Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оңай грантқа түсу туралы түрлі түсінік

Оңай грантқа түсу туралы түрлі түсінік

Әні-міне дегенше мектеп бітіруші түлектердің Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын уақыты да жетіп қалды. Алдағы он күннен кейін қуаныштан бөркін аспанға атқандар мен сынақтан сүрініп жылап жатқандардың эмоцияларына куә боламыз. Психолог-ғалымдардың айтуынша, оқушылар тапсырғалы отырған тест үлкен өмірге деген алғашқы қадам болғанымен, кішігірім сынақтардың бірі ғана. Мұны естіген балалар білімі болсын-болмасын аталған сынаққа сәйгүлігін баптап жатқан жайы бар.

Қулықтың құрығы қысқа
«Байтал шауып бәйге алмас» мұндағы байтал оқуға мән бермейтін, дайындығы әлсіз, бірақ мемлекеттік тапсырыс негізінде грант жеңіп алудан дәмесі зор түлек. Дегенмен бұл тәмсілдің сыртынан айналып, жоғарғы оқу орындарында тегін білім алып жүргендер де жоқ емес. Республика деңгейінде, облыстар мен ауыл-аймақтың ҰБТ-ға жауапты мамандары олардың шынайы біліммен тест тапсыруы үшін барлық айла-тәсілдерді қолданып жүргенімен түлектердің қулықтарына тыйым болар емес. Нәтижесінде қатысушылардың көпшілігі орташа ұпайдан жоғары жинап, грант санының жетіспеушілігі байқалуда. Сәйкесінше мемлекет тарапынан әр жылы қосымша гранттар тағы бөлінеді. Осы жағдайлардың зиянды салдарының біріншісі – оқуға құлқы жоқ жастарға елдің келешегін сеніп тапсырғанымыз болса, екіншісі – мемлекеттік қазынаны артық дүниеге шығындау екен. Бұдан бөлек соңғы жылдары «Алтын белгі» мен «Үздік атестат» иелері қалаған оқуына түсе алмай, сан соғып қалуда. Ал осының негізгі себебі болуы керек қой? Бірі бұған білім саласында болып жатқан реформаларды кінәласа, енді бірі оқушылар мен оларға жол көрсетіп отырған адамдарға реніш білдіреді. Әзірге бірінші нұсқадан аттап өтуімізге тура келеді. Ендеше тестке дайындығы жоқ оқушылардың қалай оқу грантын қанжығасына басып жүргені туралы ел аузындағы «мифтерге» тоқталып өтейік.

«Шпор» болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда

Бітіруші түлектің білімнен кейінгі қаруы – «шпоргалка» екені бәрімізге белгілі. Оқушылар арасында оны қолдану жағынан үздігі де, шорқағы да бар. Бұл баланың мінезіне тікелей байланысты болса керек. Себебі, ерте жасынан алдау мен арбау жөнінен жақсы тәрбие алған түлек біріншіден ар-намысынан ұялса, екінші жағынан ұсталып қалған жағдайда атына кір келуінен қорқады. Әрине, алғашында солай болады. Өзін айнала қоршаған әр деңгейдегі қатарластарының барлығы дайындық сынақтарынан жоғары ұпай жинағанын көріп, іштей налиды. Өйткені қандай да бір жолмен жоғарғы ұпай жинауға барлығының да таласы бар емес пе?
Байқау сынағынан соң жас түлек базар маңынан өтіп бара жатып, «соңғы шыққан шпорлар бар, келіңіздер» деген сатушының айқайын естиді. Жанына барып ҰБТ тесттерін салып қараса, шынында жауабы айқын көрсетілген. Ата-анасын үгіттей отырып, түлек барлық шпорды бірден сатып алады. Бұл оқушының алғашқы қылмыстарының бірі екені ешкімді алаңдатпайды. Неге десеңіз оны дайындап шығару мен сату заңсыз. Бірақ мұны елеп жатқан ешкім жоқ, «грант любой ценой».
Осылайша оқу, білім, дайындық – бәрі ұмыт болды. Мектепішілік тесттерде қиындықсыз 100-ді асырып ұпай жинау қалыпты дүние. «Басқа мектепке барып, шпорым болса, шынайы ҰБТ тапсыру не тәйірі? Ең жоғарғы баллды жинаймын», дейді көбісі. Өзіне сонша сеніп алған түлек мұның бәрі бос қиял екенін қорытынды тест тапсырғанда бір-ақ біледі. Соңында «алтын белгілердің» алтындары көзден бұлбұлдай ұшты, біреудің бағы жанды, біреудің еңбегі ақталды, білімі таяздардың үміті шайылды. Жылдағы қайталанатын жағдай. Тәртіп орнатылмаса баяғы жартас бір жартас күйінде қала берері сөзсіз.
Терезеге телмірмегін, түлегім
Келесі миф ол терезе арқылы жауап алу. Ұялы телефондардың байланысы бұғатталғандықтан, ата-аналар балаларының төменгі қабаттағы аудиториялардың біріне түсуін тілейді. Себебі жақын жердегі терезе балалармен байланысудың таптырмас жолы. Онымен қоса, аудитория терезесі ашылмайтын жағдайда оны сындыратын батыл жігіт пен жауап парақшасын діттеген жеріне жеткізетін сұр мерген ерте бастан дайын тұрады. Сынақ кітапшасындағы есептер мен сұрақтардың жауабын белгілейтін біліктілерді де осы жерден табасыз. Ол үшін әр сұрақтың әрбір дұрыс жауабына қойылған сомма да қалтаңыздан табылуы шарт.
Телефон демекші, оның орнын басатын «рация» бар екен ғой. Алғашқы жылдары балаларымен байланыс орнату үшін ата-аналар үлкен қалалардан микрорациялар алдыртқан болатын. Оның құны жоғарғы оқу орнының бір жылдық төлемақысына пара-пар. Кейбіреуі өз құнын ақтаған да болар. Бірақ ықтималдығы жоғары, зияны келешекте кері әсерін тигізбесе екен.
Сезбейсің ғой сен мені
Бірде ҰБТ тапсырғалы отырған жас бойжеткен өзін ұнатып жүрген жігітке дәл осы сөзді айтқан көрінеді. Бірақ қыз махаббат хақындағы сезімін емес, тест тапсыруға деген қорқынышы мен қобалжуын тұспалдаған екен. Сүйіктісінің қорқынышына куә болған жігіт, оның орнына кіріп, интернеттің «романтигі» атанған-ды. Ал Аянға “бөтен құжаттарды иеленді” деген бап бойынша айып тағылып, жарты миллион айыппұл салынды. «Егер ол шын мәнісінде сезімге бой ұсынып, тестке кірген болса, онда ғашықтарды жазалауға негіз жоқ. Өйткені, Кодексте сезім үшін жазаға кесу мәселесі қаралмаған”, – деген болатын қорғаушысы Ескендір Әлімбаев. Біздің заңымыз шын ғашықтықтан жасалған әрекеттерді де кешіретінін жаңа білдіңіз ғой? Бірақ «Қызым үшін қыз болдым» деген жігіт тергеушілерге берген жауабында бойжеткенді танымайтындығын айтқан екен. Таныстарының өтінішімен осындай тәуекелге барған көрінеді. Жә, мәселенің ақ-қарасын анықтау бүгінгі тақырып емес, дегенмен бұл жігіт осылай да грант жеңіп алуға болатындын көрсетіп берді. Әрине, әшкере болмаған жағдайда. Бірақ бұл да абырой әкелетін әрекет емес-ау. Ел айтып жүрген «мифтің» бірі бұл.
Танысым бар дегенде «шансың» бар...
Бұл жігіт қыздың орнына пайда қуып, тест тапсырмақ болды деген де ақпараттар бар. Себебі, ол әлеуметтік желілерде ҰБТ пәндеріне ақылы түрде дайындаймын деп жарнама жасап жүрген. Мектеп түлектерінің маңызды тестке қаржылай шашылуы мұнымен бітпейді. Шпорын пайдалана алмағандар немесе пайдаланса да жауа­бын таппағандар және терезенің аясынан тыс қалғанда «амалым қанша» деп, «алма кетті домалапқа» салғандар, орнына кірген сүйіктісі ұсталып қалып, тесттен қуылғандар, тағы да басқа айла-шарғымен қулығын іске асыра алмаған жайттар көптеп кездеседі. Бірақ, тіпті шекті баллды жинай алмаған түлектердің өзі қалаған оқу орынында грант негізінде оқып жатады. Бүгінгі күннің сиқыры осында. Пара берудің қызығы да осы жерден бас­талады. Әрине таныс табыла қойса. Дегенмен, қазаққа бәрі туыс, бәрі таныс. Танымаса танысу да мәселе емес. Содан не керек, керегін алған «көке» лауазымын пайдаланып, қалаған оқу ордасынан грант негізінде бір орын тауып береді. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң магистратураны да тегін оқимын дегендердің қалтасы тіпті қалың болуы керек. Осындай «мифтерге» сіз сенесіз бе?
Тестті сүйсең, менше сүй
Бұлардың барлығынан бөлек, талмай оқып, еңбектеніп, соның жемісін көріп жүргендер де жоқ емес. Өздеріне деген сенімдері нық, мінезі қоршаған орта әсерінен бұрмаланбаған түлектер біздің ауданымызда да көп. Мәселен, 2014 жылы «Қызыл атестатпен» бітірген мектеп түлегі Әйгерім Амантаева тестті өз білімімен тапсырған. Жастайынан ағылшын тіліне зейіні ауыған ол: «Менің де «шпор алып кіремін» деген ойым болған деп бастайды әңгімесін. – 9 сыныпты бітіргеннен кейін аудандағы ең мықты деген мұғалімдерден сабақ ала бастадым. Сол екі жыл өз-өзімді жетілдіру жылдары болды. Алғашында шпорды қолдануды білмейтінмін. Көпшіліктің бағыттауымен оны да үйреніп алдым. Ал ҰБТ тапсыратын күні барлық шпоргалкалар мен телефонымды тексеру бекетіне жетпей тастап кеттім. Себебі, қағаздағы цифрлы мәліметтерден гөрі өзіме көбірек сенетінмін. Осылайша ештеңеге алаң болмай, сол сәтке дейінгі біліміме жүгініп, грантқа түсуіме қажет болған 110 ұпайды жинадым. Қазір Ақтөбе Өңірлік Мемлекеттік университетін бітіргелі жатырмын. Қызыл дипломнан да үмітім бар. Мектеп бітіруші түлектерге өз біліміне жүгінуге, өзіне сенуге кеңес берер едім. Әйтпесе, тест тапсыру барысында неше түрлі жағдайлар болады, – дейді Әйгерім.
Күй ойнасын Қазалымның көгінде
Не де болса сын сағатының соғуына аздаған уақыт қалды. Ендігі дайындықтың берері көп емес екені анық. Шынында бас­та білім болса, неге тәуекелге бел бумасқа? «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап», – дейді дана Абай. Еңбегі мен ақылының ауызбіршілігі кеткендерде шпорға сенуден басқа амал жоқ. Немесе тестке қатысудан бас тарту. Ендігі қызық келер айдың басында болмақ. Көңілімізде өкпе-реніштен гөрі қуанғандарды көптеп көреміз деген үміт басым.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
21 мамыр 2018 ж. 2 218 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 34

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930