Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық тісінен бойтұмар

Балық тісінен бойтұмар

Адамзат баласы тас дәуірінен бері қарай жыртқыш аңдарға тылсым құдірет беріп, Құдай деңгейіне дейін көтерген. Оларға табынып, қасиет тұтатын қауымдар әлі жер үстінде жетерлік. Ежелгі аңшылар мен жауынгерлер алып аңды өлтіріп, терісін, тісін, тырнағын мойындарына асып жүріпті. Бұл оның батырлығының, өжет мінезінің белгісіне баланған.

Ежелгі адамдар қанжығалаған олжаларына үлкен көңіл бөлген. Егер тіс немесе тырнақтан бойтұмар жасайтын болса, таққан адамның бойына жануардың күші мен рухы бітеді деп сенген.
Біздің аймақта бұл қасқырға қатысты ерекше дамыған. Арлан аулаған аңшылар терісін үйінің төріне іліп, азуынан тұмар жасаған. Көршілес славян халықтары қоңыр аюды қасиет деп танып, қатты көңіл бөлген.
Табиғаттың төрт мезгілі де орнымен алмасатын біздің жерде бұл түсінікті. Ал жыл он екі ай жаз жайлайтын теңіз жағалауы халықтарында акула тотемі айрықша айтылады.

Акула амулеті бұл балық бойлаған барлық судың сиқырлы бұйымына саналған. Оның мағынасы ретінде ерік күшінің мықты болуы мен қайтпас қайсарлық пен қатыгездік қоса айтылады. Ақ акуланың азуы көз тию мен жауыңның зұлым ойынан сақтайды деп сенген. Бұқа балықтың тісі жараны тез жазуға көмектессе, жолбарыс акула деп аталатын түрінің тісі адамның жолын ашып, сиқырдан қорғайды делінген.
Қазіргі уақытта жыртқыш балық журналистер мен бизнесмендердің тотеміне айналып үлгерген. Тілі тиген жерді тіліп түсетін азулы тілші мен айтқанынан қайтпайтын кәсіп иелерін осы теңіз жолбарысына телу қалыпқа айналған.

Акула азуының әлемнің әр бұрышында мағынасы әртүрлі. Африка аймағында оны ат тағасының орнына көп пайдаланады. Кіреберіс есікке қағып, қара күштерді қайтарып, сәттілік әкеледі деп жорыған. Үндістер балық бойтұмары соғыстарда жеңіс сыйлайды деп мойнынан тастамапты. Ал жапондар оны қасиетті құтханалары мен будда храмдарына сәндік құрал ретінде тағады. Теңіз тағысының тісін мұхит жағасындағы жұрт акуланың шабуылын болдырмайды деп асынған. Ерекшеліктер көп болғанымен адамзаттың арғы аталары жері мен елінің түр-түсіне қарамай, тістің тылсым күшіне бас ұрған.

Бірінші кезекте мінезі бос, шешім шығарудан қорқатын, ұяң адамдарға тағуға ұсынылады. Жыртқыш сияқты тіс батырып жүретін сала иелеріне акула амулеті бірбеткейлік, шыдамдылық пен айбын береді. Бизнесмен, әскерилер, спортшылар мен елшілік қызметтегі адамға ауадай қажет.

Акуланың тісі арзан сүйек емес екені анық. Миллиондаған қаражатыңыз болмаса мегаладонның азуын қалтаңыз көтермейді. Кәдуілгі тістерді орташа бағада табуға болады. Біз айтқан жылы жағалаудағы мемлекеттерде көше базарында жалған тісті жергілікті халық туристерге сата салады. Ең дұрысы, аңшы мен балықшылардың дүкенін тауып, сол жерден сауда жасаған жөн.

Жақында елді елең еткізген жаңалық жергілікті халық арасында тарады. Осыдан миллионға жуық жыл бұрын өмір сүрген акуланың толық елу тісі сақталған жақ сүйегі Қазалы жерінен табылды. Құрлықтың бұрынғы Лавразия болып екі бөліктен тұрған кезін ескерсек, бұрынғы теңіз ұлтаны саналатын Қазалы өңірінің көп бөлігінде мұндай жәдігердің табылуы әбден мүмкін. Қазір табылған дүниені растау үшін шетелдік ғалымдардың сараптауына жіберген. Мүмкін ол бір тісі миллионға татитын мегаладонның жағы болуы ықтимал.

Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ
26 қараша 2019 ж. 2 069 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031