Пышаққа сенген перілер
90-шы жылдарды көзбен көрмесек те, үлкендерден заманның қалай қиын болғанын естіп жүрміз. Қоғамды Ата заң емес, көше заңы билеп тұрған сәтте қалтадағы қанжар қаншама жастың өмірін қиды. Бүгінгі күні тәртіп сақшылары «тыныштықты қамтамасыз етіп жүр» дегеннің өзінде білектің күшін пышақтың жүзіне сеніп тапсыратындар саны артып келеді. Мұны заманауи жігіттердің әлсіздігі дерсіз немесе көзіқараңғыларша батырлығына баларсыз, бір анығы – салдарынан жасындай жарқыраған жастардың бақиға аттанып жатқаны.
Сөзімізге дәлел болсын, былтыр жыл-он екі айдың ішінде үш адам пышақталғаны белгілі. Сексен мың халықтың ішінде бұзығы мен бұрысы бар, бұған ешкім мән бере қоймады. Бірақ жыл басталғалы үшінші айға қадам баспай жатып тағы үш адамның денесіне пышақ сұғылған. Әлеуметтік желіде тараған «Бақдәулет» кафесінің алдында түсірілген видеода жұрт арасында «шанышқы тықты» деген жансақ пікір естеріңізде болар. Өкініштісі сол, видеодағы зардап шеккен азаматтың арқасына сол сәтте екі рет пышақ қадалған. Айыпталушыға қатысты күзетпен ұстау жазасы тағайындалғанын да есітіп отырмыз. Сол сияқты жасөспірімдермен болған, әкімдік қызметкерлері арасында орын алған қылмыстық істер де тергеліп жатқан көрінеді. Кеше ғана «Көзде» ойын-сауық орталығында орын алған пышақ ұстаған жастардың ісін де айтпай кете алмаймыз. Мұны жігіттердің арасында «общениенің» қадірі кеткені деуге болатын шығар. Жастардың келіспеушілікке кезіксе кескестей кетуінің себебін басқаша қалай түсіндіреміз?
Негізі адам баласы жауыз болып тумайды. Бірақ қалтаға «шаппа» салып жүру – жасөспірімге қосымша батылдық, сенімділік беретінін балалықтан өткен біз білеміз. Осылай жүріп, алғашқы керіскеннің тамағына пышақ салып, жас ғұмырын тор артында өткізген таныстар да аз емес. Қоғам парызы – кешке жақын көшеге шығуды үйреніп келе жатқан жастарға, біреудің қателегінен сабақ алуды үйрету. Көзсіз қылмыстың зардабын ұғындыру. Тек сол парыздың орындалуына жауапты район «смотрящийлері» ме, әлде құқық қорғаушылар мен атқарушы билік өкілдері ме, соны нақтылай алмай келеміз…
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ