Елдегі 11 өңір цифрлы телевизияға көшті
Еліміздің 11 өңірінде тұрғындар цифрлы телевизия технологиясын тұтынып отыр. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылы министрлік құқығы бұзылған журналистердің құқығын қорғау регламентін қабылдады. Құжатты қоғам өкілдерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және тиісті органдармен бірлесіп мұқият талқыладық. Төрт мыңнан астам маман салалық журналистика бойынша тәжірибеден өтті. Атап айтқанда, медициналық, экологиялық, діни және IT салалары бойынша тәлім алды. Журналистерді аккредиттеудің жаңа қағидалары бекітілді. Салауатты өмір салтын насихаттайтын әлеуметтік жарнамаларды отандық телеарналарда көрсету қағидалары нақтыланды», - деді Асқар Умаров министрліктің алқа отырысында. Оның сөзіне қарағанда, саладағы басты мәселенің бірі – отандық бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тілді қолданылуы. «Былтыр алғаш рет «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» сөздігі жарық көрді. Бұл жобаның қазақтілді БАҚ өкілдеріне пайдасы көп болады деп ойлаймын. Цифрлы телерадионы енгізу жобасын іске асыру былтыр да жалғасты. Бүгінде 11 өңір цифрлы телевизияға толықтай көшті», - деген министр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында 73 медиа жоба қолға алынғанын атап өтті. «Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2021 жылы отандық телесериалдар, деректі тарихи фильмдер өндірісін ұлғайтуға ден қойдық. Телеарналардан Ахмет Байтұрсынұлы, Қаныш Сәтпаев секілді ұлт зиялылары туралы сериалдар көрсетіліп, көрермен көзайымына айналды. «Әлеуметтік маңызы зор жобалардың арасында «Balapan» телеарнасы жанынан ашылған ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебінің жұмысын айтқым келеді. Бұл жобаның іске асырылуы биыл да өз жалғасын табады», - деді министр.