Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрлық түбі – қорлық

Ұрлық түбі – қорлық

Қарақшылыққа жаза қатайды
Бағзыдан төрт түлігін түлетіп, содан ризығын тауып жүрген аудан халқы соңғы жылдары жайылымдағы малының қамын ойлап, мазасыз күй кешкен болатын. Оған себеп – ауданда мал ұрлығының өршуі еді. Ұрылардың еркінсіп кеткені соншалық, 15-20 бас малды иемденіп, алып кететінді шығарған.
Бұрынғы қазақ қоғамындағы құн дауына, жесір дауына, жер дауына, басқа да даулы мәселелерге байланысты билер кескен құн мөлшерін айыпты жақ өтей алмағанда құн даулаушылардың қарсы жақтан өрістегі жылқыларды шауып, айдап әкетуін барымта деп атаған. Кей кездері барымтаның әділеттілікті қалпына келтіруге септескен жайлары да кездесіп отырған. Сондықтан рулы елдің есесін жібермей, тиісті құнды амалсыздан осындай жолмен қайтаратын намысты, қарулы жігіттерді барымташы деп дәріптеген.
Мал ұрлайтындарға қазақ басқа сөзді қолданған. Айдың, күннің аманында айдаладағы малды айдап алатындарды, түн жамылып қораға баратындарды, жазықсыз жандардың обалына қалатындарды баукеспе, ұры, қарақшы деп атағандығын алға тартады Қазалы аудандық заң консултациясының меңгерушісі Мұхиядин Жақыпов.
– Ұры деген жақсы атақ емес. Алпысыншы жылдары бала кезімізде мал ұрлап көзге түскенді сол ауылдан масқаралап «қарабет қылдың» деген желеумен көшіріп жіберетін. Ұмытпасам бұл жылдарға дейін ешқандай баукеспелік болмаған. Кейін етек алды.
Жалпы ол шақтағы түсінік бойынша ұрлық деген жат нәрсе еді. Меніңше, 50-жылдары біздің ауданға шешендер жер аударылып келе бастағанда осы қызуқанды халықтың үрдісі ме, әлде азық ету үшін бе, әйтеуір мал ұрлау сол ұлттың көшіп келген кезінен басталды. Содан кейін-ақ бұл арсыз әрекет жұқпалы дерттей жалғасып кетті.
Қазір ойлап қарасам ешқандай ақтау мен шешім айта алмаймын бұл неге бұлай болғанын. Заман жақсы, бәлкім адам пейілі өзгерді ме?! – деген ойын жеткізді Мұхиядин Жақыпов.
Осыдан үш жыл бұрын елде мал ұрлығына қатысты 4700-ден аса қылмыс тіркелген. Бұл ретте Мемлекет басшысы жаңа заңға қол қойып, осы сипаттағы қылмыстарға арнайы бап енгізеді. Бекітілген тәртіптің жай-жапсарын сол кездегі ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов мал ұрлығы және тонау, қарақшылық қылмыстары бойынша «тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік мекемеге, қоймаға, көлікке заңсыз кіру» қылмыстың ауыр санатына ауыстырылғандығын баяндаған болатын. Ресми мәлімдемеде мал ұрлағандар мен малынан айырылғандар бұрынғыша өзара ымыраға келе алмайтындығы жеткізілді. Өйткені оған да тыйым салынды. Ол үшін қылмыстық кодекстің 68-ші бабына түзету енгізілген. Мал ұрлығына қатысы бар кінәлі адамдарға 5 жылдан 7 жылға және олар ұйымдасқан түрде қылмыстық топ болса 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Сот өкілдері не дейді?
Әділдік жаршыларының мәлімдеуінше, бұрын мал ұрлау санатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар жалпылама Қылмыстық кодекстің 188-бабымен (ұрлық) сараланатын.
Бүгінде Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бабынан бөлек енді Қылмыстық кодекстің 188-1 (мал ұрлау) бабымен толықтырылды.
– Мәселен, «ұрлық» атты баптың 1-бөлігі бойынша қылмыс жасаған адамға мүлкі тәркіленіп немесе бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. “Мал ұрлығы” атты баптың 1-бөлігі бойынша осындай қылмыс үшін үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеу, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады және міндетті түрде мүлкі тәркіленеді, – дейді аудандық сот төрағасы Дәурен Әбдіхалықов.
Төрағаның айтуынша, егер «Мал ұрлығы» қылмысын осы баптың 2-бөлігіне сәйкес, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған жағдайда, сондай-ақ ірi мөлшерде мал ұрланғанда міндетті түрде мүлкi тәркiленеді. Сонымен бірге үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Ал үшінші бөлігіне сай, егер бірнеше рет тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау әрекеті үшін мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жәбір көрген кімнен пана сұрайды?
Ұрлық қашанда бар құбылыс. Әр елде бұған қатысты өз жазалары да бар. Баукеспелік кейбірлерінде туабітті ауру ретінде саналады. Ондай дертке қатал тәрбие болмаса, әлбетте іс насырға шабады. Бала кезде үлкендер өзара әңгіме арасында «ана пәленше деген кемпірдің қолының сұғанақтығы бар екен. Қонаққа барған жерден әйтеуір бір затты іле шығу, оның үрдісі» дейтінді еріксіз естіп қалатынбыз.
Ал түгенше деген кісі көршісінің қорасындағы сиырын ұрлапты. Бірақ ол деп ешкім күмәнданбаған деген сөздер өрбитін. Сөйтсе әккі ұры малдың аяғына байпақ кигізіп, байқатпай ізін суытқан екен. Ертеңіне қайта қорасына айдап апарады екен. Сондағысы кеңшілік заманда баукеспелік әдетін аңсаған уақытында солай жасайтын көрінеді.
Қазір ұрлық ашықтан ашық жасалады. Бірі жапан даладан аң атқандай, оп оңай атып алса, кейбірі топтасып, жайылымдағы ірі қараны қиналмастан айдап кете барады. Сондай жағдайды басынан өткерген Көбек ауылының тұрғыны Шаһар апа жазықтылардан есесін қайтара алмай жүр.
–Менің 15 бас сиырымды құқық қорғау органына қатысы бар адамдар қолды қылды. Құнын да ең төменгі бағаммен есептеп берді. Қазіргі күні жырымшылап 4-5 мың теңгеден ғана өтеуін мазақ еткендей төлеп келеді. Бұдан кейін де 2 бас сиырым ұрланды. Бала-шағамның келешегіне оқу оқыса, қаражатын пайдаланамын деп ниеттенген тілегім орындалмады. Сандалып бармаған жерім жоқ. Үмітім үзіліп, еңсем түскен соң мал ұстауды қойдым, – деген уәжін жеткізді.
Оның айтуынша, бұдан бөлек Қызыл ту ауылынан да 24 бас жылқы далалықтан айдалып әкетілген. Мұндай қайғысы ортақ өзіндей жәбір көргендер баршылық екен. Тек оларға құлақ асып, көмек берер жан табылмапты. Әлі күнге қат-қат сот ісінде қаралған құжаттарды сақтап отыр.

Мал ұрлығы саябырсыды
Мән жайдың анық-қанығына бойлау үшін Қазалы аудандық сот қызметкерлеріне хабарласқан болатынбыз. Олардың мәліметі бойынша арнайы заң шыққалы сот өндірісіне мұндай қылмыстық іске қатысты құжаттар түсу легі азайған. Мәселен, биыл бір жағдай тіркелген. Яғни осы жылдың 25 қаңтарында сотталушылар Т.Е. мен Т.Р. екеуі алдын ала сөз байласу арқылы кешкі уақытта Абай ауылының тұрғыны жәбірленуші Ж.Ш-ның мал қорасына заңсыз кіріп, құны 60 000 теңге тұратын бір бас қойын ұрлаған.
Сотталушылардың қылмыстық құқық бұзушылық әрекетінің нәтижесінде жәбірленуші Ж.Ш-ға 60 000 теңге көлемінде мүліктік шығын келтірілген.
Сотталушылардың жасаған қылмыстық әрекеті сараланған Қылмыстық Кодекстің 188-1 бабының 3-бөлігінің 2-тармағында бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалатындығы көзделген.
Сот қылмыстық жаза тағайындаған кезде сотталушылардың кінәсін толығымен мойындағандарын, шын ниетпен өкінетіндерін, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтегендерін, олардың бұрын сотты болмағандығын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайларға жатқызады. Ал олардың қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлары жоқтығы ескеріледі.
Осылайша аудандық соттың үкімімен сотталушылар Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-1 бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылады. Ең төменгі жаза 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сотталушыларға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленген.
Дегенмен сот үкіміне наразы болып берілген сотталушылардың апелляциялық шағымымен қылмыстық іс Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында қаралуда. Үкім заңды күшіне енбеген.
Дей тұрғанмен қашанда ешқандай қылмыс және оны жасаған адам жазасыз қалмайды. Оңай жолмен олжа тауып, байимын деген жандар оңбай қателеседі. Одан да білім алып, мамандық бойынша еңбек ету, ризықты жерге дән себу, мал бағып-өсіру де табыс көзі болып табылады.
«Маңдай термен тапқан – нан қашанда тәтті болады» деген нақыл кейбір жандарды ойландырса игі.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
07 маусым 2022 ж. 523 0

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 40

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 87

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 136

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 144

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031