Асыраушысынан айырылғандар 2023 жылдан бастап қанша жәрдемақы алады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылдан бастап асыраушысынан айырылғандарға қанша көлемде жәрдемақы төленетінін жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni.
2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТК) 40 567 теңге болады. Соңдай-ақ айлық есептік көрсеткіш 3 450 теңгеге тең.
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерінің санына қарай төленеді. 2023 жылы 1 қаңтардан бастап беріледі:
бір адам болса 0,86 ЕТК немесе 34 888 теңге;
екі адам болса 1,49 ЕТК немесе 60 445 теңге;
үш адам болса 1,85 ЕТК немесе 75 049 теңге;
төрт адам болса 1,96 ЕТК немесе 79 511 теңге;
бес адам болса 2,03 ЕТК немесе 82 352 теңге;
алты және одан көп адам болса 2,11 ЕТК немесе 85 597 теңге.
Ата-анасынан айырылған жетім балаларға ай сайын әр бала үшін 1,18 ЕТК немесе 47 870 теңге жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ еңбекке жарамсыз басқа да отбасы мүшелеріне 0,54 ЕТК немесе 21 907 теңге беріледі.
Бірақ отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшесі үшін 2,56 ЕТК немесе 103 852 теңгеден аспайтын көлемде төленеді.
БАЛА ТУҒАНДА ЖӘНЕ БАЛА КҮТІМІНЕ БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ
Сондай-ақ 2023 жылдан бастап бала тууға байланысты берілетін бір реттік жәрдемақының бекітілген мөлшері:
бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК немесе 131 100 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.
Ал отбасыда егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, бір реттік мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.
Бала күтіміне байланысты сәби бір жарым жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
төртінші және одан да кейінгі балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек. Ол былай есептеледі: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.
Мысалы, әйел кейінгі екі жылда 5 100 000 теңге табыс тапты. Бұл соманы 24 айға бөлу керек: 5 100 000/24= 212 500 теңге.
212 500 теңге – әйелдің ай сайынғы орташа кірісі.
Енді осы көрсеткішті 0,4 коэффициентке көбейтеміз: 212 500*0,4 = 85 000 теңге.
Одан 10% зейнетақы жарнасын шегереміз, бұл 8 500 теңге, сонда айына 76 500 теңге қалады.
Яғни, бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы жәрдемақы – 76 500 теңге.
КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРҒА БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ
2023 жылы төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері:
4 балаға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
8 балаға – 32 АЕК немесе 110 400 теңге;
Сегіз баладан көп баласы бар отбасыларға одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады.
Мысалы, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге).
«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа алған көпбалалы әйелдерге 2023 жылы ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Ал 2023 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді.