Дизельдік отынның құнын нарық қалыптастырады - ҚР энергетика министрлігі
Бүгінгі күні автожанармай құю станцияларында дизель отынының құны өсті. Егер осыған дейін дизельдік отын 1 литрі 135 теңгені құраса бүгінгі баға 26 теңгеге өскен.
2018 жылдың көктемгі егіс жұмыстарының тұрақты жүргізу үшін ҚР Энергетика министрлігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен түрде «Көктемгі егіс жұмыстарына дизельдік отынды жеткізу бойынша Мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) облыстарды бекітіп беру кестесі» әзірленді және бекітілді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге (АШТӨ) қажетті мұнай өнімдерінің көлемін анықтап, ҚР Энергетика министрлігіне егіс және егісті жинау жұмыстарын жүргізуге арналған АШТӨ үшін дизельдік отынды жеткізу көлемі туралы ұсыныстарды енгізеді. Десек те баға тұрақсыздығын АШТӨ қуаттап отырған жоқ.
ҚР Энергетика вице- министрі Болат Ақшолақов дизельдік отынның құны өскені туралы: «Дизель отынын тұтыну көлемінің өсу себебі өндірілген дизель отынының басым бөлігінің ауыл шаруашылығы және темір жол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалатыны негізгі фактор. Бұдан басқа, сұраныстың артуы Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының маусымдық өсуімен және де осы жағдаймен байланысты ішкі нарықтағы және көрші елдердің шекаралас аймақтардағы бағаның диспаритетіне байланысты отынның шекара асып кетуі нақты себеп болып отыр. 3 мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) модернизациялаудан өткізілді, Шымкенттегі МӨЗ модернизациялаудың екінші кезеңінде тұр. Бұл мекемелер енді толық қарқынмен қыркүйектен бастап жұмыс істейтін болады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу екі кезеңде қызу жүргізіледі. Бұл - көктемгі егіс кезі, екіншісі- күзгі жиын -терім науқаны. Яғни көктемде 375 000 тонна дизель отыны шығарылса, күзгі мезгілге 394 400 тонна дизель отынын шығаруды жоспарлағанбыз. Қазақстанның әр бөлігінде жиын-терім кезі әр уақытта болатындықтын, мысалы оңтүстікте астық жинау аяқталса солтүстікте енді басталады. Жоспарланған көлем облыстарға теңдей бөлінген. Қазіргі кезде мемлекеттің тарапынан заңдық тұрғыда дизель отыны бағасы реттелмейді, бағаны нарық билеп отыр. Және де мемлекет дизельдік отынды субсидияламайды»,- деп мәлімдеді.
Ал бағаның өсу мәселесін мұнай өндіруші, жеткізуші компаниялар қалай түсіндіреді? Осы ретте «Kazenergy» қауымдастығының мұнай-газ және энергетикалық даму жөніндегі атқарушы директоры Рүстем Қабжанов: «Баға өсімі тек бір мекемеге байланысты емес. Біржақты ақпарат мерзімді баспасөз бетінде жарияланып жатыр. Негізгі мәселе шикізатта- мұнайда. Бірнеше жылдар бұрын дағдарыс кезінде мұнай бағасы барелі 30 долларға дейін түсіп кеткен болатын. Ол кезде мұнай өндіруші компаниялар бағаны өздері реттеген. Дәл қазіргі кезде мұнай барелі құны өскенімен де шикізаттың зауыттарға тиісті көлемі барады», деді.
«ҚазМұнайГазӨнімдері» ЖШС еліміздің Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола облысы, Қостанай облыстарына жанар-жағармайды жеткізуші оператор. Мекеменің бас директоры Қуандық Құлмұрзин жанар жағармайдың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілеріне жеткізілу кестесімен таныстыра келе: «Мұнай өңдеу зауытында ЖЖМ 1 литрі 148-149 теңгені құраса ЖЖМ мұнай сақтау базасына жеткізу құны ғана есепке алынады. Біздің бағамыз Ақмола облысы бойынша-166-167 теңге, Қостанай облысында –165-166 теңгені құрайды, Шығыс Қазақстанда –169-170 теңге, Солтүстік Қазақстан облысында-168-169 теңге. Біз операторлар- бағаның құбылмауын жіті қадағалаймыз. Десек те бізден басқа да операторлар бар, олар бағаны қалай қояды ол жағына өздері жауапты»,-деп түсіндірді.
Осы жылдың 6 тамызындағы дизель отынының жиынтық қоры 255,8 мың тонна, оның ішінде республиканың мұнай қоймаларындағы қор 193,1 мың тоннаны құрайды. Сонымен қатар, Аи-92 бензинінің қоры 347,9 мың тонна, оның ішінде республиканың мұнай қоймаларындағы қор 299,7 мың тоннаны құрайды.
Ресей және Қазақстан шекарасында импортталған дизель отынына баға (жеткізу және сақтауды қоспағанда) 238 461 теңгені құрайды, бұл АШТӨ үшін баға деңгейінен 58 461 теңгеге және ішкі нарықтағы бағадан 28 364 теңгеге қымбат. (Аргус, Каспий нарығы көрсеткіші)
«PetroleumOperating» ЖШС мұнай бизнесіне қатысушы ірі компаниялардың бірі. Мекеме мұнай өнімдерін операторларға жеткізумен айналысады. Бас директор Асхат Қалиақпаровтың айтуынша баға нарық ойыншыларының диалогы арқылы қалыптасады. Қос министрліктің бекіткен кестесі бойынша мұнай өнімдері МӨЗ-дан 150 теңгеден шығады. Ал дизельдік отын құны кейбір ЖЖМС 182-187 теңгеге жеткен.
«Petrosun» ЖШС Бас директорының Бірінші орынбасары Нұржан Сәтбаев дизельдік отын бағасының өзгеруі туралы айта келе: «Petrosun» ЖШС - мұнай өнімін тасымалдаушы компания. Сондықтан МӨЗ сатып алатын баға 150 теңгені құрайды. Қандай баға қойылса да бұл мұнай өндірушілердің шығынын жабуға барады»,-деп түсіндірді.
Мұнай өнімдеріне арналған акциздің құны әуел баста 45 тиын болған ал қазір Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 6 сәуірдегі № 173 «Бензин (авиациялық бензинді қоспағанда) мен дизель отынына арналған акциздер мөлшерлемелерін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» қаулысына сәйкес дизель отынына арналған акциз мөлшерлемесі ағымдағы жылғы 1 маусымнан бастап 1 литр үшін 7,7 теңгеге көтерілгені байланысты журналистер сұрағына Болат Ақшолақов мәселені Ұлттық экономика министрлігінің құзыретінде екенін, дегенмен бұл тек Қазақстанның ішкі мәселесі болып қалмайтынын тілге тиек етті. Көршілеріміздегі баға саясаты тікелей біздің нарыққа да әсер ететіні анық. Мұнымен қоса көршілес Қырғыз елі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуымен мұнай өнімдерінің бағасы әлі де өзгермелі болуы мүмкін екендігін нақтылап өтті Болат Ақшолақов.
Ал, ҚР «Атамекен» ҰКП мәліметтеріне сай Қазақстанда дизельдік отынның бағасы арзан:
Қазақстан - 0,48 долл./литр (немесе 165 теңге),
Ресей – 0,69 долл./литр (қымбат 43,8%),
Өзбекстан – 0,59 долл./литр (+22,9%),
Украина – 1 долл./литр ( 2 есе).
Сол сияқты ҰКП Ауыл шаруашылығы кешені және тамақ өнеркәсібі департаментінің мәліметі бойынша қазіргі таңда астықтың жалпы көлемі 54,8 пайызды құрайды. Егін түсімі соңғы 5 жылда 12 центнерге өскен (салыстыру үшін- дамыған елдерде 1 гектарына 30-50 центнер егін жинайды)
Былтырғы жылы егін өсіруде орташа шығын 35-40 мың теңге болды, оның 12 пайызы ЖЖМ. Ал фермерлер бидайды нарыққа 1 тоннасын 42 мың теңгеден шығарған. Яғни 1 гектардан орташа есеппен алғанда 50,4 мың теңге пайда тапқан.
Айта кетейік, Global Petroleum Prices Халықаралық агенттігінің мәліметіне сәйкес (30.07.2018 ж. жағдай) Қазақстан бензині арзан елдердің ішінде 10-шы орында, ал дизель отыны бойынша – 167 елдің ішінде 13 орында тұр.
Ең қымбат бензин Сауд Арабиясы, Араб Әмірліктері, АҚШ, Ресей, Әзірбайжан елдерінде.
Тек қана 9 елде бензин арзан, олар (Венесуэла, Иран, Кувейт, Түрікменстан) дизель отыны 12 елде арзан (Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзірбайжан, Түрікменстан).
atameken.kz