МӘМС-тің мәні неде?
Елімізде 2020 жылы, қаңтар айының бірінен бастап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі күшіне енді. Алайда әрбір Қазақстан азаматы МӘМС жайлы естігенімен, әлі күнге дейін оның не екенін жете білетіндер аз. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәні не, тиімді ме, ай сайынғы салымы қанша теңге болады? Осы және өзге де сауалдарға жауабын іздеп, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Медициналық сақтандыру – денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі, медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады. Медициналық сақтандыру көптеген елдерде халық үшін, сонымен бірге жұмыс берушілер үшін де денсаулық сақтау жүйесінің тиімді модельдерінің бірі ретінде танылған. Қордың әу бастағы миссиясы – халықты тиімділігі дәлелденген, қолжетімді медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз ету, жұртшылықты медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғау, медициналық қызметтерді кепілдік пен теңгерімді сақтай отырып сатып алу. Яғни, азаматтарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету арқылы қызметтің сапасын тиісті деңгейде ұстап тұру көзделген.
Бүгінде қазақстандықтардың дәрі-дәрмекті тұтынуы бойынша анализ жасалады. Яғни, ел тұрғындары қандай дәрілерді жиі қолданып, оларды қанша мөлшерде тұтынатыны есепке алынады. Бұл ретте дәрігерлер науқастың ауру тарихы мен оған ұсынылған рецептті электронды базаға тіркейді. Сол арқылы қай дәрінің қанша көлемде керек екені анықталмақ. Бұл препараттардың қаншалықты жұмсалып жатқанын бақылауға да мүмкіндік береді. Десе де, медицина қызметкерлері науқастарға тек тегін тізімге кіретін дәрілерді ғана ұсынуға міндетті емес.
Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Ол ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүміндік алады. Медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны да сөзсіз. Мұндағы бәсекелестік – медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыратыны да бар.
Қазақстанда экономикалық белсенді емес тұрғындар саны шамамен 11 миллион адамды құрайды. Дәлірек айтсақ, балалар, егде жастағы адамдар, көп балалы аналар, жүкті əйелдер, жұмыс істемейтін мүгедектер жəне тағы да басқалары жатады. Сондай-ақ жұмыс берушілер өз жұмыскерлерінің денсаулығына қамқор болуға тиіс, себебі дені сау жəне өнімді еңбек ресурстары – кез келген кəсіпорынның табыстылығының кепілі. Сондықтан барлық міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру қолданылатын барлық елдерде жұмыс берушілер медициналық сақтандыру жүйесін еңбекақы төлеу қорынан 3%-тен 15%-ке дейін мөлшері құрайтын жарна енгізеді.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарна мен аударымдардың мөлшері өзгерді.
Айта кетейік, жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін, ал АЕК 2 917 теңгеден 3063 теңгеге дейін өсті.
Тиісінше, 2022 жылы МӘМС төлемдері де артты. Осыған орай жұмыс беруші қызметкері үшін оның жалақысының 3%-ін төлейді, бірақ сомма мөлшері 18 мың теңгеден аспайды. Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатындар өз кірісінің 2%-ін аударады, ол да 12 мың теңге көлемінде ғана төлей алады. Ал жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатындар – ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5%-ін немесе 4 200 теңге төлейді.
Бірыңғай жиынтық төлем өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін қала тұрғындары үшін –1 АЕК немесе 3 063 теңге және ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге.
Дербес төлеушілер ең төменгі жалақының 5%-ін немесе 3 мың теңге төлейді.
Жеңілдікке ие 15 санатқа жататын азаматтар үшін жарнаны мемлекет аударады. Бір адам үшін жарна мөлшері – 3 614,2 теңгені құрайды.
Егер сіз МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болсаңыз, жарна төлеуші санатына қарай МӘМС үшін ай сайын төленетін жарна мөлшерін анықтап алыңыз.
Серік АҚМЫРЗА