Өткен тәулікте қар құрсауынан 37 адам құтқарылды – ТЖМ
Елімізде өткен тәулікте қар құрсауынан 37 адам құтқарылды. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында дауылды ескертулер жарияланды.Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында республикалық маңызы бар автожолдар жабылды.
Елімізде қар құрсауында қалған 37 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды.
10 автокөлік қар құрсауынан шығарылды.
Мәселен, 13 ақпанда сағат 8.22-де Қостанай облысының Арқалық қаласынан 20 шақырым жерде «Арқалық-Амангелді» автожолында құтқарушылар қар құрсауында қалған 3 жеңіл автокөліктен 17 адамды, оның ішінде 2 баланы құтқарды. Жолаушылар Арқалық қаласына жеткізілді. Олардың жағдайлары жақсы, медициналық көмек қажет болмады. Авариялық-құтқару операциясына Қостанай облысы ТЖД 3 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Сағат 8.38-де Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында «Ақтоғай-Балқаш» автожолында Ақтоғай ауылынан 30 шақырым жерде құтқарушылар жолдан шығып кеткен 2 жеңіл автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне шығарды. Автокөлік салонында 4 жолаушы болған. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады. Қарағанды облысы ТЖД 5 құтқарушысы мен 2 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Сағат 14.28-де Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы Алаш тасжолында автокөлік қар құрсауында қалды. Тез арада оқиға орнына Трэкол көлігімен барған құтқарушылар көлік иесін құтқарды. Авариялық-құтқару жұмыстарына Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД 2 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Кешке сағат 19.00-де Арқалық қаласында «Арқалық-Торғай» автожолында құтқарушылар қар құрсауында қалған 4 жеңіл көліктен 15 адамды құтқарды. Құтқарылғандар Арқалық қаласына жеткізілді. Олардың жағдайлары жақсы, медициналық көмек қажет болмады. Авариялық-құтқару операциясына Қостанай облысы ТЖД 3 құтқарушысы мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.
ТЖМ азаматтарға елді мекеннен шыққан кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Алыс жолға шығар алдында ауа райы болжамымен танысып, автокөліктің техникалық жай-күйінің дұрыстығына көз жеткізген абзал. Өзіңізбен бірге қысылтаяң жағдайларда көмектесетін барлық қажетті заттарды алып жүріңіз. «Дәрмен» мобильді қосымшасы жолдардың жабылуы және дауылды ескерту туралы хабардар болуға мүмкіндік береді.