Өңірлерде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері тағайындалды
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың өкімімен «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Заңға сәйкес бірқатар облыстарда, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында омбудсменнің өкілдері тағайындалды.
Бұл туралы inform.kz ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдері жұмысын бастады.
Сондай-ақ, Жамбыл, Павлодар, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Жетісуда конкурстық іс-шаралар өтіп жатыр.
Биыл Қазақстанның 17 өңірінде Уәкілдің өкілдігі жұмыс істейтін болады. Тағы 3 өңірде (Ұлытау, Абай және Алматы облыстары) өкілдіктер 2023 жылы тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін ашылады деп жоспарлануда.
Өкілдер мемлекеттік қызметші болып табылады және «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен тағайындалды.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің лауазымы Қазақстан аумағында адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік қорғаудың қосымша кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ уәкiлдiң атына ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың құқықтарын қорғаудағы қол жетімділігі мақсатында құрылған.
Адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру, өңірдегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ынталандыру және ілгерілету мақсатында мемлекеттік билік органдарына, құқық қорғау және сот органдарына жүгіну жөнінде кең өкілеттіктер берілген.
Өкілдерге Қазақстан Республикасының азаматтары және оның аумағында орналасқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар немесе олардың өкілдері жүгіне алады.