Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жынның тойындағы музыкант

Жынның тойындағы музыкант

Негізі жындар адамдардың арасында өмір сүретін көрінеді. Олар да үйленіп, бала-шағалы болады екен. Бірақ оларды өлмейді деседі. Сонан соң олар адамдардың көзіне көріне бермейді. Ерте де Польша жерінде мынадай оқиға болған екен. Екі музыкант көрші ауылға тойға қызмет жасау үшін кешке қарай жолға шығады. Жол қысқартпақ болып, орман ішіндегі төте жолмен жүреді. Біршама жол жүргенде оларға екі атарбаға мінген бай-бағландар кезігеді. Амандасып, жөн сұрасады. Бұлар музыкант екендерін, көрші ауылға тойлық қызмет қылуға бара жатқандарын айтады. Мұны естіген бай-бағландар:
– Олар бергеннен он есе артық ақы төлейміз, біздің тойда қызмет қылыңдар, – деп өтініш жасайды. Ақшаны көп төлейміз деген сөзге еліткен екі музыкант келісе кетеді. Бай-бағлдандар оларды арбаға отырғызып алып, бір зәулім сарайға алып барады. Тойдағы қонақтардың еркегі де, әйелі де ерекше киінген. Үстіндегілері адамдардың киіміне ұқсамайды. Құдды бір балмаскарадта жүргендей. Бәрі жүздерін жасырып алған. Бірақ неге екені белгісіз жайылған дастарқан жоқ. Күйеуі мен қалыңдық та көрінбейді. Ұлан асыр тойда дастарқан жайылмау, күйеуі мен қалыңдықтың болмауы музыканттың бірінің күдігін туғызады.
Бір аралықта тысқа шыққан музыкант атқосшыдан: «Бұл кімнің тойы, мына бай-бағландар кімдер? Қалыңдық пен күйеуі қайда? Сен кімсің? – деп сұрайды.
Атқосшы:
– «Бұлар ешқандай да бай-бағландар емес, бұлар жындар. Ал мен суға батып өлген адаммын. Суға батып өлген адамдар о дүниеде жындарға қызмет етеді», – дейді. Сонан соң музыкантқа:
– Ішке кіргенде терезе алдындағы ыдыстағы суға саусағыңды батыр да, бір көзіңді сүрт. Сонда айналаңдағыларды анық көресің, бірақ одан қорықпа, – дейді. Музыкант атқосшының айтқанын істейді. Саусағын суға малып, бір көзін сүрткенде айналасында секеңдеп жүрген жындарды көреді. Бағанағы зәулім сарай да жоқ. Отырған жерлері айналасы батпақ, кішкентай арал. Алайда музыкант бұл жерден кеткенше бұл жерде көргендерін қасындағы серігіне айтпауды ұйғарады. Той біткен соң бағанағы бай-бағландар келіскендей ақысын алтынмен төлейді. Сол сәтте айналада белгісіз құбылыс болады да зәулім сарай да, бай-бағландар да жоқ болып кетеді. Бұлар аң-таң болып тұрғанда бағанағы той ақысына берген жұдырықтай алтын адамның бас сүйегіне айналады. Сол кезде таң атып, бірден күн жарқырап шығады. Сол оқиғадан кейін музыкант бір көзімен адамдар арасында жүрген жындарды көре алатын болады. Бірде ол базар аралап жүріп, баяғы оларды тойға қызмет қылуға апарған жынды байқап қалады. Музыкант ақырын барып, әлгі жынды ұстап алады. Одан тойдың қызмет ақысын талап етеді.
Жын:
– Үйге жүр, бұл жолы ақыңды беремін. Бұл жолы алдамаймын, – дейді. Адамдар бізді көре алмайды, бірақ сен мені қалай көрдің? Соны айтшы, – деп сұрайды. Музыкант ағынан жарылып:
– Мына көзіммен жындарды көре аламын, – дейді. Сол кезде жын музыканттың сол көзін ойып алып, жоқ болып кеткен екен.
Дайындаған
Серік АҚМЫРЗА
05 сәуір 2022 ж. 369 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930