Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді
Қыркүйек айының басында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кезекті жолдауын жеткізген болатын. Негізі үлкен бес бағыттан құралған жолдауда еліміздің дамуы жолында айқын мақсат пен қай салада болмасын тұрақтылық, өсу қарастырылған. Соның ішінде азаматтардың тікелей өміріне, тұрмыс - тіршілігіне, әлеуметтік жағдайына қажетті мәселелер көтерілді. Осы ретте Мемлекет басшысының әрбір ел азаматының көкейінде жүрген өзекті мәселелердің оң шешілу жолын таба білді деп айтуға негіз бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында жер мәселесі де жан-жақты қарастырылды. «AMANAT» партиясы бүгінде халықтың ең басты байлығы, яғни жер мәселесінде түбегейлі бетбұрыс пен кешенді өзгеріс процесін іске қосып, «Жер Аманаты» комиссиясы жоғары деңгейде жұмыс жасауда.
Сондай-ақ, Жолдауда кезектен тыс Президент және Парламент пен Мәслихаттар сайлауын өткізуді ұсынды. Бұл бастама елдегі әлеуметтік-экономикалық жаңару, жаңа экономикалық саясатты іске асыруда да маңызды болмақ. Ол келесі жылдың басында негізгі саяси институттардың жаңарып, тың серпінмен қызмет етуіне жағдай жасайды.
Жолдауда көзделген межелерге қол жеткізу тек бірлік, ынтымақ арқылы мүмкін болады. «AMANAT» партиясы президенттің қоғамдық тірегі ретінде жолдауда айтылған мақсат - міндеттерді орындауға толықтай күш салмақ.
Нұрғиса ЖАЛҒАСБАЕВ,
«AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы