«Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік тағылымдамаларға құжаттар қабылдау басталды
Биыл шетелдік тағылымдамаларға 110 стипендия бөлінді.Бүгін елімізде «Болашақ» бағдарламасымен жетекші шетелдік ЖОО-ларда, әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталықтары мен салалық ұйымдарда тағылымдамадан өтуге құжаттар қабылдау басталды. Өтінімдер биыл 14 қазанға дейін Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталында қабылданады. Биыл шетелдік тағылымдамаларға 110 стипендия бөлінді, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.
2022 жылы қызметкерлердің 7 санаты «Болашақ» бағдарламасымен біліктілігін арттыра алады: инженерлік-техникалық қызметкерлер, ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, медициналық қызметкерлер, мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері, агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлері.
«Болашақ» бағдарламасы аясында басым мамандықтар тізімі тағылымдама бойынша 158 мамандықты көздейді. Биыл аталған тізімге Вig Data архитектор, жасанды интеллект, интерфейстердің дизайны сынды өзекті мамандықтар енді.
Естеріңізге сала кетейік, тағылымдамадан өтетін стипендиаттар кепілге мүлік қоймайды. Міндеттемелерді орындау үшін екі гарант ұсыну ғана жеткілікті. Соңғы 12 айда тұрақты табысы бар, жасы 50-ге толмаған ҚР азаматы үміткерге гарант бола алады.
Тағылымдамадан өтуге үміткерлердің жалпы жұмыс өтілі 3 жылдан кем болмауы керек. Соңғы 12 айда таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеуге тиіс. Үміткер шетелдік ұйымнан шақыртуды өз бетінше алады және ҚАЗТЕСТ тапсырады, нәтижесі В1-ден төмен болмауы керек.