топ болып төбелесу етек алуда. Аймақ-аймаққа бөлінушілік көп. Сол үшін де тағы айтамын ата-ана назардан тыс қалдырмау қажет. Осындай жайттың алдын алу үшін ата-ана, мектеп, тиісті орындар бірлесе қадағалаған жөн. Сондай-ақ бір-бірімен хабарласып, тығыз байланыста болғаны дұрыс. Бұндай жағдайлар көбіне кешкі уақытта орын алады. Әке-шеше жұмыстан келген бойда сауал қойып, бақылау жасау керек. Бұрын көшеге кезекшілікке шығатынбыз. Кинотеатрларға, би алаңына сынды жерлерді шолып өтетінбіз. ретсіз жүрген 5-6 баланы көрсек неғып жүрсің дегендей, сауалдар қоятынбыз. Сол кездегілер ұстаздарды көрсе, түн-күн болсын қашатын. Қазіргілер өзіңе қарама-қарсы жүреді. Мені көрдің бе дегендей жаныңнан өте шығады. Негізі, жастар бүгінде тым өзімшілдікке салынып барады. Барлығы емес, әрине. Бірақ араларында үлкенді құрметтемеу, ибалылық деген нәрседен ада болып бара жатқандары да кезігеді. Қай кезде де үлкенді сыйлау керек, мейлі 1-2 жас болсын дегенді санасына құйып отыру ата-ана мен ұстаздардың құзырында екендігін ұмытпасақ екен. Кейінгі кезде байқап жүрмін үлкен қаладағы әдет ауданға да келіпті. Оқушылар қоғамдық көліктерде орын беру, бермеу өз құқым деп орнынан безірейіп тұрмай қояды. Осындайда іштей қарның ашатыны хақ.
– Ұлыбритания еуропалық жүйенің жас буынды құрдымға апара жатқанын байқап, КСРО-ның білім жүйесін зерттеп, соның ең тиімді де, дұрыс екендігін бағамдағандықтан өз білім саласына енгізуді ойластыруда. Ал біз неге Батыс елінің мәңгүрттікке жеткізетін тәсілін дамытудамыз? Бұрынғы диктант пен бақылауды неге қайтармасқа?
– Бұрынғы диктант пенен бақылауды қайтаруымыз қажет. Ол оқушының сауаттылығын байқатады. Қай жерден кемшілік пен қате жібергенін көреді және сол қателікті өмірлік жібермей, сауатын арттыру үшін оқушымен жұмыс жасайды. Шығарма жаздырып, бақылау алу баланың білімін артырады. Сондықтан қайта сабақ кестесіне енсе, құба-құп. Әліппе алып тасталып, Аймағамбетов қайтадан қосты. Енді айтылған диктант пен бақылау қайтарылатын шығар деген үміттеміз. Ал батыстық жүйемен оқытылатын әрі тез жатталатын тест үрдісі ойлау кеңістігін тарылтады.
– Кезінде оқушы, жастарды еңбекке тартатын. Бүгінде бұның бірде біреуі жоқ. Не себеп?
– Қай кезде де адам еңбекпен шыңдалады. Меніңше, еңбек тәрбиесі қайта жаңғыртылуы тиіс. Еңбек пәнін қайта қосу керек. Кезінде егін алқабына апаратын. Мектепте оқып жүргенде күзде салы оратынбыз. Маусым айында күріштің отағын жинауға баратынбыз. Сонымен көзіміз ағарды. Қазіргілер күріш пен салының не екенінен хабарсыз. Өйткені барлығын ел мен жұрт дамып, кәсіпкерлер ісін өрлетуде автоматты техниканы қолданады. Ешқандай көмек қолдардың қажеті жоқ. Ал біз бақшалық өнімдерді еш техникасыз жалаң қол жиятынбыз. Жер аударып, жуа, сәбіз, картоп жиып, қаптағанбыз. Ол кездегі пайым бойынша бізді барынша еңбекке баулу болатын. Кішкентайымыздан жұмсап, үй шаруасына араластыратын. Ал бүгіндері байқаймын баланы қолдан жатағандыққа бейімдеп, жұмсауға аса құлық танытпайды. Олардың күні бойғы жұмысы ұялы телефонына үңілу. Сондықтан бала психологиясын дұрыстау бағытында отбасы тарапынан қадағаланып, күніге үй тірлігіне қатысты шаруаларды жасата беруі керек. Сондай-ақ мектепке еңбек сабағын қосқан абзал. Бұл бұлжымас тәртіпке айналғаны дұрыс.
– Мұғалімдер мәртебесін көтердік дегенмен аса қатты өзгеріс байқалмайды. Неден деп ойласыз?
– Бұл лезде орындалатын іс емес. Бұл бірте-бірте іске асатын мәселе. Шүкір қазір жәйлап, жақсы-жақсы ұсыныстар жүзеге асырылуда. Ең бастысы, ұстаздардың жалақысы көтерілді. Олардың еңбегі еленіп, билік тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Жас мамандарға мемлекеттік бағдарлама арқылы қаражат бөлініп, қолжетімді баспана иелену мүмкіндігі тууда.
– Қазір мектепте қоғамдық бірлестік деген бар. Соның қандай қажеттілігі бар?
– Қоғамдық бірлестік деген, бұрынғы комсомол, қыздар және жастар сынды түрлі ұйымының жалғасы іспеттес қоғамдық жұмысқа байланысты шаруаларды атқарады. Олар жоспарлы жұмыс атқарады. Сондықтан жұмыс барысында мұғалімдер қосымша алып жүргені дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА


21 наурыз 2023 ж. 332 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031