Мектеп кітапханаларының қорын дамыту үшін не істелінді
Өткен жылы мектеп кітапханаларының қорына сатып алынған әдебиеттердің 71 пайызы қазақ тілінде. Бұл туралы «Оқулық» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Елдос Нұрланов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен жылдың қаңтары мен желтоқсаны аралығындағы кезеңді бөліп қарасақ, мемлекеттік тілде сатып алынған әдебиеттің үлесі 71, ал орыс тілінде 23 пайызға тек. Қалған 6 пайызы - ағылшын тілінде. Егер жанрларға бөлсек, басым бөлігі – 87 пайызы қазақ және әлем әдебиетіне қатысты туындылар. 13 пайызы анықтамалық қосымша, әдістемелік, ғылыми-танымдық, ғылыми-тәжірибелік басылымдардың үлесіне тиесілі», - деді ол бүгін Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында. Оның атап өтуінше, бірқатар аймақта сатып алынған туындылар санының аздығы белгілі болды. «Атап айтар болсақ, елордада, Шымкентте, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында сатып алу көрсеткіші төмен. Жалпы, ілгерілеу байқалады. Десе де әдебиеттер сатып алу қажеттілігі бар. Ал сатып алынған әбедиеттерді сыныптарға бөліп қарасақ, бастауыш сыныпта 38, негізгі сыныпта 34 және жоғары сыныпта 28 пайыз. Біздің ойымызша, бұл арасалмақ дұрыс», - деді Елдос Нұрланов.