Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Рекорд бұзатын күн бұйырады

Рекорд бұзатын күн бұйырады

Аудандағы зілтемірші қыздардың қайратты мінезімен қандай жетістіктерге жетіп жүргенін жұрт жақсы біледі. Жуырда тағы да облыс орталығынан жағымды жаңалық жетті. Ауыр атлетикадан өтіп жатқан ерлер мен әйелдер арасында жекелей жаттығулар бойынша ҚР жеке-командалық чемпионатында зілтемірші ару Алтынай Тәңірбергенова 59 келі салмақ дәрежесі бойынша күміс жүлдені қанжығасына байлады. Аудан мерейін асырған спортшы арумен жедел сұхбаттасудың сәті түсті.

– Нәзік жандылар жүрегі көбіне спорттың бұл түрін таңдауға дауаламайды. Жалпы спортқа қалай келдіңіз?
– Қай уақыт екені нақты есімде жоқ. Бірақ кішкентай кезімде бір күні есіктің алдында ойнап жүрдім. Сол сәтте менің спорттың осы түріне икемім бар екенін байқады ма білмеймін, бірінші бапкерім Азиз Жақсылық өзінің шәкірті болуымды сұрады. Менің қолымнан келетінін айтып, келуімді өтінді. Осылайша келесі күні ауыр атлетикадағы алғашқы жаттығуыма бардым. Өзіме қатты ұнады. Сосын әрі қарай қатысып кеттім. Қазір шүкір, деңгейі жақсы өсіп келе жатқан спортшылар қатарынанмын. Бірақ оған тоқмейілсімей үнемі жаттығуда болу қажеттігін ұмытпаймын. Өйткені одан шамалы алыстап кетсең, өз-өзіңді жоғалтып аласың.
– Қалай десек те, қыз баласына ауыр атлетика оңай спорт емес. Ата-анаңыз қарсы болмады ма?
– Ата-ана болған соң, бауыр еті баласы үшін уайымдап, алаңдайды. Дегенмен сол кездегі 7 жасар кішкентай қыздың спортқа, оның ішінде зілтемір көтеруге қатысамын дегеніне ешкім қарсы болмады. Отбасымдағылар әуелде «Қызым, қолыңнан келе ме?» деп айтқанымен, артынша дереу қолдау көрсетіп кетті. Сөйтіп, бірінші күнгі жаттығуға мені анам алып барды.
– Бұған дейін талай жарыстардан абыроймен оралып жүргеніңізді жақсы білеміз. Кешегі өткен ауыр атлетикадан ҚР чемпионы атағы жүлдесіне сапар қалай болды?
– Ел біріншілігі жоғары деңгейде өтті. Негізгі бастапқы мақсат – жеңімпаз атану еді. Алайда екінші орынды қанағат тұтуға тура келді. Мұнымен сапар сәтсіз болды деуге келмес. Тек сәттілік жетіспеді. Болдым-толдым деген ой жоқ. Жаттығудан қол үзбеймін. Өз-өзімді қайрап, келешекте әлем, олимпиада чемпионы болуға жұмыс жасаймын.
– Басты жүлде үшін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Зульфия Чиншанломен бәсекеге түстіңіз. Қандай әсерде болдыңыз? Жеңісті жұлып әкететін мүмкіндік болды ма?
– Байқағаным, Зульфиядай әлемге аты әйгілі спортшы қызбен бірге таласқа түсу үлкен мотивация болады екен. Неге десеңіз, оны кәдімгідей өзіңе үлкен қарсылас етіп алып, қалай болғанда да жеңіп кетуім қажет деп ойлайсың. Сол үшін талпынасың. Додадағы зілтемірші қыздарды осал деуге болмайды. Олар тіпті бірінен бірі өткен. Бірақ мен өзіме «Зульфияны жеңу керек» деп, одан асып түсе алмайтынымды біліп тұрсам да, ойымды алысқа жібердім. Соның арқасында күміс бұйырды. Ал мен олай істемегенде барлығы мұндай болмас та шығар, кім білсін? Айтпақшы, ел мақтанышы Зульфия 59 салмақ дәрежесінде 128 келіні көкке көтеріп, Қазақстан Республикасының рекордын жаңартты. Құдай қаласа, маған осындай рекордтарды бұзатын күн бұйырады.
– Сіз үшін бұған дейін қиын болған жарыс және сондағы қызық жағдаймен бөліссеңіз...
– Қиын бәсекелер алда болады. Ара-тұра «Егер сайыста сондай күн кезіксе дайынмын ба?» деп өзіммен сөйлесіп аламын. Осы ретте биыл Қостанай қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты жайлы тоқталайын. 20 жас аралығында болған бәсеке мен үшін қиындау болды. Өйткені неге екені белгісіз осы уақытта айым оңымнан тумады. Жаттығуда еңсеріп жүрген салмақтарға әлім келмей қалатындай күй кештім. Денсаулығым, көңіл-күйім, тынығу, тамақтану барлығы ойдағыдай болды. Бірақ жарыс алаңына шыққанда біртүрлі өзімді әлсіз сезініп қалдым. Дегенмен бапкерлерімнің сол сәтте жігерлендіруінің арқасында қайта бабыма келіп алдым. Бойдағы барлық қорқынышты жеңіп, зілтемірді бастан асырдым. Осылай алтыннан алқа тағып қайттым.
– Кез келген спортшы үшін бапкердің орны ерекше. Өйткені спортшыны жаттық­тырушының талабы мен тәртібі шыңға жеткізеді. Бапкерлеріңізге тоқталып өтсек...
– Әңгіме басында айтқанымдай мені 7 жасымда өзіне шәкірт еткен ең алғашқы бапкерім ол – Азиз Жақсылық. Оның жасаған еңбегін, төккен терін айтпай кетуге болмайды. Әрдайым қолдап, «сенің қолыңнан келеді, сен соған лайықсың» деп айтып жүреді. Осылай 4 жыл дайындады. Сол тұста жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Одан соң Қызылорда қаласындағы спорт мектебіне түстім. Ал бұл жақта мені баулитын Арман Абдраев, Айдос Базарбайұлы, Ерсұлтан Оңғар есімді жаттықтырушылар. Кешегі болған жарысқа да дайындаған осы азаматтар. Барлық бапкерлеріме алғысым шексіз.
– Ашық әңгіме өрбіткеніңізге рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!
Әңгімелескен
Абзал ЖОЛТЕРЕК
26 сәуір 2022 ж. 966 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031