Көктемгі егіс жұмыстары: дизель бағасы белгілі болды
2022 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, дизель отынын жеткізу графигін бекітпек. Оның аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қажеттілік 400,26 мың тонна көлемінде белгіленді. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бекітілген график Ауыл шаруашылығы министрлігі атынан облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармаларына және Энергетика министрлігінің атынан ресурс ұстаушыларға орындау үшін жіберілді.
«Облыс әкімдіктерінің ауыл шаруашылығы басқармалары өз деңгейінде операторларды белгілейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мұнай өңдеу зауыттары дизель отынын жөнелтуді басым негізде жүзеге асырады. Бұл ретте тиеп-жөнелтуді бақылау және мониторингтеу тәулік сайынғы негізде жүзеге асырылады», - деді ведомство басшысы.
2022 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынына ұсынылатын баға тоннасына 212 мың теңгені (литріне 176 теңге) (ҚҚС-ты қоса алғанда) (FCA-тиеу станциясы шарттарында) құрайды.
«Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін болжамды баға шекті бекітілген бөлшек сауда бағаларынан төмен (литріне 230-260 теңге), бұл орташа алғанда 15-30%-ға арзан. Айта кету керек, Энергетика министрлігінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін дизель отынына арзандатылған бағаларды заңнамалық бекіту құзыреті жоқ. Ауыл шаруашылығының мұқтаждығы үшін дизель отынының құны жанар-жағармай материалдары нарығына қатысушылармен келісім жолымен айқындалады және мұнай өнімдерін ресурс ұстаушылардың өздері ерікті түрде белгілейді», - деді министр.