Смартфон балаға жау ма?
Жыл сайын ұялы телефон, смартфон, планшеттердің су жаңа түрлері нарыққа шығып жатыр. Жаңаларының функциялары да, сипаттары да сан алуан. Қазақстандық отбасылар балаларына планшет сатып алып беруге құмар. Ал оны қолына алған балаларға түрлі-түсті мультипликацияларға толы ойындар мен мән-мағынасыз мультфильмдер одан әрі қызығушылығын молайта түседі. Одан келетін зиян туралы айтқанымен, байыбына барып, түсінбейді. Оның үстіне қай ана болса да баласының қалауынан бас тарта алмасы бәрімізге жақсы белгілі.
Осы орайда, «смартфон балаға жау ма? Әлде керісінше ме?» деген сауал әрбір ата-ана мен мұғалімнің көкейінде тұрары анық. Бұл сауалға олар қайлай жауап береді, көрелік.
Ботагөз ЕСЕНОВА, Ғ.Мұратбаев атындағы №17 мектептіңпсихолог маманы:
– Телефонға деген тәуелділік тек балалар арасындағы мәселе ғана емес. Бұл қазіргі кезде жас-кәрі демей орын алып жатыр. Одан денсаулық пен ой-санамызға келетін зиянның қаншалықты екеніне аса мән бермейміз. Үлкендер тәуелді болып, жүйкелері сыр беріп жатқанда, өмірді енді бастаған балалардың психикасы қандай күйге түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты.
Жоғарыда айтып өткендей, смартфон баланың қолына түрлі себептермен берілуі мүмкін: жұбату, көңілін аулау, жұмысқа кедергі келтірмеу және тағы да басқа. Алайда оның қандай себеппен берілгені емес, бастысы оның жүйкеге әсер ететіні маңызды. Телефонға тәуелділік уақыт өте пайда болады, тіпті ата-ана оның қай уақытта бұлай болғанын аңғармай қалуы да мүмкін.
Көптің ойында баланы телефоннан қалай алыстатуға болады? деген сауал туындайды. Бірінші кезекте есте сақтайтын жайт – ол баланың қолындағы гаджетті бірден алып қоюға тырыспау керек. Бұл деген баламен арадағы арақатынасты бұзып, жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін.
Негізінен 5 жасқа дейінгі балалар смартфонға байланбас үшін оларға оны бермеген жөн. Екі жастағы баланы смартфоннан алыстату өте оңай, тек орнын өзге нәрсемен алмастырсаңыз болғаны. Себебі айналасын жаңа танып келе жатқан балақайлар үшін болмашы нәрсенің өзі өте қызық. Мысалы табиғат, өсімдік, жан-жануарлар, жасына сай түрлі ойындар. Бар болғаны смартфонын алып, саябаққа, аулаға алып шығу керек немесе ермексазды илеуді көрсетіңіз. Егер бұл әдіс іске аспаса, онда баланы тым кішкентай демей жақсылап сөйлесіп, телефонды ұзақ ұстаудың қандай әсері, әсіресе көз бен арқа үшін қандай қаупі бар екенін айту керек. Гаджетті бірден алып қоймай, жасына сай дамыту ойындарын тартып беріп, телефонды ұстау уақытын қадағалап, шектеу қою керек. Егер балада тәуелділіктің алғашқы сатысы байқалса, онда оған смартфон, ноутбук, компьютер деген секілді заттарды мүлде көрсетпей-ақ қойған абзал. Бала ол заттар туралы тез-ақ ұмытып, өзіне қызықты өзге істермен айналысып кетеді.
Фариза БАЕКЕШОВА, ата-ана:
– Отбасымызда отағасы мен 3 кішкентайыммен тұрамыз. Балаларымның екеуі мектеп жасында. Мен де көп ата-ананың басында кездесетін мәселемен бетпе-бет келдім. Екінші кішкентайым туған соң, үлкенге қарауға уақыт тапшылығы туындады. Бастпақыда телефонмен жиі ойнайтынына онша мән берген жоқпын. Уақыт өте келе анам, үйге келетін қонақтар ескерту жасай бастады. Қазір ұялы телефон бермесең, ашуланып жылайды. Қолына алғанша тынышталмайды. Енді телефон сұраса бермеске амалым жоқ. Ұялы телефонның осындай проблемаға айналып кететінін білмеппін.
Бала болған соң еркелеуі заңды, бірақ әке қабағын ғана елейтін екі қызым менің айтқанымды тыңдамайды. Тіпті кей кезде телефонға телміргені сонша, атын атап шақырып жатсаң да бар назары қолындағы құрылғыда, айтқаныңды естімейді. Солайша шектен тыс қолдана бастағанында көңілдерін ауламақ оймен таза ауаға сергітіп қайтамыз.
Әрине үй тапсырмаларын орындауға немесе мұғалімінен қосымша тапсырмаларды алуға септігі де тиіп жатыр. Бірақ меніңше бәрібір зияны көп-ақ.
Гүлден ШЫНЫБАЕВА, мұғалім:
– Бала кішкентай кезінен бастап ұялы телефонмен құмар болса, бір орыннан қозғалмайды. Бұның барлығы көзге, зейінге кері әсер тигізеді. Ұялы телефонмен көп әуестенген балада эмоционалды тұрақсыздық пайда болады. Яғни, ашуланып, тез ренжіп, айқайлап та кетуі мүмкін. Телефонмен отырған бала біртіндеп тәуелді болып кетеді. Өз эмоциясын басқара алмай, рухани құндылықтар орнына, қарапайым қажеттіліктерге талпынады, себебі баланың гаджетке қызығушылығы артады. Оған қоса түрлі-түсті экран, жылдам өзгеріп тұратын суреттер психикалық қабылдауды тездетеді. Соның салдарынан бала оның пайдасы мен зиянын ажырата алмайды.
Десек те смартфонның зияны ғана емес пайдасы да мол. Оған бірнеше жылдар бұрынғы аты жаман ауру белең алған шақта көзіміз жеткен. Сол уақытта әрбір білім ошағына онлайн білім алу, яғни қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді. Ол көбіміз білетіндей «WhatsApp», «Zoom» желісі арқылы өтті. Бір сөзбен айтқанда оқытушы мен оқушы арасын жақындатты. Бұл да бір еліміздің цифрлану дәуіріне басқан үлкен қадамдардың бірі. Одан бөлек уақыт тығыздығы орын алған жағдайда кез келген мәліметті ғаламтордан іздеп тауып, жүктеуге де болатынын бесенеден белгілі.
Жалпы айта берсек құрылғының тигізер пайдасы да, зияны да таусылмайды. Бастысы кез келген затты пайдаланарда белгілі бір ережені ұстануымыз қажет. Мәселен, компьютерде жұмыс жасау тәртібінде оған отырған соң, әрбір 30 минут сайын орнымыздан тұрып, дене мен көз жаттығуларын жасаймыз. Сол сияқты смартфонды да пайдаланудың өз ережелері бар.
Серік АҚМЫРЗА