Бақытын басқа елден іздеген...
Рас, соңғы уақытта әлем желіден басқа елдің азаматымен шаңырақ көтеріп жатқан қазақ қыздарын жиі көріп кеттік. Осыдан соң «Қазақ қызы неге шетелдіктерге тұрмысқа шығады?» деген ой қылаң береді. Бұл сауалдың маңыздылығы сонша, еріксіз қолға қалам алғызады. Міне, бүгін осы түйіні тарқатылмай келе жатқан түйткіл жайында ой қозғаймыз.
Қазақ қоғамындағы нәзік әрі кез келгеннің жүйкесіне салмақ салатын құбылыс қазақ қызының шетелдік еркекпен отбасын құруы екені бесенеден белгілі. Қазақтың аруыжат ел азаматына тұрмысқа шықты деген хабар шықса, жұрт былай тұрсын, қазақтың иті де ырылдап үн шығарады. Неге? Әрине, ең бірінші намыстан. Екіншіден, шетел азаматымен тағдырын қосқан қазақ қызына таудай кінә артылады. Үшіншіден, сол нәзік жандының ата-анасынан бастап, ағайын-туыстарына дейін сын айтылады. Шетелдікке күйеуге шыққан оны сынап қана қоймай, жер-жебіріне жеткізіп, ит терісін басына қаптайды біздің қоғам.Мәліметтерге сенсек, елімізде жылына орта есеппен 100 мың неке қиылса, оның 20 пайызы аралас неке екен. Шетелдік күйеу балалардың басым бөлігі Франция, БАӘ, Түркия, Ресей, Қытай, Америка елдерінен екен.
Сонау тоқырау жылдарында арулар материалдық мәселені бірінші орынға шығарып, өзге елдің азаматтарымен шаңырақ көтерген болар. Ал қазіргі қыздар ақылында жел ескен ақымақ емес. Материалдық қана емес, адами құндылықты да қатар қарастырады. Бақытын басқа елден іздегендердің басым көпшілігі «Өз азаматтарымыз алақанына салып мәпелей алса, әйел бақытын сыйлай алса, отбасы сұранысын қамтамасыз етуге қауқары жетсе, қазақтың қызы өзге ұлт өкіліне саусағын да ұстатпас еді ғой?» деп налиды. Бұлай айтқан шетелдік еркекпен бас қосып, бақытты өмір сүріп жатқан қазақ қызы Айша Салих еді. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Қазақстаннан не себепті кеткенін, қамшының сабындай қысқа ғұмырында әйел адамға не керек екенін қысқа ғана түйіндеп бергендей.
– 23 жасымда алып қашудың құрбаны болдым. Аттаған босағамды тастап кете алмай, өзім танымайтын еркектің жары болдым. Қазақы тәрбие де кетіп қалуыма кедергі болды. Осылайша 15 жыл тұрмыста болдым. Күйеуім арақтан аузы босамайтын. Одан қалды табыс тауып, отбасын асырауға шамасы да келмеді. Сонысына қарамай, бір қыздан кейін денсаулығыма байланысты көтере алмай қалған мені ысырып тастап, «екінші әйел аламын» дегенді шығарды. Бар қазақтың еркегіне топырақ шашудан аулақпын. Алайда олардың арасында жалған намысты, білімсіз, ең ақыры адами қарым-қатынас құруды, әйелді сыйлауды білмейтіні бар екені өтіміз жарылып кетсе де, шындық қой. Бұл сорлылықтың түп-төркіні отбасылық тәрбиеден басталады.15 жыл отасқан күйеуімнен ажырасып кеттім. Бір қызыммен маған үйленуге намыстанғандар болды. Ақырында шетел азаматына тұрмысқа шықтым. Асып-тасыған бай емес. Алайда мен қазіргі күйеуімнің жанында өзімді нағыз бақытты әйелмін деп сезінемін. Осындай бақытты ұсына алмаған біздің кейбір надан еркектер «шетелдікке тұрмысқа шыққан қыз – намыссыз» дейді. Өз қаракөзін сондай қадамға итермелеген азаматта намыс жоқ дер едім, – дейді ашынып Айша.
Әрине, бір Айшаның сөзі бүкіл бір ұлттың еркектеріне баға беру деп қабылдау ақымақтық. Десек те, кейде біз мойындауға қорқатын бір шындық бар секілді астарында. Сіз қалай ойлайсыз?
Үлкен талқыға түскен бұл жазбаға расымен «Намысың жоқ жансың, мұндай жігіттер қазақ арасынан да табылады», «Мейлі, жат жерге келін болған екенсің, бірақ өз еліңнің ұландарын жамандауға бола ма?» дегендер де болды. Әртүрлі пікір. Бірі қолдаса, екіншісі балағаттап әлек. Ақын Мұхтар Шаханов қазақ аруларының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына үзілді-кесілді қарсы екенін үнемі айтады. Тіпті, ол желідегі парақшасында шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын азаматтықтан айыру туралы бастама көтерді.
– Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары азаматтықтан шығарылсын. Адамның құқынан гөрі бізге мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Қазақстанның тұтастығы, бүтіндігі, болашағы маңызды. Қолдауларыңызды сұраймын! Әр адамда әртүрлі ойлар болуы заңды. Бірақ бұл мәселеде дауласпай, қырық пышақ болмай шешейік. Осы күнге дейін өмір сүріп кеткен бабаларымыздың рухы мен болашақ ұрпағымыздың алдында жауапты шешуші тарихи қадам. Атам қазақ «Жиен ел болмас» деген нақыл сөзін жадыңыздан шығармаңыздар – деп еді белгілі ақын. Бұл бастаманы қолдағандардың саны аз емес. Бірінен соң бірі жамырай жазып, осы бір мәселені біржақты етуді сұрауда.
Жат елден жар іздегендер туралы сөз қозғалғанда ертеректегі Франция мемлекетіндегі оқиға есіме түседі. Әңгімені әріден тарқатсақ, ХIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың соңына дейін Франция, Еуропа елдерінің ішінен білім, ғылым, қорғаныс және мәдениеті жағынан әлдеқайда жоғары тұрды. Алайда аз ғана уақыттың ішінде елдің берекесі кетіп, барлығы құрдымға кетеді. Бұл үшін бір ғана ауыз сөз жетіп жатыр еді.
Расында бақталас елдер француздарды көре алмай, қалайда ұлтты жойып, экономикасын құлдырату үшін сан мыңдаған құйтырқы саясатты жүзеге асырды. Олар Францияның технология, білім, ғылымда жеткен жетістіктерін оқып, үйреніп немесе жамандап әуре болған жоқ. Жай ғана «Әлемдегі ең сұлу, әрі ақылды, көркем француз қыздары» деген аңыз шығарды. Осыдан соң әлемнің барлық бай, алдамшы, көркіне сенген, ұры-қары, залым жігіттері осында ағыла бастады.
Мұнан кейін олар француз басшыларын мақтады. Бұған риза болған билік басындағылар «Біз әлемдегі ең тыныш, ынтымағы жарасқан, қарқындап дамыған елміз» деп осы жерге бас сауғалағандарға баспана, жұмыс берді. Ал жат елден жеткендер олардың қыздарын пайдаланып, ұрпақ қалдыру үшін бірінен соң бірін әйелі етті. Арқырында ажырасқан қыздар мен тастандылардың еліне айналып шыға келді. Бір ғасырға жетпей ұрпақ азды, француздар баяғы атақ-абыройдан жұрдай болды.
Қызығы сол, мұнан кейін көрші елдің еркектері бұрынғыша «француз қыздары әлемдегі ең сұлу қыздар» деп айтпайтын болды. Қазір Франциядан салт-дәстүрін, ұлттық қадір-қасиетін сақтаған таза ұлт өкілдерін таппайсыз. Түгел дерлік ажырасқан, некесіз бала тапқан, қойыртпақ, атала, алашұбар отбасылар. Ал олардың ешқашан өздері тұрып жатқан мемлекетке, иесі болып отырған ұлтқа жаны ашымайтыны айтпаса да белгілі.
Дәл осындай күйді Тайланд елі де кешті. Уақытында «Азияда тайлық қыздар керемет сұлу» деген аңыз тарады. Соңында бәрі Франциядағы жағдаймен бірдей болды. Тақырыпқа неліктен осы бір оқиғаны келтіріп отырмыз. Өйткені өзге елдегі қазақ жерін жаулаудағы саясат осының астарында жатқан секілді. Кейде «Қазақстанның алып жерін иеленгісі келетіндер барлығын осылай бастағанды жөн көргені ме?» деген ойда қаласың.
Мейлі, қыздарымыздың қалағаны жақсы жағдай екен. Сонда шетелдік күйеу баланың көксегені не? Бұл жағына барлаған ешкім жоқ. Бізге тек қатал заң жетпейді. Мәселен, Түркияда шетел азаматтарының түрік қыздарымен танысуына рұқсат берілмейді. Ал арабтар өзге ұлттарға қыздарын бермейді.Түрікменстанда жергілікті қызды алу үшін сол елдің азаматтығын қабылдап барып, сосын Үкіметке 150 мың АҚШ доллары ретінде салық төлеу қажет.
Әсілінде бірнеше тіл білетін, ақшасы көп шетелдік күйеу баланы мақтан етпей, қыздарына тек қазақ жігітіне тұрмысқа шығуын тала етіп, тәрбие беру арқылы, ұлттың рухын сақтап қалу әр ата-ананың қолында.
А.БАҚЫТ