Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркия төрткүл дүние дұғасында

Түркия төрткүл дүние дұғасында

6 ақпан түрік халқы үшін өте тынышсыз өтті. Түн ішінде басталған екі бірдей ірі зілзала алапат апат әкелді. Ең алғашқы жер сілкінісі Газиантепте басталып, Кахраманмараше қаласының күлін көкке ұшырды. Ең үлкен сілкініс 7,8 баллға жетіп, артынша 6,7 баллға дейінгі мыңдаған толқу тіркелген. 13 ақпандағы деректерге сүйенсек, салдарынан Түркияда 31 мыңнан астам адам мерт болса, ­Сирия елінде қаза тапқандар саны 9 мыңға жетті. 90 мың адам ауыр жарақатпен аурханада жатыр. Түркияда қаралы күн жарияланып, байрақ түсірілді. Ғалымдар зілзаланы ауқымы жағынан 1939 жылы Эрзинджандағы апаттан кейінгі түрік еліндегі ең ірі оқиға деп баға беріп отыр. Ал әлемде жер сілкінісі салдарынан орасан адам шығыны 2010 жылы Гаитиде орын алған.

Зілзала қалай басталды?

Түркия әлемдегі ең белсенді сейсмикалық аймақта табан тіреген. Жер сілкінісі болған қалалар Анадолы, Араб және Африка деп аталатын үш тектоникалық плиталардың қиылысында орналасқан. Араб тақтасы солтүстікке қарай жылжи отырып, Анадолы тақтасын (оның құрамында Түркияның көп бөлігі бар) батысқа қарай итермелейді. Пластиналардың қозғалысы олардың арасындағы ақау аймақтарға қысым жасайды. Бұл қысымның жинақталған энергиясының кенеттен бөлінуі жер сілкінісін тудырып, алапат апат жасай алады.
Дәл осындай қасіреттің алғашқы толқыны Газиантептің Сириямен шекарасына жақын орналасқан Шахиткамиль ауданында 17,9 шақырым тереңдікте, жергілікті уақыт бойынша 04:17 болды. Оның магнитудасы 7,8 баллға жетті. Газиантептегі жер сілкінісінен кейін алты сағаттың ішінде 24 рет дүмпу болды. Бұдан кейін ірілі-ұсақты 1117 толқу тіркелген. Ғалымдар ұсақ зілзала, кем дегенде жылдың соңына дейін жалғасатынын айтып отыр.
Жер сілкінісі салдарынан Кипр елінің Фамагуста жағалауында шағын цунами толқындары тіркелді. Құдай қолдап, адамдар мен инфрақұрылымға еш зиян келтірмеді. Италияның Азаматтық қорғаныс департаменті Италия жағалауында ірі цунами болуы мүмкін екенін шұғыл ескертті. Бір қарағанда заманақыр таяғандай көрінетін, бірінен кейін бірі пайда болып жатырған құбылыс әлем жұртының жүрегіне қорқыныш ұялатып отыр.
Сол күні Қазақстанның оңтүстігінде магнитудасы 5,4 балдық жер сілкінісі болғаны айтылды. «Кейбір елді мекендерде 2-3 баллдық жер сілкінісі сезілді», – деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы.


Қолұшын созғандар қимылы

Түркия дабылдың ең жоғарғы төртінші деңгейін жариялады, 10 провинцияда үш айлық төтенше жағдай және жеті күндік ұлттық аза тұту күні бекітілді. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған жер сілкінісінен зардап шеккен отбасыларға 10 000 түрік лирасы төленетінін мәлімдеді. Бұл теңгеге шаққанда 240 мың теңгенің айналасында. Сондай-ақ түрік лидері бір жыл ішінде 10 провинцияда зардап шеккендерге арналып үй салатынын хабарлады.
Бауырлас елге 14 халықаралық ұйым мен 70 мемлекет көмек көрсетуді ұсынды. Оның ішінде түріктердің әскери-экономикалық серіктесі Әзірбайжан бірінші болып 400 құтқарушы жолдап, қайғыны жеңілдетуге атсалысты. Ал «Қызыл жарты ай» ұйымы зардап шеккендерге көмек ретінде қан жеткізуді бастады. Сәйкесінше, қан тапсыру орталығына жиналғандардың санында шек болмай, түріктер ауызбіршіліктерін көрсетті.
Түркия вице-президенті Фуат Октай іздеу-құтқару жұмыстарына қатысқандардың жалпы саны 103 800-ге жеткенін, 5 531 ауыр техника мен 900 кран жұмылдырылып жатқанын жеткізді.
Зілзала орын алған аймаққа 66 елден құтқару топтары келді. Армения да екі ел арасындағы қиын қарым-қатынасқа қарамастан, өзінің құтқарушылары мен гуманитарлық көмегін Түркияға аттандырды. Вице-президент келтірген соңғы деректерге сәйкес, жер сілкінісі салдарынан 1,05 миллион адам баспанасыз қалған.
Қазақстан халқы бауырлас елдің қайғысын ауыр қабылдады. ҚР Президенті Түрік елінің басшысына қаржылай көмек аударды. Бұдан бөлек жүздеген қайырымдылық қоры, елге танымал адамдар қор ашып, азық-түлік, киім-кешек тасуда. Ал белгілі журналист Нұрбек Бекбау халықтың қолдауымен 120 киіз үй тіктіріп, қазіргі таңда апат аймағында киіз үйлерді тұрғызып жатыр. Түркияға ең көп құтқарушы жібергендердің арасында Қазақ елі екінші орында тұрғанын да айта кету керек.
Еуропалық Одақ Түркия мен Сирияға 6,5 миллион еуро беруге ниетті екенін мәлімдеді. Бұған Сирия үкіметі Еуропа Одағынан көмек сұрауы себеп болды. Дағдарысты басқару жөніндегі Еуропа комиссары Янез Ленарчич Сирияға гуманитарлық көмек оның үкіметіне қарсы санкцияларға қарамастан жеткізілетінін айтты. Себебі сириялықтар зілзалаға дейін де санкция салдарынан экономикалық құлдырауға душар болды. Тіпті кейбір аумақтарда ашаршылық басталған. Дүниежүзілік банк Түркияға жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 1,78 млрд доллар бөлетінін мәлімдеді.
Халықаралық көмектің басым бөлігі Сирияға емес, Түркияға жіберіліп жатқанын білеміз. Осы тұста Ресей Сирияға көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Агенттіктің хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы Башар Асадқа шұғыл көмек көрсетуге уәде берген және сейсенбі күні ресейлік әскерилер көмек көрсету үшін 300 адамнан тұратын 10 бөлімшені жеткізген. Олар үйінді астында қалғандарды іздеуді бастап кетті. Армения да Сирияға құтқару тобын жіберді. Неге десеңіз, Сирияның солтүстігінде армян өкілдері тұратын ірі аудандар бар.


80 мың адамды құтқару мүмкін бе?

Алдын ала болжам бойынша, жоғалған адамдар саны 80 мыңнан асады. Қазіргі күні 100 мыңнан астам құтқарушы жұмыс істеп жатса да, үйінді астында қалған жандарды аман алып қалу мүмкіндігі нөлдік көрсеткішке түсіп барады. Суық ауа райында сызды цемент, қиранды астында жарақат алған адамдардың жеті күн аш әрі көмексіз жатуы үмітті барған сайын азайтып отыр. Осыған қарамастан шетелден көмекке келіп жатқан құтқарушылар да аз емес.
Дәл осы сәтте Адана қаласының халықаралық әуежайына келген шетелдік жәрдемшілер артып жығылады. Ниеті түзу азаматтарды жергілікті билік апат аймақтарына бөліп, мамандықтарына байланысты таратып жатыр. Тосыннан келген жер сілкінісінен Түркияның Хатай, Османия, Қахраманмараш, Антеп, Килис, Малатия, Адияман, Урфа, Газианетеп қалалары мен шағын ауылдары зиян шекті. Шығын да аз емес. Мәселен 1 млн 177 мың тұрғыны бар Кахраманмараш қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерде қираған нысандардан көз сүрінеді. Жоғарыдағы қалаларда жалпы саны 14 миллионнан астам тұрғын бар. Бұл тек ресми дерек. Көршілес Сириядан келіп қоныстанушылар да миллиондап саналады.
– Ондаған қала қирады. Бүгінге дейін қаза тапқан адам саны 30 мыңға жуықтады. Әлі 80 мыңдай адам үйінді астында. Олар аман шығады деген үміт аз. Үйінді астынан шығарылған адамдардың арасында жетім қалған балалар көп. Оны асырап алуға ұсыныс жасап жатқан адамдар да көп. Билік оны қазір тоқтатып тұр. Ең қиыны қайтыс болған адамдардың кім екені белгісіз күйінде жерленіп жатыр. Жиырма мыңнан астам құрылыс қираған, – деді ыстамбұлдық оқытушы Хакан Иөрүкоғлы.
Соңғы күндері қиранды астында қалған адам денелерінің көптігі салдарынан, жарыста құтқарушылар уақыттан кешеуіл қимылдауы себепті жұқпалы ауру пайда болуы мүмкін деген болжам жиі айтылып жүр. Ауыр бетон астында қалған 80 мың адамның жеті күн өткеннен кейін қаншасы тірі жатқаны жұмбақ. Ашығын айтсақ, біразы мертігіп үлгерді. Күн өткен сайын эпидемияға қатысты болжам шындыққа айналуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Десек те, қасіреттің зардабы мейлінше аз болғанын шын жүрегімізбен тілейміз.


Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
14 ақпан 2023 ж. 258 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 87

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930