Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардақты адамның аты өшпейді

Ардақты адамның аты өшпейді

Бірде маңғазданған мінезіне ықтиярсыз ұйытатын, бірде ақиқаттың ақ таңындай құлпыратын, бірде жаздың дауылындай соғатын, бірде сазды әуенімен қиялыңды қалықтататын, бірде әуелде құдай аталған сөздің құдіретін маржандай төгетін, бірде сырбаздықтың ауылына жетелейтін қазақтың талай-талай жақсы-жайсаңдар өмірден өтті. Сондай мерейлі жандардың бірі, ел ағасына айналған, Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері атанған Аманкелді Мұзатов. Мағыналы өмірінде талай биіктерге көтерілген тұғырлы тұлғаның елге жасаған қызметі, тіршілікте қалдырған ізі айқын, кейінгіге үлгі.
Бар өмірін прокуратура саласына арнаған Аманкелді Мұзатұлы 1947 жылы Қазалы ауданына қарасты «Майдакөл» совхозында қарапайым отбасында дүниеге келген.
1964 жылы Октябрь(қазіргі Бекарыстан би ауылы)ауылында Ү.Түктібаев атындағы №24 қазақ орта мектепті бітіре сала еңбекке араласты. Екі жылға жуық совхоздың «Біржар» мал шаруашылығында жұмыс істеп, әскери борышын өтеуге аттанды.
Әкем 1966 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, үш жыл Ресей Совет Федеравтивтік Социалистік Республикасының Челябинск қаласында ракеттік әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын абыройлы атқарды.
Әскерден оралысымен 1969 жылы С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік Университетінің заң факультетіне сырттай оқуға түскен. Жоғарғы білім оқу орнында оқып жүріп, Алматы қаласындағы үй құрылысы комбинатында бетоншы болып жұмыс істеген.
1975 жылы ҚазМУ-дың заң факультетін үздік бітіріп, жолдамамен Қызылорда қаласы прокуратурасында өндірістік тәжірибеден өтті.
1976 жылы Қармақшы ауданаралық прокуратурасында тергеуші, мұнан соң 1980 жылдан облыстық прокуратурада аға тергеуші, айрықша маңызды істер жөніндегі тергеуші болып еңбек етті.
1982 жылы КСРО астанасы Мәскеу қаласында Т.Гдлян мен Н.Ивановтың басқаруымен құрылған жедел-тергеу бригаданың құрамында 1 жылға жуық уақыт бойы бүкіл КСРО-ға атақты «Мақта ісі – Хлопковое дело» қылмыстық істің әшкерелеуіне және одан кейін тергеуіне қатысқан.
Осы «Мақта ісі» бойынша атқарған еңбегі үшін Аманкелді Мұзатов 1982 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен наградталды.
1983 жылы Қазақ КСР Прокурорының бұйрығымен Қызылорда облысы Арал ауданының прокуроры болып тағайындалды. 1987 жылы Қармақшы ауданаралық прокуроры қызметіне ауыстырылды.
Мұнан соң 1992 жылы Қазалы ауданының прокуроры болып тағайындалып, туған жердің өсіп-өркендеуіне және қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көптеген жұмыстар атқарды.
Қызметтегі мінсіз еңбегі еш кеткен жоқ. 1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқылардың қатарында Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
1995 жылдың 13 шілдесінде қызмет міндеттерін 20 жыл бойы адал атқарып, прокуратура органдарында жас мамандарға тәлім-тәрбие көрсетіп, заңдылықты нығайту жұмыстарында қосқан үлесі үшін Қазақ КСР прокуратурасының құрылғанына 73 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен атаулы қол сағатты (именные наручные часы) табыстау арқылы марапатталған.
Тумысынан қарапайым, жаны жақсылыққа құмар Аманкелді Мұзатұлы сияқты асыл азаматтың адами асыл қасиеттері туралы замандастары әріптес інілері аңыз қылып айтатын болады. Қара қылды қақ жарған, әділдікті ту еткен ол өз бетінше бірнеше тілдерді оқып-үйренген, туған халқының тарихына жетік азамат болатын.
Заңдылықты сақтауда, оны құрметтеуде Әбекең ұдайы жас ұрпаққа үлгі өнеге болған жан еді. Алдына келген кіріптар, басына іс түскен азаматтардың оның қабинетінен жүздері жарқырап шыққанын талай мәрте көргенін замандастары ризашылықпен еске алады. «Спорт» десе ішкен асын жерге қоятын оның өзі де бұған жастайынан құмар болды. Құмар болып қана қойған жоқ, спорттың бірнеше түрімен тынбай шұғылданды. Ал көзі тірісінде прокуратура саласының саңлағы Аманкелді Мұзатовтың кітапқұмарлығы өз алдына бөлек әңгіме.
Қамшының сабындай қысқа ғұмырында қызмет бабымен қайда, қай жерге қоныс аударса да үйінің бір қабырғасында көркем әдеби шығармалармен қатар қылмыстық кодекстер, алуан түрлі сөздіктер, заңнамалық кітаптар қаз-қатар тізіліп тұратын.
Әбекең қат-қабат қызмет арасында уақыт тауып, жеке кітапханасындағы Жюль Верн, Джек Лондон, Александр Пушкин, Федор Достоевский, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Шүкіров сияқты біртуар қаламгерлердің кітаптарын оқып жүрген.
Асыл азамат, дархан жүректі прокурор Аманкелді Мұзатовтың қай жерде қызмет атқарса да кеңсесінің ауласын көгалдандыруға, көркейтуге үнемі атсалысатыны жас әріптестеріне үлгі бола бермек. Сірә, «Жақсының аты өлмейді» деген аталы сөз осы болса керек.
Ардақты әкеміз Аманкелді Мұзатұлы осындай мағыналы ғұмыр кешіп, бойындағы күш-жігерін, білімін еліміздің өсіп-өркендеуіне жұмсады. Соңында көп жыл отасқан жары, көркіне ісі сай Алмаш Мұзатовақалды.
Аяулы анамызбен бірге алты баланы тәрбиелеп, өсіріп, әрқайсысын бөлек жоғарғы оқу орнына түсірген. Қазіргі таңда жары Алмаш зейнеткерлікте Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.
Аманкелді Мұзатовтың үлкен ұлы Мұрат Мұзатов 2000-2020 жылдар аралығында Қызылорда, Павлодар облыстық прокуратура органдарында абыройлы жұмыс істеп, 2020 жылдың маусым айында Арал ауданы прокурорының орынбасары лауазымынан отставкаға (зейнетке) шықты.
Екінші ұлы Қуат Мұзатов Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінде 1998-2016 жылдар аралығында аға учаскелік инспекторы қызметін атқарып, 2016 жылдың қыркүйек айында отставкаға шыққан.
Екі қызы Салтанат Мұзатова У.Көшеков атындағы Атырау агротехникалық колледжінде арнайы пәндердің оқытушысы, Гүлжанат Мұзатова Алматы облысы Бурундай поселкесінде «Almaty tannery» ЖШС-де (Алматинский кожевенный завод)5-ші разрядты теріні бояу және майлау аппаратчигі болып жұмыс істейді.
Ал кіші қыздары Меруерт Мұза­това Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде Мәжбүрлеп орындау департаментінің Ақпараттық талдау және өзара іс-қимыл басқармасының басшысы, Мұзатова Ләззат Әділет министрлігінде Ішкі әкімшілендіру департаментінің бас сарапшысы болып жұмыс істейді.
Ел сыйлаған абзал ағалардың бірі, қасиетті топырақтың төл перзенті Аманкелді Мұзатов тірі болғанда биыл тамыздың бірінші жұлдызында 75 жасқа толар еді.
Елінің ортасында құрметке бөленіп, Прокуратура саласында қажырлы еңбек етіп, абыройға бөленген ардақты әкеміз 1999 жылдың 27 наурызында 52 қараған шағында дүниеден өтті. «Өмір деген бір күндік сәуле екен» депті Мұқағали ақын. Бірақ ол сәуле, ол от өшпейді, артында қалған баласы, ұрпақтары барда ол жарқырай түседі. Лайым солай болғай.

Мұрат МҰЗАТОВ
09 тамыз 2022 ж. 623 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031