Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпқабатты үйлерде мәселе көп

Көпқабатты үйлерде мәселе көп

Халықтың қалалық тұрмысы қалыптасып, орталықтарға шоғырлана бастағанында жерлерді мақсатты пайдаланудан туындаған өнертабыстың бірі – көпқабатты үйлер. Шатыры көк тіреген зәулім үйлерде тұру көптің арманы. Ыңғайлы. Жағдай жасалған ықшам, қауіпсіздігімен де қуантуды мақсат тұтқан мұндай мекендердің аудандағы жайы қалай? «Үйі бардың, күйі бар» деп баспаналы болуға бар тапқан-таянғанын жиып беріп, қарызға белшеден батқан талай жан жайлылық іздеп келген үйінен үйдей мәселеге кезігуде.
Көпқабатты пәтерлердегі қат-қат проблемаға тілшілеріміз бойлап көрді.

Кеңестік кезең жәдігерлері
Аудан орталығы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласында тұрғындар жекеменшігіндегі көппәтерлі қос не одан да көпқабатты үйлер саны көп болмаса да, көңіл бөлуге тиістігін байқатады.
Мұндай санаттағы баспаналардың санаулысы ғана соңғы он жылдықта бой көтергені болмаса, өзгелері Кеңестік кезеңнің жәдігерлері. Ең ескілері М.Счастнов, Желтоқсан көшелері бойына орналасқан. Қазалыға темір жолдың келген кезеңінде жұмысшылар мен мамандарға арнап салынған бұл қызметтік пәтерлер ойыңа патшалық сән-салтанатты оралтады. Алайда жүзжылдық куәгерлерінің ғажайыбынан гөрі қауіптілігі көпті алаңдатуда. Одан өзге әр кезеңде бой көтерген Т.Айбергенов, «Мелиоратор» мөлтек ауданы, Әбілқайыр хан көшесі, Қазалы қаласында ХХ ғасыр жәдігерлерін кездестіруге болады.

Венецияға баруды армандамаймыз
Осыдан екі жыл бұрын әлеуметтік желіде тесік шатыр салдарынан легендер мен ыдыс-аяқтар толған жаңбыр суы жайында жаға ұстатқан жағдай туралы жазба көпке тарап, таңдай қақтырды.
Арада үш жыл уақыт өтсе де, көңілден кетпеген көрініс иесін тауып алдық.
– Бұл бұрын тұрған Төремұрат жырау көшесі бойындағы үйде орын алған оқиға еді. Қазір ол пәтерімді сатып кеттім. Сіз айтып отырған жағдайдан еш өзгеріс жоқ. Сол күйі тұр. Көршілер азапты көріп отыр. Шатырының шифрлары кетік адамның тісіндей ұшып кеткен. Әр жері құрау-құрау киім киетін Алдар көсенің кейпін көз алдыңа оралтады. Бар болғаны бір подъезд. Оның да есігі жоқ. Жауын мен қар жауса, үйге кіру, шығу мұң. Көршілер Венецияға баруды армандамайды. Ауданның көрікті жерінде орналасқан көріксіз көріністі қалпына келтіруге тұрғындар қауқарсыз. Жанымызда орналасқан күрделі жөндеу көрген үй сынды тұрғындарға кредит есебінде жөндеу шығындарын жабатын тәжірибені айтып, табанамыз тозды, қолымыз талып, аузымыз шаршады. Көріп отырсыз, «Баяғы жартас, бір жартас». Жағдай өзгермесе, айналасын су басқан үй енді бірнеше жылда үйіндіге айналмасына кім кепіл?.. – дейді Құралай Асаубаева.
Төремұратжыраулықтарға тағдырластар Желтоқсан көшесі №28 үйден де табылды. Бет қатталып жатқанда, осы үйдегі 28 пәтер тұрғыны Өзипа Сарыбала қоңырау шалып, базынасымен бөлісті. Үзіліп-үзіліп жеткен дыбыстан алпысты алқымдаған ананың әбден ашынғанын аңғару қиынға соқпады.
– Балам, көпқабатты үйлер жайын жазып жатыр екенсің. Мен осы пәтердің тұрғылықты тұрғынының бірімін. Айтайын дегенім, біз орналасқан 5 қабат шатырға жақын. Осыдан 9 жыл бұрын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, сол кезден бастап төбеден су ағатынды шығарды. Алғашында тамшылатқан жағдай бертін келе ұлғая түсіп, қазір үйдегі 5 бөлменің төбесінен су шелектеп ағып, мазадан айыруда.
Қазір бір апта болды, светті ажыратып, бүкіл былғанған заттарды қоятын жер таппай отырмыз. Жағдайды пәтер иелері кооперативіне айтап хабарласып едік, басшысы «Шағымдарыңды әкімге барып айтыңдар» деп құлақ түрмеді. Кент әкіміне барғанымызда, орынбасары Дархан деген жігітке тапсырған, ол да аудан әкіміне сілтеді. Аудан әкіміне барғаныммен, кіре алмадым. Барлығы: «Жеке үйлеріңіз. Оны өздеріңіз жөндеуіңіз керек» дегенді айтады. Жасым 68-де. Үйде ер азамат жоқ. Шатырда не болып жатқанын білмей отырмын, – дейді.

Қашып құтылуға мәжбүр болдық
Бірнеше ай бұрын Желтоқсан көшесі басына орналасқан үйлердің бірінде пәтерде тұрдық. Әрбір адам жұмыстан шаршап келгенде, тұрып жатқан жеріне жайлылықты іздейді. Алғашында орталықтан, қалта көтеретін ақыға үй табылғанына қуанғанымызбен, онымыз ұзаққа созылмады.
Осы үйді бір жылдары жөндеуге аудандық бюджеттен 1,5 миллион теңге бөлінгенін естіп-білдім. Қаржыға тек сырты ғана боялған. Қазір «Сырты бүтін, іші түтін» баспанада мәселе көп. Мәселен, подъезге жарық қаралмаған. Осының кесірінен бір жолы ұрлық жағдайы орын алды. Негізі бас ауыртатын жағдай – жылу жетімсіздігі. Соңғы кезде кішкентай баласы бар отбасым үшін қабырғасы көгіс тартып, ылғалданған пәтерде тұру қиындық тудырды. Қолқаны қауып, өкпені бітейтін иіс түрлі ауруға арқау болары сөзсіз. Дұрыс жүргізілмеген жылу жүйесін жақсартуға бағытталған қондырғы подъезде болғанымен, ол қосылғанда кететін электр шығыны жекелеген бір пәтерге жалғанған. Алғашында көршілер 500-300 теңгеден пәтер иесіне ақы жиып бергенімен, кейін бірі беріп, бірі бермейтін болғандықтан, олар да қалталарына түсетін артық шығаннан арылу үшін моторды ажыратып тастайды.
Тағы бір айтарым, бірінші қабатта тұған мен тарсылдаған дыбысты бірнеше рет естідім. Оны көшеде балалар тас лақтырған шығар деп болжағанмын. Бір күні жоғарыдағы мұржаның үлкен бөлігі тереземнің алдына құлағанында тарсылдың себебін білдім. Абырой болғанда, жақын жерде адам болмапты, – дейді Серік Әлиұлы.

Талапқа сай келмейді
– М.Счастнов көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйде тұрамын. Үлкен қалаларға барсақ, мұндай тұрғынжайлардан жайлылықты сезінесің. Біздегі жағдай мүлде бөлек. Аулаға шығып, тынығуға жағдай жасалмаған. Мені алаңдататыны – аяқ жолдардың болмауы. Үй құрылысы салынған кезден кейін, білуімше, аяқ жолдар жаңаланбаған. Салдарынан батпақтан аяқ алып жүру мүмкін емес. Подъезд, пәтер былғанады. Қиын шаруа емес, шешуге болатын жағдай ғой, – дейді Күләш Балғабайқызы.
– Халық «5 этаж» деп атап кеткен үш 5 қабатты үйдің тұрақты тұрғынының бірімін. Осыдан екі жыл бұрын неше жыл бойы сығырайып ағып, ­уатында үлгермесең тоқтап қалатын суымыздың жайын айтқанымызда, сол кездегі әкім М.Ергешбаев 15 минутта шешіп, қалпына келтіріп бергені бар. Менің ойымша, халық айтып жүрген жанайқай жоғарыға жетпей жатады. Халық жиындары көбіне айтылмай өтеді.
Білетінім, бір көршім, төбесі жарылып, орнына жаңа бетон әкеліп қойғанымен, әлі ауыстыра алмай отыр. Одан өзге жоғарғы қабаттардағы салқындық, судың кейде жетпей қалуы, кәріз жүйесінде кездесетін жағдайларды жасыруға болмайды.
Биылғы жылы жүзеге асатын жеке пәтер иесі бөлінісін көпшілік әлі түсіне алмай әлек. Егер меншік иелері бірлестігі сайланбаса, біздің үйлер автоматты түрде бұрынғы пәтер иелері кооперативіне өтеді дегенді естідім, – дейді Роза Қартабаева.
От жағуға мәжбүрміз
– Ешқандай күлкісі жоқ. Рас, бұл біздің қазіргі бетпе-бет кездесіп отырған күнделікті тірлігіміз. Осыдан біршама уақыт бұрын ауданға көгілдір отын жеткенде, қуанып, қиын күндер артта қалды деп шат-шадыман болған шаттығымыз ұзаққа бармады. 5-6 жыл бұрын біз тұратын «Мелиоратор» мөлтек ауданындағы Төремұрат жырау көшесіндегі 4 үй де жылыған болатын. Қазіргі жылуды жылу деуге келмейді. Қосымша от жағуға мәжбүрміз. Оған көп адамда жағдай жоқ. Жылу жетісімен, есік алдындағы сарайлар бұзылып, вогондарды алып тастауға кент әкімі бел шеше кіріскен. Бүгін олардың керектігі байқалып тұр. Көмір мен отын сатып алу қосымша қаржыны қағуымен бірге ертеңге деген сенімді де жоғалтуда. Биыл осылай амалдадық. Келер жылы не болары Аллаға аян, – дейді Айбол Суханов.
Кенемен күрес немесе үйдегі үлес
– Михайлюк 6 және 4 үйге орналасқан жандар бірнеше жылдан бері паразиттермен тынымсыз күресіп келеді. Жылу, суда мәселе жоқ. Бірақ «ай сайын уақытылы жинап аламыз» деп келісімшарт жасасқан тұрмыстық қалдықтарды жыю кестесі қайта-қайта өзгере беретіні таңданыс тудырады.
Біздер орналасқан үй шатырларында кептерлер тіршілік етеді. Ал олардан келетін кенелер қатары жыл сайын көбеюде. Тұрғындар бірнеше рет ақша жиып, тазалатқанымен, біраз уақыттан соң жағдай қайта қайталанады. Содан соң денелерін бөртпе қаптаған адамдар бірнеше рет ауруханаларға жатып, терілеріне төнген қауіппен арпалысып әуре, – дейді Жұпар Толсынқызы.
Үреймен күн кешудеміз
– 1960 жылдары құрылысы қаланған Жанқожа батыр көшесі №83 үйде тұрып жатқаныма көп уақыт болды. Бұл жердің жағдайы туралы сөз қозғаудың өзі артық. Іргетасы жоқ үй құлау қаупінде. Бөлмелердің барлық қабырғасы қисайған, төбесі түсіп кеткен, су кіргізілмеген. Жылу бір үйдегі 8 пәтердің 4-уінде бар. 4-уі от жағады. Соның бірі өзім. Апатты жағдайдағы жерге су кіргізу, жылу жүргізу қауіпті екенін білдім.
Жаңбыр жауса, жоғарғы қабатта тұратын менің үйімнен аққан су астыңғы үйге дейін жетеді. Күн бұлттағаннан жарықты қондырғыдан ажыратып тастауға мәжбүрміз. Шатырдан аққан су электр тоғын бойлап, үйді өртке шалдықтыру қаупін туғызады.
Біздің жағдайдан ел ағалары да хабардар. Оларды үйдің сыртын жаңалап бере алатындықтарын айтты. Үй сыртын әдемілеу, қауіпті сейілтпейді. Жағдайды түбегейлі шешу үшін үйдің сүрілуі керек. Ереже бойынша тұрғындар тәуелсіз сарапшы жалдап, ол шешім шығарып, біз бір жыл үйден тыс жерде тұруымыз керек. Содан кейін бізге жаңа үй берілуі тиіс. Өзіңіз білесіз, ауданда жаңадан салынып жатқан үйлер жоқ. Салынғанның өзінде олар кезекте тұрған мұқтаж жандарды қамти алмай отыр. Сондықтан кейбір көршілерімнің қаупі де орынды. Осылай «үй қашан құлап қалар екен?» деген үрей құшағында күн өткізіп жатқан жағдайымыз бар, – дейді Ақерке Аяғанова.
Көппәтерді үйлерде өзге де күнделікті кездесетін түрлі жағдай бар. Мәселен, жақында бір әйелдің ауласында ит баққан көршісімен дау-дамайына ұшырастық. Бұдан бөлек қоңсыласының өз пәтерін көршілер рұқсатынсыз өзгерткені, аулада көлік дабылын бергені, подъезде айғайлағаны, балаларының секіріп, мазалағаны үшін шағым айтатындар да бар.
Үстіміздегі жылы қолданыста болған пәтер иелері кооперативі қызметі алмастырылып, меншік иелері бірлестігіне берілетін заң қабылданды. Енді тұрғылықты жұрт өздерінің арасынан үй кеңесін, бірлестік төрағасын тағайындайды. Осы мақсаттағы түсіндірме жұмыстары жүргізуде. Бұл туралы аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қызметкерлері мәлімдеді.
Жаңа Заң аясында басқарудың тек екі нысаны қарастырылған. Алғашқысы – мүліктің меншік иелерінің бірлестігі (ММИБ) болса, екіншісі жай серіктестік (ЖС).
Жиналыста бір жыл мерзімге МИБ немесе ЖС құру, оны сайлау, 3 жыл мерзімге меншік иелерінің қатарынан кемінде 3 адамнан тұратын үй кеңесі, МИБ Жарғысын бекіту немесе үлгілік жарғы негізінде қызметті жүзеге асыру, кемінде 3 адамнан тұратын тексеру (ревизиялық) комиссиясын құруға дауыс беріп, жай серіктестік құрылған жағдайда бірлескен қызмет туралы келісімшартқа қол қояды.
Артықшылықтары туралы сұрағанымызда мамандар енді қаражат тек үйді күтіп-ұстауға жұмсалатынын айтып өтті.
Ағымдағы жəне жинақ шоттары үйге бекітіледі, бос тұрғын емес үй-жайларды, жертөлелерді жалға беруден, жарнамадан жəне басқалардан табыс алу мүмкіндігі артады. Үйді күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен жеңілдікпен қаржыландыру, жергілікті бюджет қаражаты есебінен техникалық тексеру жүргізу, кондоминиум объектісін тіркеуге болады. Үйдің жер учаскесін ресімдеу мүмкіндігі де қарастрылған. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты болған жағдайда қайтарымды негізде үй лифтілерін жөндеу мен ауыстыруды ұйымдастыру, қаржыландыруды жүзеге асыруға құқылы, бірыңғай сəулеттік келбет беруге бағытталған қасбеттерді, шатырларды ағымдағы немесе күрделі жөндеуді жүзеге асыра алады. Басты артықшылығы, қаражатты жұмсаудың ашықтығы қамтылған. Яғни қаржының 30 проценті басқаруға бағытталса, 70 проценті үйді күтіп-ұстауға арналуы тиіс.
Бұған дейін «Біреудің малын біреу әндетіп бағады» деп шағымданатын тұрғындар енді өз жыртығын өзі жамап, ортақ меншікке күш жұмылдырмақ. Ол кездегі ахуалдың қандай болмағына уақыт төреші.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
15 ақпан 2022 ж. 387 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031