Желбіретіп көк туды...
Түркі түптамыры саналатын сақ дәуірінен бері қаншама аумалы-төкпелі заман өтті. Темір қазық жастанып, жылдап жауға шапқан жұрттың мақсатын айқындайтын, халықтың өр рухын әспеттейтін, биікте желбірейтін жалау сол дәуірдің өзінде бар. Алда-жалда жалау ұстаған жауынгер мертігіп кетсе, келесісі төбесіне көтеріп, осылай жеңгенше немесе соңғы сарбаз мәйітке айналғанша ту төмендеп қалмаған. Адамзат ондай болған жағдайда жауынгер рухтан, халық жеңіске деген сенімнен айырылады деп сенді. Қазір де бұл түсінік маңызын жойған емес. Бірақ миллиондаған адамның кие тұтатын, тұтас бір елдің төлқұжаты саналатын рәміздерді бұйым көрмейтін, қорлайтындар әркез кездесіп тұрады.
Бүгінге дейін көк туды қоқыс шығаруға пайдаланған тұрғынның әрекетін көрдік. Сол сияқты ұлтты масқаралайтын «Борат» фильмінде де қазаққа ұнамайтын әрекет жасалды. Ең сорақысы өткен аптада Алматы қаласында Қазақстанға кең танымалдылыққа ие «Ирина Кайратовна» шоуы мен «Көк ту» әнімен белгілі «Shiza»-ның концертінде орын алды. Киелі сахнаға мас күйінде шыққан әртістер жиналғандарға балағат сөздер айтып, екіншісі мемлекеттік рәмізді қорлады. «Қусаң, интелегентно қу» деген сөздермен тыңдаушыларын еліртіп жүрген рэпер алдымен туды жерге тастап, кейін жұдырығына орап алды. Сондағы көрермендер бұған аса мән бермегенімен, әлеуметтік желіде тез таралған ерсі іске қызу наразылық білдірді. Бірер күннен кейін әншілер халықтан кешірім сұраған бейнеролик жариялады. Алайда мәселе мұнымен шешіле салмайтыны түсінікті. Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Заң алдында жауап беру тиіс деген әртіске айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан кейін елдің бірнеше қаласында, оның ішінде Қызылордада аталған әншілердің қатысуымен өтуі тиіс концерттер болмайтын болды.
Жастар арасында мемлекеттік рәміздерге деген селқостық неден пайда болды? Алматылық өнер сүйер қауым мұндай бассыздыққа қалай жол берді? Осы сұрақ көптің көкейінде тұрғаны түсінікті. Әлеуметтік желіде орын алған оқиғаға байланысты талап қоюшылардың да көпшілігі орта жастан асқан азаматтар. Соған қарап, жастардың ұлттық құндылықты аса бір қатты қадірлемей ме?» деген ой келеді. Әйтпесе кешегі «Қаңтар оқиғасында» жалын ішінен туды алып шыққан азамат пен туды таптаған әншінің ісі қоғамдағы парадоксты аңғартып тұрғандай. Қасиетті рәмізге деген құрметсіздік әсіредіншілдер идеологиясының да әсерінен болуы мүмкін екенін білеміз. Олай дейін десек мемлекеттік туға қатысты бұған дейін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы пікір білдірді емес пе?!
– Хадис ғалымдары кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған.
Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс. Туға, әнұранға, елтаңбаға деген құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету. Алла Тағала көк туымыздың әрдайым көкте желбіреп тұруын, мемлекеттік рәміздеріміздің абыройын асқақтатып, халқымыздың бірлік пен берекеде өмір сүруін нәсіп еткей”, – деп түйіндеді ҚМДБ.
Бірнеше жыл бұрын ел жастары туды пәтер терезесіне, қылтимаға іліп қою туралы бастама көтерген еді. Бұған дейін құқық қорғаушылар аталған әрекет үшін қомақты айыппұл салып келген. Халық тілегін естіген үкімет мемлекеттік туды үйлердің қасбеті мен балконға ілуге рұқсат етті. Десе де қазақстандықтар үшін міндетті талаптар мен шектеулер бар. Оны сақтамағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Қазалы ауданында көпқабатты үйлердің балконынан мұндай мақтаныш байқалмағанымен, үйдің қақ төріне іліп қойған азаматтар аз емес. Соның бірі – аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев бұл әрекетке әдемілік үшін ғана бармағанын айтады.
– Әжемнің тәрбиесінде болғасын ту ұстап, жауға шапқан батырлар, дау шешкен шешендер туралы аңыз-ертегіге қанығып өстім. Кейін үйлі болғанда кең бөлменің қақ төріне көк туымды іліп қоямын деп ойлаушы едім. Бірер жыл бұрын арманым орындалып, ұлт үшін қасиетті байрақ ойлаған жерден орын алды. Бұл енді оң-солын танып келе жатқан ұл-қыздарым үшін де маңызды. Әкесінің туға деген құрметін көрген ұрпақтың санасындағы орны да биік, құрметі орасан болары сөзсіз. Ал қазақ халқының жалауын желбірете алмаған, оған лайықты құрмет көрсете алмау тал бесіктегі тәрбиенің салдары деп ойлаймын, – дейді ол.
Шынында да, бала жастан қадірлі дүние ес жиғаннан кейін берік ұстанымға айналады. Ата заңда рәмізге немқұрайлы қарауға арнайы жаза бар. Дегенмен айыппұлмен санасыздың айылын жидырып, әкімшілік жауапкершілікпен жалауды шынайы сыйлата алмасымыз түсінікті. Бұл тек еріксіз сыйлауға міндеттей алады. Сондықтан мәңгілік ел, Жаңа Қазақстан құрар алдында алдымен тәрбие мен ұлттық идеологияға мән берген дұрыс болар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ