Жалған диплом жарға жығады
Білім министрлігіне Асхат Аймағамбетов басшы болып келгелі сала жұмысына жан бітті десек жарасады. Мұғалім мәртебесі белгіленіп, білім ордасындағы ретсіз сенбілік, ақша жинау ісі ашық айтылды. Сол сияқты білім жүйесінің қанына сіңген қағазбастылық азайып, бүгінге дейін ұстаздардың жалақысы 75 процентке көтерілді. Келер жылы тағы өсетінін ескерсек, жұмыссыз жүрген басқа маман иелері «неге» мұғалімдік оқымадым» деп өкінетіні түсінікті. Дегенмен айласы асқандар бұған бола салын суға кетірмей, қолдан диплом жасап, мектептерде оқушыларға «білім» беріп жүр. Жақында Қазалы ауданындағы бес бірдей білім беру мекемесінің басшысы қолдан құжат жасаған қызметкерлерді жұмысқа қабылдағаны белгілі болды.
Мұны ешкім білмеуі мүмкін еді. Абырой болғанда, аудандық прокуратура білім ошақтарындағы қызметкерлердің құжаттарын жинақтап, университеттерге нақтылау үшін жолдаған. Бес бірдей қызметкердің заңсыз жұмыс істеп жүргенін білгенде өздері де жаға ұстағанын жасырмайды. Сәйкесінше, материал сотқа жолданып, үкімге сәйкес жалған құжатпен жұмыс істеп келгендер жазаға тартылды. Әрине, бүгінгідей күнкөріс қиындай түскен заманда айлаға барғандарды аяйсың. «Жұрт өтірік айтпайды, жоқ өтірік айтады» деген тәмсілмен ақтап алуға да болар еді. Бірақ жазасыз қылмыс көбейе түсетіні ескерілген. Бес азаматқа да қылмыстық айыппұл салынған.
Кеше ғана педагогикалық оқу бітіріп, білімін жетілдіріп келген, жастар тәжірибесімен болмашы жалақыға күн көріп, тұрақты жұмысқа қолы жетпей жүрген жас мамандарды кім ойлайды? Қазалы ауданында жұмыссыздық көрсеткіші 5 процент деп ресми көрсетілгенімен, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастардың үлесі әлдеқайда жоғары екенін жұрт біледі. Ал мектеп директорлары мен кітапхана меңгерушілері есік қағып келген кешегі студентпен сөйлескісі жоқ. Қолдан құжат жасатып, алдына келген айлакерлерге алданып, жұмысқа қабылдай қояды. Сәйкестік пе? Көңіл сенбейді.
Соңғы кездері білім беретін ұйымдар мен директорлардың айы оңынан туды. Салаға реформа жүріп жатқан тұста министрліктегілер әр мектептің бюджеті өзінде болуы бәсекелестікті арттырып, жұмысты жандандырады деп сенді. Сонымен бірге, мектеп басшыларына адамдарды басшылықпен келісімсіз жұмысқа қабылдай беретін құзірет «сыйлады». Соның нәтижесінде 500-ден 1000 оқушыға дейін қабылдап отырған мектептерде кейбір пәндерден педагогикалық сауаты жоқ, бәрінен бұрын айлакер азаматтар сабақ беріп жүр. Балаларды білімге баулитын, ізденіске шақыратын кітапханашылардың дәлелді дипломсыз айлық алып келген. Ең қызығы, аудандық білім бөлімі мектеп басшыларына, тіпті басты кейіпкерлерге жаза қолданылмағанын айтып отыр. Балалардың болашағына, ауданның білім әлеуетіне тікелей әсер ететін әрекетке байланысты тәртіптік немесе қызметтік жаза да алмайтын қандай күштілер дейсіз ғой?!
Аудандық прокуратура берген дерекке сүйенсек, аталған былық аудан орталығындағы Жанқожа батыр атындағы №70 және №170 мектептерде орын алған. Тағы екі заңсыздық қалалық М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицей мен Жалаңтөс батыр ауылындағы Қ.Пірімов атындағы №103 мектептен анықталған. Мәселенің мән-жайын білу үшін мектеп басшыларымен де хабарласып көрдік. №170 мектептің директоры Нұрлан Имашов кітапханашыға байланысты осындай оқиға болғанын, қызметкер әлі күнге дейін жұмыс істеп жүргенін жасырмады. Бұрыннан арнаулы орта білімі бар маман қызметте өсу үшін жоғары оқу орындарымен келіскен. Ал М.Горкий атындағы №16 мектеп-лицейдің қызметкері осы оқиғадан кейін өз еркімен жұмыстан шығуға өтініш жасаған. Жалған диплом жасатқанша техникалық қызметкер болып жұмыс істеген азамат ішкі конкурс арқылы жұмысы ауысқанын білдік. Жанқожа батыр атындағы мектептің директоры Қымбат Сермахан күдікке ілінген қызметкердің ісін қарау тоқтатылғанын, сол себепті ұзақ мерзімді ақысыз күн алғанын мәлімдеді. Ал №103 мектептің қызметкері осыған дейін алып келген жалақының заңсыз бөлігін өз еркімен қайтарып жатқан көрінеді.
– Ол қызметкер өзі оқыған колледждің педагог-психология мамандығымен мектепте ұйымдастырушы педагог болып жұмыс істеп жатыр. Ұйымдастырушы педагогтың дипломын жасатып алған. Алайда сот үкімінде жалған дипломмен алған жалақының артық бөлігін қайтару, жұмыстан шығару көрсетілмесе де, айыппұл мен негізсіз алған ақшаны өз еркімен төлеп жүр. Мектеп басшылығы қатаң сөгіс берді, – дейді директор Асылбек Нұрадинов.
Сәл ертеректе мектептің шаруашылық меңгерушісі болып жүрген кісінің бір күнде технология немесе дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, еден жуушы апайдың бастауыш сыныпқа, кейде қыз балаларға еңбек сабағынан дәріс беріп отырғанын талай көз көрді. Бірақ бүгінгідей талап күшейіп, «Жаңа Қазақстан» құрар шақта кең заманның кеңшілігі әбестік көрінетінін, көзбаяушылықтың арты бір тұтам екенін ұғыну керек.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ