Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ

Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ

Соңғы уақыттары тоғыз тораптың қаншалықты қауіпті екенін әлеуметтік желілерде жарияланған қайғылы оқиғалар арқылы көріп жүрміз. Дегенмен мұндай оқыс әрекеттерге көпшілік көп мән бере бермейтіні қынжылтады. Осыған орай “ТД-23” Қазалы айналым депосының еңбекті қорғау және техника кауіпсіздігі жөніндегі инженер технологы Қуаныш Асанадинұлы дана бабамыз өсиет еткен “Сақтықта қорлық жоқ” деген тәмсілді бір сәтте естен шығармауды көп назарына салады.
Оның айтуынша, осы жылдың соңғы төрт айында ірі қара мал басын басып кетудің 5 жағдайы орын алған. Жалпы “ТД-23” Қазалы айналым депосының құзырына жүк және жолаушылар тасымалы бойынша Қазалыдан Қызылордаға дейінгі аралық бөлінген. Сонымен қатар жолаушылар тасымалы бойынша Қазалыдан Сексеуілге дейінгі аумақты қамтиды. Бұл ретте биыл адам қағу оқиғасы тіркелмеген. Бірақ Жалағаш және Қаракеткен стансаларында аялдап тұрған жүк тасымалы пойызының машинистері шойын жол өткеліне оқыстан шыққан адамды ерте байқап, уақытылы қырағылық танытқан. Соның арқасында тәжірибелі машинист шұғыл тежегішті іске қосып, екі жағдайда да адам басу оқиғасы орын алмады. Дегенмен соңғы бес жылдықта жоғары жылдамдықта келе жатқан пойыз құрамасы белгіленбеген жерлермен өткен жүргіншілерді қағу жағдайлары азаймай тұр.
– Әрине, адам шығынын болдырмауды барынша қадағалаймыз. Дей тұрғанмен халыққа қанша сақтық шараларын насихаттасақ та, қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болмай қалады. Сондықтан алдағы мектеп демалысы қарсаңында адамдарды қағып кету жағдайларын болдырмау мақсатында “Темір жол – қауіптілігі жоғары аймақ” тақырыбында №249 мектеп лицейіндегі оқушылар және Қазалы көліктік жоғарғы колледжі студенттеріне ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді. Тоғыз торапта қадағаланатын қауіпсіздік ережелері жазылған аңдатпа таратылды. Сонымен қатар теміржолдың жиегінде мал бағып, оны қараусыз жібермеу туралы жан-жақты түсіндірілді. Игі шара теміржол күзет мекемесі мен теміржол желілік полиция бөлімімен бірлесе атқарылды, – дейді білікті маман.
Қуаныш Оспановтың мәлімдеуінше, көбіне жастар оқыс оқиғаға ұшырайды. Оған себеп – қазір сәнге айналған “Тik-tok” әлеуметтік желісі. Мәселен, стансаларға пойыз құрамасы аялдағанда, бір станса немесе разьезден екі оқушы шығып, әлеуметтік желідегі парақшасының көрілімі мен жазылушыларының санын арттыру мақсатында ұялы телефонмен қысқа бейне жазба жазуды көздейді. Осылайша жүк тасымалы пойызына жабысады. Ал 50-60 вагонды тіркеген машинист артында не болып жатқанынан хабарсыз күйде орнынан жылжиды. Мұндайды күтпеген жеткіншектер қорыққанынан секіреді немесе абайсызда пойыз астына түседі.
Негізінде қарапайым жолаушы мен жұмысшылардың әртүрлі қауіпсіздік ережесі болады. Екі жағдайда да байқампаздық, ұқыптылық, сақтық қадағалануы шарт. Темір жолдан өткен кезде көпір арқылы немесе сақтықпен пойыз жоқ екеніне көз жеткізген соң ғана арнайы рұқсат етілген жермен жүрген жөн. Себебі тоғыз торапта жүру қауіпсіздігін бұзу арқылы адам өз өміріне қауіп төндіреді.
– Басты ескеретін жайт, темір жолда ұялы телефон қолдану және құлаққап киіп жүру өте қауіпті. Келе жатқан локомативті немесе пойызды байқамай ауыр жарақат алып, ажал құшатын жағдай да болуы мүмкін. Бұл туралы әркез тұрғындарға ескертіледі. Қоғамда әр адамның өмірі маңызды. Сол себепті темір жол қауіпсіздігін сақтағанымыз дұрыс. Жұмысшылар арасында да, қатаң тәртіпті сақтамай, ереже бұзған адамдар да ойда жоқта қайғылы оқиғаға тап болады. Осы жағдайларды ескеріп, жан-жаққа тармақталған шойын жолда жүру қауіпсіздігін және арнайы тәртіпті бұзбау қажеттігін жұмыс барысында айтылады, – деген пікірін жеткізді кауіпсіздік жөніндегі инженер технолог.
Бүгінде теміржол жүйесі аса қауіпті аймақ ретінде белгілі. Жүк таситын сағатына – 80 шақырым, ал жолаушы пойызы – 100 шақырым жылдамдықпен жүреді. Жолаушылар таситын пойыздың жалпы салмағы 1000 тоннадан асса, жүк пойыздарының салмағы одан бірнеше есе ауыр. Сондықтан пойыз құрамасы бірден тоқтай алмайды. Пойызды тежеу бірнеше жүз метрге созылады.
Темір жолда ірі апаттар, мыңдаған шағын оқиғалар болып тұрады. Елдің экономикалық күре тамырына баланатын бірнеше тармақты болат жолындағы ұйымдар үлкен зиян шегеді. Тіпті қанша сақтанғанда адам өлімі де орын алады.
Пойыздармен тасымалданатын жүктердің 3000-нан астам түрлері қауіп туғызатын химиялық заттармен толтырылады. Олардың ішінде қоршаған ортаға, табиғатқа, адамдарға үлкен залалын тигізетін газ, жанғыш заттар сияқты жарылысқа әкелетін, уландыратын, ауру тарататын зардабы бар өнімдер жиі кездеседі. Кей кезде үлкен электр қуаты өтіп жатқан сымдар жерде жатуы да мүмкін. Мұндай жағдай 3300 Вт кернеуімен тұрақты тоқпен жүретін электр жолдарында да кездеседі.
Мәселен үлкен кернеудегі байланыс сымы вагонның үстіне немесе жерге құлап түскендей болса, бірақ өрт болмаса, онда вагон ішінде жолаушылар өз орындарында қалуы керек. Ал егер өрт басталса, онда вагонның еш жерінен ұстамай жерге секіріп түсіп немесе майда қадаммен вагоннан 10 метрден кем емес жерге алыстауға тырысу керек. Себебі адам қадам кернеуіне түсіп қалуы мүмкін. Егер сым суға түссе, онда судың жағасынан 10 метр қашықтыққа алыстаған жөн. Өрт басталған жағдайда вагонды тез тастап кету жолын қарастырған дұрысырақ.
Түтін басқан вагонда еденге жатып жылжып, ал түтін астынан келіп тұрса, онда түрегеп тұрып терезе жақпен жылжыған абзал. Мүмкіндік болса, басты ылғал орамал немесе шүберекпен ораған жақсы болады. Үстіңіздегі киім өртене бастаса, онда еденге жата қалып аунап отты сөндіруге тырысыңыз. Жанған киіммен жүгіріп қашуға болмайды. Өйткені, ауа өртті күшейтіп жібереді. Киімі жанған кісіні көрсеңіз, үстін пальто болмаса жайылмамен жауып, тығыз орап отты өшіру керек. Күйген жерлерін байлап, бірінші көмек көрсетіп, жақын маңайдағы медицина орталығына жіберу қажеттігін ескерді мамандар.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
17 мамыр 2022 ж. 1 094 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031