Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тұрмысындағы бұйым

Қазақ тұрмысындағы бұйым

Біздің ұлттық болмысымызға қарай бойымызда бабалардан қалған сарқыншақ бар. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан дала халқының өмір сүру салты санада сайрап тұрғанымен уақыт өте бүгінгі тұрмыс-тірліктен біртіндеп ығысып бара жатқандай. Соның бірі төрт түлікті мыңғырта ұстаған қазақтар үшін маңыздысы – арқан. Арқан – жүн мен қылды араластыра есіп жасалған шаруашылық құралы. Аң аулау, малды қосақтау, көгендеу, байлау, ұстауға арналған.
Сондай-ақ жүкті буып-түю, оны көтеру мен алып жүру және киіз үйдің іші мен сыртын бекіту сияқты шаруашылық жұмыстарында қолданылады. Оны көбінесе қойдың «шетпұшпақ» деп аталатын өлі немесе жабағы жүнге ешкі болмаса жылқының қылын қосып есіп жасайды.
Бұрындары қазіргідей қытайдың ала дорбасы, дайын жіптер жоқ болғандықтан қыстау мен жайлаудың екі ортасында қоныс аударатындар үшін қолдан есілген арқанның көмегі зор еді. Сондықтан арқанның шаруашылық пен тұрмыста қолданылуы мен жасалуына қарай түрліше аталды. Қойдың ақ, қара жүніне қыл қосылғаны ала арқан делінген. Мұның өзіндік ғұрыптық мәні де жоқ емес. Арқанша арқанның қысқа түрі. Жібек арқан – сәндік үшін арнайы дайындалған тең, жүк буатын және киіз үйді бекітетін мата немесе жібек жіп араластырып есілген бұйым. Жіп иіру технологиясын игерумен байланысты көршілес жұрттардан келген кендір өсімдігінің сабағынан есіп жасалған жуан, қатты жіп – кендірлі арқан деп аталған. Бұл мал шаруашылығында аз қолданылды.
Қайыс арқан сиырдың, түйенің иленген терісінен тіліп алынған таспадан өріп жасалған. Аттың қылы көп қосылған ерекше түрі шалма арқан ретінде қабылданған. Күнделікті тұрмыс жағдайындағы құралға қылы аздау салынады. Қыл көп болғанда арқан қаттылау ширатылады екен. Бұлар мал шаруашылығында, үй тұрмысында кеңінен пайдаланылған. Оның ұзындығы мен жуандығы қолданылу аясына орай әртүрлі есілген. Көбіне асау жылқыға, құлын-тайға шалма тастау үшін пайдаланылатын.
Ертеректе сирек болса да, қан арқан деп аталатын арқан түрі қылмыскерлерді өлім жазасына кесілгеннен кейін дар ағашына асатын жазалау құралы ретінде пайдаланылды. Оның материалдық құрамы жөнінде деректер жоқтың қасы. Бәлкім, оның жасалу технологиясын әдейі құпияда ұстаған болар деген ой сана түбінен қылаң береді.
Халық арасында «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» деген тәмсілді ұдайы естімесек те кей-кейде атпалдай азаматтың қиындыққа душар болғанында осындай бір ауыз сөзбен басу айтатынын құлағымыз шалады. Ендеше ежелден ел аузында келе жатқан аңыз арқан қалай дайындалады? Ол – жылқының жалы мен құйрығынан есілген, мықты арқан түрі. Оған қой жүні де қосылып ширатылады. Сондықтан мұндай бұйым өте берік болады.
Халық сенімі бойынша қыл арқаннан жылан, қарақұрт сияқты улы жәндіктермен қатар ит-құс аттап өтпейді-мыс. Осы есеппен киіз үйдің кенересіне айналдыра тастайтын. Сонымен бірге мал қорасын да айнала керіп қоршайтын үрдісті ұстанған.
Сүйретпе арқан – шүйкесі жылқының жал-құйрық қылымен оралып, бұралып жасалады. Жуан келген арқанның бұл түрі шөп шабу науқанында шөмелені сүйретуге арналған.
Жуан арқан – жолаушы жүргенде немесе әртүрлі жорық кездерінде, жылқыны қолда немесе жанында ұстау үшін оны арқандап қоюға, кейде қашағанды шалмалап ұстауға пайдаланатын ширақы, әрі жіңішке есілген түрі. Ат арқан – әр қазақ үйінде кездесетін ұзын арқан ат арқандауға арналды. Бұғалық арқан – бір жағы тұзақталған, ұзындығы он-он төрт құлаштай жіңішке қыл арқанның бұл түрі асау ұстауға арналған. Жел арқан – қатты жел немесе дауыл тұрғанда киіз үйді мықтап бастыра тартып, қазыққа байлап қоятын жуантық құрал саналады. Қосақ арқан – ұзын етіп жасалатын бұл түрі қой-ешкіні қосақтауға арналған. Ол қылы аздау, есесіне жүні молдау етіп есіледі. Тарту арқан – көшкенде түйеге артқан жүкті қомға бекітетін, сонымен бірге, арба-шанаға тиелген жүкті де бастырып байлайтын көмекші түрі. Ұзындығы он екі құлаш шамасында, қыл қосып, ширақ етіп есіп жасалады. Түйеге жүк артқанда байлайтын қом арқан шамамен жеті-он құлаш. Матау арқан шөккен түйелерді, қысырақтарды матап байлайтын онша жуан емес қысқалау болады. Арқанның кішіректеу, жіп тәрізді арқаншаны ноқтаға тағуға пайдаланады.
Сондай-ақ жүкті немесе теңді байлап, бекітуге арналған шанду және шом арқан деп аталатын түрлері де болды. Киіз үйге қолданылатын бірсыпыра арқандардың атаулары да, олардың атқаратын қызметіне байланысты қалыптасты. Белдеу арқан, бас арқан, жел арқан, керме арқан, салма арқан деп аталды.
Қазақтың космогониялық дүниетанымында арқан екі дүниені яғни тәңірлік дүние мен адамдар мекендейтін ортаны байланыстыратын медиатрмен байланыстырады. Арқан сан алуан ғұрыптар және наным-сенім жүйесіндегі бірде жамандық атаулының символы, бірде о дүниенің немесе жер астындағы өлгендердің рухы мекендейтін дүниенің өкілі – жылан бейнесімен астасады.
Қазақы ортада жиі айтылатын «арқан аттама», «арқан ұрлама», «есіліп жатқан арқан астынан өтпе» деген сияқты тыйымдар аталмыш түсінікке және осыған орай атқарылатын ғұрыптарға байланысты қалыптасса керек.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
02 тамыз 2022 ж. 760 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031