Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Уәде

Уәде

– Табылды, – деді ішке ентіге кірген бөлімше басшысы Аман.
Үсті-бастары алба-жұлба, шаштары төбелеріне шығып кеткен, әлденеге үрейленген адам сияқты жан-жақтарына алақ-жұлақ қараған «қызыл жағалылар» осы сөзді естісімен абдырап қалды. Бірнеше аптадан бері үй көрместен кабинеттен шықпай отырған тергеушілер әп-сәтте топтаса қалып, көздері ежірейіп, беттері бедірейіп, бір-біріне жалтақ-жалтақ қарасты.
– Қайдан табылды?
– Алысқа ұзап кетіп пе?
– Кім хабар берді?
– Аман!
– Жанында кім бар?, – деп жиналғандар жан-жақтан ұлардай шулай бастады.
– Тыныш, әріптестер, қанышер құрықталады. Бірақ қазір Тараз қаласында жасырынып жатқан көрінеді. Сондағы жігіттерден естуім осы. Қанат, Ермек, Дәуір дайындалыңдар, 10 минуттан соң көлік келеді. Бұл шаруаны тындыруға сендер лайықты деп таптым. Мекенжайын жеткендеріңше анықтап беремін, қазірден қалмай жолға шығыңдар, – деді.
– Жігіттер сақадай сай, тек бұйрық берсеңіз болды. Бір аяғымыз осында, бір аяғымыз Тараз шаһарында деп есептей беріңіз, – деді шаршап тұрғанын білдіргісі келмеген Ермек. Бірақ Дәуір үнсіз қалды. Өйткені ертең ұлы Қасымның туған күні. Ал ол тұңғышына меншікті мерекесін бірге қарсы аламыз деп уәде берген. Іштей «Ол құрығыр да қайдан шыға келді. Іздеп жатқанымызға бірнеше апта болды. Ертерек те қолға түспеген екен» дегенімен, әуелдегі қызметтік ант ардан аттатпай тұр. Оған қоса қандықол қарақшының аудан тұрғындарын титықтатқан кеудесіндегі ызаны одан әрі өршітіп барады.
– Отбасыларыңа қоңырау шалып ескертіңдер, тамақты жолдан аласыңдар! Сосын қоймаға кіріп, мұздай қаруланып алыңдар! Алдарыңда не күтіп тұрғаны тек Аллаға аян. Қанша дегенмен 3 адамның жанын «жәһәннәмға» жіберген адамды құрықтауға бара жатырсыңдар, – деді Аман зілді үнмен.
Тергеушілер алдымен жуынатын бөлмеге жүгірді. Асығыс сулы қолдарын маңдайдан иекке дейін түсіріп, жуынғандай болды. Артынша қажетті жарақтарды алып, артқы есікке қарай жүре жөнелді. Шыға бергені сол-ақ екен, қызметтік көліктің кілтін ұсынған бөлім басшысы сәттілік тілеп шығарып салды.
– Көлікті мен тізгіндейін, тынығып алыңдар. Облыс орталығына жеткенде ауыстырамыз, – деді Қанат.
Артқы орынға жайғасқан Дәуір ұялы телефонын алып, жарына қоңырау шалды. Ұлымен тілдескісі келген. Бірақ оның ұйықтап қалғанын айтқан Айжан жұбайына ақжол тіледі. Тұтқаны қоя салып:
– Ия, Жаратушым! Өзің қолдай гөр! Дін-аман отбасыммен қауышуды жаз! Жұмыс сәтімен бітсін! Абырой бер, – деп жатқан күйі көзі ілініп кетті. Көзін ашып, айналасына қараса, біраз жолды артқа тастаған екен. Жанындағылар оятпауды құп көріпті.
– Ауқаттанып ал, кеш қарая Жамбылға жетеміз, – деген Ермек бір құты айран мен нан ұсынды.
– Әзірге жүрек жалғауға болады. Біртүрлі тамаққа тәбетімде болмай тұр. Қобалжып келемін. Осыдан барлығы біржақты етілсе, ет асып, барлығыңды үйге шақырамын, – деді Қанат жымиып.
– Әй, ол да жұмыс болып па? Бастысы, аман-есен елге оралайық, – деді Дәуір.
Жігіттер бір-біріне сыр бергісі келмегенімен, әрбірінің ішінде бір уайым. Әлсін-әлсін елге сау қайтуды ойлап отыр. Бұлар бұрынырақта қанышермен бір мәрте бетпе-бет кездігіп қалған. Үшеуі жабыла жүріп, қашқынды жіберіп алған еді. Қарақшы үнемі қарулы жүреді, әрі бокстан спорт шебері. Содан болар басына зақым келіп, ашуға булықса көзін «шел басып», алдындағы адамды бас сала жөнеледі. Тек ұрып қана қоймай қолына пышақ алып, қару кезейді. Бұған дейін осылай бірнеше жанды «келместің кемесіне» жайғастырды. Ал ауданнан ізін суытып кеткеніне 1 ай болған.
Күн ұясына кірді. Тергеушілер де діттеген жерге жетті. Жолай ауданнан хабар алып, мекенжайды нақтылап алған. Уақыт ұзатпай сонда жетуді ойлады. Бір сәтте қатар орналасқан көп қабатты үйлердің жанына келіп, маңдайшасында «13» деген жазуды іздей бастады. Тапқан сәтте көліктерін қолайлап қойып, қаруланып алды да, барлығы 3-ші қабатқа көтеріле бастады. Кенет Дәуір:
– Ермек, сен есік сыртында қал. Бізден сытылып кетсе, алдынан тос. Артық қимылға бара қалса, қару қолыңда шүріппені баса бер. Елге жеткенде мән-жайды мен мойыныма аламын. Қорықпа, – деді.
Ермек ауладағы балалар алаңы алдындағы бағана түбіне барып жайғаса кетті. Аман айтқан үйдің санын есептеп терезелерге қараумен әлек. Ойы дыбыс шықса ішке жүгіру.
Үшінші қабатқа жеткен жігіттер пәтер алдына келіп қаруларын шығарды. Ақырын есіктің қоңырауын басты. Іште тыныштық. Осы кезде Дәуір қарсы бетте біреудің келіп, тыңдап тұрғанын байқады. Дауысын жуандатып:
– Суға төлем жасамапсыздар, қағазға қол қойдыру қажет, кім бар? – деді.
Ентігіп тұрған Қанат шыдамсыздық танытып әлек. Құлағына «есікті бұзып кіру керек» деп сыбырлай бастады.
Көп ұзамай арғы беттен есіктің кілтін бұраған дауыс естілді. Ашылған бойда қылмыскерге тұра жүгірген Дәуір оның қолында пышақтың бар екенін байқамай қалған секілді. Үстіне құлай кетіп, Қанат «қолынан ұста қолынан» деп айқайлай берді. Сол мезетте орнынан тұрып үлгерген қашқын Қанатты қолындағы қаруды көріп, терезе қарай тұра жүгірді. Қорыққаннан қылтимадан секіріп кетті. Осы сәтте Дәуір: «Қанат тез жерге түс» деп бұйырды. Төменге қарай ытқи жөнелген ол:
– Ермек, ұста, ұста, – деді бар дауысымен.
Абдырап қалған Ермек қолындағы темекісін тастай салып, белбеуге байланған тапаншаны алып жүгіре жөнелді. Ал қылмыскердің екі аяғы сыныпты. Екі аяғын құшақтап, жылаған күйіне қарамаған Ермек қолын байлап тастады да, көлікке қарай сүйрей жөнелді. Ал Қанат пәтерге қайта оралып, айғақ болар зат қарамақ болған. Алайда есік алдында қансырап жатқан Дәуірді көріп, денесі суып кетті. Жанарына жас толып:
– Дәуір, Дәуір есіңді жи, ақымақ! Сені күтіп отырған жандар бар... Тек көзіңді ілме, бауырым! Қазір ауруханаға жеткіземін, – деп құшақтап төменге түсті.
Дәуірдің ұялы телефонының қосулы арғы жағынан:
– Әке, уәдеңізді ұмытып кеттіңіз. Мен сізге ренжідім. Сол үшін маған Тараздан үлкен сыйлық ала келіңіз, – деген Қасым ұлының дауысы естілді.
Дәуір әріптестерінің арқасында бір өлімнен аман қалды. Жиырма күн дегенде ауруханадан шығып, елге оралды. Әуелгі жоспар бойынша Ермектің үйінде жігіттермен бас қосып, ұлына берген уәдесі жайлы баяндап берді.

А.БАҚЫТҰЛЫ
15 ақпан 2022 ж. 629 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031