Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік кодекс қабылданған жағдайда бірнеше заңның күші жойылады

Әлеуметтік кодекс қабылданған жағдайда бірнеше заңның күші жойылады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды.inform.kz
Кодекс жобасы аясында азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жүзеге асырылды.
Құжатта мынадай негізгі бағыттар көрсетілген:
1) балалары бар адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік қолдау;
2) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары;
3) кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек;
4) арнаулы әлеуметтік қызметтер;
5) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау;
6) зейнетақымен қамсыздандыру;
7) азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде асыраушысынан айырылғандарды әлеуметтік қолдау.
«Қазіргі уақытта бұл мәселелер 9 дербес заңмен реттеледі және Әлеуметтік кодекс қабылданса, олардың күші жойылады. Бұл ретте жаңа кодекс бюджеттен де, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да қазіргі кезде бар барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын қамтамасыз етеді», - делінген Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің қорытындысында.
Кодекс жобасын қабылдаудан көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының өмір сүру сапасын жақсарту, олардың әлеуметтік қорғалу дәрежесін арттыру, сондай-ақ олардың өмір сүруіне және қоғамға кірігуіне тең мүмкіндіктер жасау жоспарланып отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мұқият зерделеніп, Еуропа одағының Әлеуметтік кодексі басшылыққа алынды. Бұл ретте еліміздің өз ерекшеліктері жан-жақты ескерілді.
Бірінші новелла – бұл мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылатын Отбасының цифрлық картасы (ОЦК). Оны енгізу аясында қазақстандықтар тең дәрежеде мемлекеттік қолдау жүйесінің көмегіне сүйене алады.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға берілетін жәрдемақылардың сомасын көбейту ескеріліп отыр.
Кодекстің келесі жаңалығы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансфомациялауға қатысты. Оның басты мақсаты - мүгедектігі бар адамдар үшін, әсіресе, ауылды жерлерде арнаулы әлеуметтік қызметтерді көбейту.
«Мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету ісіне олардың отбасы мүшелерін тарту ескерілген. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші ретінде рәсімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Бұл тұрғыда отбасы мүшелері еңбекке қабілетті жасында жұмыспен қамтылады», - деді Т. Дүйсенова.
15 наурыз 2023 ж. 182 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031