Қазақстанда дизель бағасы өсіп жатыр
Мұнай жеткізуші алпауыт кәсіпорындар дизель бағасын көтеріп жіберді. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына осылай жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақпарат-аналитика агенттіктерінің дерегі бойынша, мұнай жеткізуші ірі кәсіпорындар («PETROSUN» ЖШС мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ) дизельдің бір тоннасын 10-15 теңгеге немесе литрін 8-12 теңгеге дейін көтеріп жіберген. Дәл осындай өсім басқа жеткізушілерден де байқалып отыр. Бөлшек саудадағы баға реттеліп отырған кезеңде акциз мөлшерлемесін көтеру мұнай жеткізушілер мен жер қойнауын пайдаланушылардың, мұнай өнімдерін сататын делдалдардың табысын төмендетті. Соған қарамастан шекті баға өзгеріссіз қалып отыр. Сондықтан өкөтемгі егіс науқаны кезінде дизель бағасы өскен жоқ» деп жазады Роман Скляр жауабында.
Оның сөзінше, Қазақстан аумағында мынандай акциз мөлшерлемелері белгіленген:
- бензиннің көтерме саудасына (авиация бензинін қоспағанда) (код ТН ВЭД ЕАЭС 2710 12 4110 – 271012 590 0) – 1 тоннаға 38 134 теңге;
- дизельдің көтерме саудасына (код ТН ВЭД ЕАЭС 2710 19 421 0- 2710 19 425 0) – 1 тоннаға 35 726 теңге.
«Бұған қоса жанармай бағасының күрт өсуін болдырмау үшін мұнай бағасын тауар биржаларында көтерме бағамен өткізудің ұсынымдарына өзгертулер енгізілді. Бұл ұсынымдар биржалдағы сауда ережесі бекітілгенге дейін қолданылады. Ол бойынша, бір сауда сессиясының кезеңінде баға 1%-дан артық қымбаттамауы керек. Биржадағы саудаға қатысудың жылдық айналымына белгіленген 5 мың тонналық шек алып тасталды. Бұл жанармай құю стансаларына жанармайды шағын мөлшермен, биржа арқылы ресурс ұстаушылардан тікелей сатып алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Үкімет басшысының орынбасары.
13 мамырдан бастап дизельді биржада FCA шартымен сатау қайта жанданған болатын.
«Мұнай өңдеуші зауыттар ұсынған бастапқы баға тоннасына 222 – 227 мың теңге немесе литріне 184 – 188 теңге болды. Ал бөлшек саудада 1 литр дизельдің бағасы 230 – 260 теңге болып отыр», - дейді Роман Скляр.
Еске салсақ, мұнай өңдеу зауыттары егіске қажет дизельдің бір литрін 176 теңгеден сатқан болатын.