Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағдыр тауқыметі

Тағдыр тауқыметі

Бұл оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын Қызылорда қаласында көрініс тапқан болатын. Екінші курс оқитын кез. Университетке қарсы беттегі көпқабатты үйдің бірінен төрт бала бірігіп, жалға пәтер алғанбыз. Барлығымыз қатар оқығанымызбен, мамандығымыз әртүрлі.
Бір күні таңмен таласа тұрып, әдеттегідей дайындық жүргізіп, «Kenzo»-ның әтірінен сеуіп, барлығымыз білім ордасына шықтық. Жолай жігіттерге: «Бүгін группадағы Ақсамалдың іңгəлəп дүние есігін ашып, əлпештеген ата-анасының көңілін мейірім мен қуанышқа толтырған күні. Мен кеш қайтамын. Бізге арнайылап үйіне дастархан жайып жатыр екен» дедім.
Жалпы Ақсамал өте қарапайым, ақкөңіл, ниеті ақ, кішіпейілдігімен иіліп тұратын тәрбиелі отбасынан шыққан ару. Алғаш оқуға түсіп, қатарластармен кабинетке жиналғаннан-ақ ол мені өзіне жақын тартып кетті. Осылай жақсы араласып, бір анадан туған бауырдай бір-бірімізге үйреністік. Тіпті отбасындағы жандармен де тығыз қарым қатынас орнатып кеттім. Ара-тұра университет ішіндегі жастар екеуімізді «қыз бен жігіт болып сөйлеседі» деп әңгіменің астынан алатын. Алайда барлығы олай емес еді. Самалдың туған күніне табиғат ана да тосын сый жасап жатқандай, күні кеше ғана шаңы аспанға көтеріліп, желден көз ашпай жатқан қала, әп сәтте тынышталып сала берді.
Группаластар тағат таппай қоңырауды күтіп, қайтатын уақыт таяғанда гу-гу әңгімеге басты. Кенет қоңырау да соғылды. Барлығы үйіне тарқасып, бірден туған күн иесінің мерейлі мерекесінде жиналатындарын айтты. Негізі кештің басталуына аз ғана уақыт қалған. Тек олар Ақсамалға сыйлық алу үшін осындай амал ойлап тапқан еді.
Уәделескендей бірі қалмай әдемі кешке үйге жиналдық. Құшақ-құшақ гүлдер, бағалы сыйлықтарымызды көңілдене кеш иесіне сыйға тарттық. Ал ол есік алдынан қонақтарды құшақ жая қарсы алып, төрге шығып, астан дəм татуымызды өтінді. Шындығында, оның күндей күлімдеген жанарынан ет жақынындай болып кеткен құрдастарын екі көзі төрт болып күткені байқалып-ақ тұрды.
Мерекелік дастархан басына жиналдық. Осы сəтте жүдеу тартқан, шамамен 10-11 жасар сүйкімді қыз кіріп, əпкесіне қарай жақындап, қолғабыс етіп күлім-қағып жүрді. Алайда оның мұң меңдеген ішкі дүниесі кісі бойында аяушылық сезімін оятып, елең еткізердей еді. Неге екені белгісіз, онымен тілдескім келді. Бірақ ұяңдау болса керек, ауыз толтырып ештеңе айта алмады. Сөйтті де үстелдің бір бөлігіне отыра кетті.
Көптен күткен сайран да бастау алып, біздер жылы тілектерімізді жаудырдық. Əзілі мен қалжыңы жарасқан достарымның пейілдерінің кеңдігін ұға түскендей болып, ой жетегінде қалықтап жүргенде əлдебіреудің жыламсыраған үнін естідім. Бəріміз жалт қарадық. «Анам мен əкемді сағындым» деген аянышты үн жүрегімізді тербетіп жіберді. Самал лезде əлгі ойнақ салып, зыр жүгірген қызды бауырына басып, бөлмеден ғайып болды. Күлкі мен қуаныштың тəтті естеліктерін осы бір жайт күйретіп жіберді.
Аз уақыт өткен соң жайшылықта көңілді əрі жайдары жүретін группаласымыз қурап кеткендей көрінді. Өз орнына барып жайғасып, телміре қараған баршамыздың жүзімізге көз тоқтатып, жаңа əңгімесін бастады:
«Білемін, сендер осы сұрақтың жауабын таба алмай мең-зең күйде отырған боларсыңдар. Жақында жақын туысымыздың қаза болғаны жайында хабар келді. Ата-анамның қабырғасы қайысып, ботадай боздап қоя берді. Бəрінен бұрын бұл жағдайдың қалай орын алғанынан хабардар болған соң, тұла-бойым өртенгендей күй кештім.
Көктем келіп, айнала жасыл желек жамылды. Біз ұлыстың ұлы күнін тойлап, кішігірім жүздесу өткіздік. Онда марқұм ағам мен жеңгем арқа-жарқа болып, көңілдері тасып, əңгіме-дүкен құрды. Олар кеңпейіл, жылы жүректі əрі жарқын жүзді жандар еді. Мені қуанышқа кенелтіп жүруден əсте жалықпайтын» деп көзіне жас алды да әңгімесін әрі қарай айта жөнелді:
«Сонау Алматыдан ат терлетіп келіп, күн батқан шақта ағам мен жеңгем жолға қамданды. Жақсылармен жүздестірген сол күнді ұмыта алмаспын. Анамның қиылып: «Қалыңыздар!» деген өтінішіне қарамастан қоштасып, кете барды.
Түнгі 11-лер шамасы болса керек. Ұзақ жолды тауысып, өз мекендеріне жетер шақта жолдың жиегіндегі апатқа түскен жеңіл көлікті көздері шалады. Маңайда қараңдаған көлік көп екеніне шүбəм жоқ. Алайда кім өмірін қыл үстіне қойғысы келеді?! Тіпті жақсылық жасауға да жарымаған көрінеді. Ал бұл кісілер жүректері атша тулап, өліммен арпалысқан ауыр сəтті көріп, көмекке ұмтылады. Жанталасып жүріп, қираған көліктің ішінен асқан қиындықпен зардап шеккен ер азамат пен əйел адамды алып шығып, жағаға жете берген сəтте жарылып, жаралыларды құшаққа алған күйі келмеске бірге аттанып кетті. Бұл жайында əлгі жарақат алған кісілер баяндап беріпті. Ал бұл қыз жүрек жұтқан қос батырдың жалғыз перзенті. Жүрегі қан жылаған сайын жұбатудан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Жалғызсырамасын деген ниетпен жалғыздарын асырап, бауырымызға алуды жөн деп таптық. Жақсылық жасау жолында көз жұмған жақындарымның жаны пейіште шалқығай!» деп дұға қайырған досымның көзінен пора-пора ыстық жасы жерге тамып жатты.
Қуанышымыз су сепкендей басылып, бәріміз тына қалыппыз. Расында, əлемнің тұтқасы-адам болса, өмірдің кілті-көмекке мұқтаж жанды бақытқа бөлеуде екен. Бұл оқиға менің ғұмырыма азық əрі ұмытылмас сабақ болды.

Нұр БАҚЫТ

30 сәуір 2022 ж. 554 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031