Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд доллар. Оның қаншасы үкіметтікі?
Экономист, GSB бизнес талдау орталығының директоры Мақсат Халықтың Қазақстанның сыртқы қарызына қатысты сараптамасы өзінің youtube каналында жарияланды.
Экономистің айтуынша, Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд доллар, бұл - жалпы сыртқы қарыздың көлемі. Оның ең көп бөлігін немесе 63%-ын фирмааралық берешектер құрайды екен.
Фирмааралық қарыздың көлемі 101,3 млрд доллар, негізінен бұл қарыздың болғаны жақсы. Сыртқы қарыздың үлесінде фирмааралық қарыз үлесі неғұрлым көп болса, соғұрлым Қазақстан экономикасы дамып жатыр деген сөз. Себебі бұл – тікелей инвестиция. Мысалы, Мcdonalds компаниясы бірер жыл бұрын Қазақстанға келді, өзінің желілерін ашты. Ол бізге технологиясын, капиталын алып келді, яғни инвестиция ретінде кірді. Бізде ашылған желілері енді табыс тауып, сол қаражатты қайтаруы қажет. Ертең осындағы еншілес компаниялар табыс таба алмай, банкротқа ұшырап кетсе, ол қарызды мемлекет те, халық та қайтармайды. Бізге келген инвестор кәсіпкерлік тәуекелмен келді. Сондықтан мұндай қарыздың халыққа, елге келтіретін ешқандай зияны жоқ, - дейді ол.
Сарапшы ең қатты үңілетін қарыздың түрі ол үкіметтің қарызы екені айтылады. Бұл қарыздың жауапкершілігі жоғары.
Бүгінгі таңда үкіметтің қарызы 13,2 млрд долларды құрайды, бұл жалпы сыртқы қарыздың 8,2%-ы. Былай қарасаңыз, өте көп емес және біздің шенділер де осы статистиканы көп жерде айтады. Дегенмен экономистер өзге де секторларда шамамен 41 млрд-тан астам қарыз барын сынап келді. Сол қарыздың ішінде квазимемлекеттік қарыз бар дейтінбіз. Экономистер соны айқындап көрсету қажеттігін айтатын. Биыл Ұлттық банк өз есебін жариялағанда квазимемлекеттік сектордың қарызын нақты атап көрсетті. Оның үлесі жалпы қарыздың 15 пайыздан астамын құрайды екен, яғни 20,1 млрд доллар, - дейді Мақсат Халық.
Квазимемлекеттік қарыз негізінен ұлттық компаниялардың қарызы көрінеді. Оларға сыртқы қаржы институттары қорықпай қарыз береді екен.
Себебі ол компаниялардың артында үкімет тұр. Ертең ол компаниялар банкротқа ұшырап жатса, қарызды қайтаруда үкімет міндеттеледі. Сондықтан бұл қарызды үкімет қарызымен қосып есептеген дұрыс. Егер осы қарызды қосатын болсақ, үкіметтің таза қарызы шамамен 33,3 млрд доллар болады. Бұл үкіметке қауіп төндіретін, жауапкершілігі бар қарыз деп есептеледі. Ертең осы қарызды үкімет қайтара алмай жатса мемлекет дефольтқа ұшырайды және қаржылық қиын жағдайда қалуы мүмкін. Алайда, Ұлттық қорда 57 млрд долларға жуық қаражат бар деп айтылады. Оған сенер болсақ Қазақстанның қоры сыртқы қарызды жабуға жеткілікті. Сондай-ақ сыртқы қарыздың ішінде банктік сектордың қарызы шамамен 5,2 млрд долларды құрайды, - дейді ол.
Жалпы қарызды талдап қарасақ:
- Фирмааралық қарыз -101,3 млрд доллар,
- Үкіметтің қарызы – 13,2 млрд доллар,
- Квазимемлекеттік сектор қарызы – 20,1 млрд доллар,
- Банктік сектордың қарызы – 5,2 млрд доллар.
Қалған 20 млрд-тай доллар қарыз бар, ол өзге сектордың қарызы деп көрсетіледі. Ол қандай сектор екені бізге беймәлім. Ұлттық банк квазимемлекеттік сектордың қарызын көрсеткен екен, енді басқа секторларды да көрсетсе, бұл ашықтықтың ең биік шыңы деп бағаланады, - дейді сарапшы.
Қазақстан ең көп қарыз алған мемлекеттер
Сарапшы Қазақстан ең көп қарыз алған үш мемлекетті атап көрсетті. Бірінші орында Нидерланд мемлекеті тұр – 44,8 млрд доллар. Екінші орында Ұлыбритания - 21,7 млрд доллар. Үшінші орында АҚШ – 13 млрд доллар қарыз берген.
Сондай-ақ Франция, Қытай елдеріне де қарызбыз, ең қызығы, Бермут аралдарына шамамен 10 млрд доллардай қарызымыз бар екен. Кейбір ақпарат көздерінде шетелге Қазақстанның әрбір азаматы 9 мың доллар қарыз деген айтылып жүр. Бұл жерде тек үкімет пен квазимемлекеттік қарызды есептесек, шамамен адам басына 2 мың долларға жетер-жетпес қарыз шығады, - дейді экономист.
Сонымен қатар ол сыртқы қарызға келгенде өте нәзіктікпен, бұл тақырыпты жан-жақты ойластырып барып қарастыру қажеттігін айтады.
Сыртқы қарыз егер елге инвестиция ретінде тартылып жатса, яғни біздегі адами капиталдың дамуына, өндірістік мүмкіндіктердің кеңеюуіне, жаңа технологиялардың келуіне салынып жатса, ол құптарлық іс. Ондай сыртқы қарызды арттыра беруіміз керек. Ал енді алынып отырған сыртқы қарыз бюджет тапшылығын жабуға, үкіметтің халық алдындағы нақты бір әлеуметтік қызметтерін орындай алмай алынса, онда мұндай қарыздың белгілі дәрежеде қаупі бар. Себебі оның төлемі ертең өте жоғары болуы мүмкін, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Қазақстан биыл Азия даму банкінен ұзақ жылға 1,5 млрд еуро көлемінде қарыз алған.
2021 жылы бюджетті жоспарлау барысында Қазақстан Азия даму банкінен 1,5 млрд еуро көлемінде қарыз алды деген мәлімет болды. Бұл жерде қаражат ұзақ жылдарға және төмен пайызбен берілді. Мұндай қарызды алуға болады. Бұл Қазақстанның белгілі дәрежеде қоры болғандықтан әлемдік қаржы институттардың қарыз беріп отырған көрінісі. Егер еліміз өз қорын тауысып, қиын жағдайда қалатын болса онда әлемдегі ешқандай қаржылық институт оңайшылықпен ақша бермейді. Ол кезде тек Халықаралық валюта қоры келіп, нақты өзінің талаптарын қойып, ұлттық ақша несие саясатына кіріп, өз диктовкасын жүргізу шарттарымен ғана қарыз беруі мүмкін, - дейді Мақсат Халық.
Экономист Қазақстанның даму мүмкіндігі көп екенін, тек оны байқай білу керек деген ойын айтты.
Ең бастысы, сыртқы қарыздардағы артықшылық пен кемшілікті нақты ажыратып, еліміздің нақты дамуына, экономиканың нақты секторының дамуына инвестицияларды көптеп тартып, Қазақстан экономикасының жаңа моделін қалыптастырып, ақырын-ақырын алға қадам басуымыз қажет. Ондай мүмкіндіктер жан-жағымызда көп. Тек соны байқай білу керек, - дейді ол.
baq.kz