«Омикрон» елордалықтарды вакцина алуға итермеледі
Елордада жыл басында «омикрон» штамы пайда болғаннан кейін вакцинация қарқыны біршама өсті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауру деңгейінің, ауруханаға түсу дәрежесінің төмендеуі азаматтарды вакцина алу және қайта вакциналаумен байланысты деп айтуға болады. Елордада жыл басында «омикрон» штамы пайда болғаннан кейін вакцинация қарқыны біршама өсті. Азаматтар қазіргі жағдайға бей-жай қарамайтын болды. Вирустық инфекцияның ауыр формада өтетінін түсінгені қуантады», - деді Тимур Мұратов елорда әкімдігінде өткен брифинг барысында. Оның дерегінше, елордада 504 мыңға жуық азамат вакцинаның бірінші компонентін алды. 471 мыңнан астам адам иммундаудың толық курсынан өтті. Қайталама вакцинаны 73 мыңнан астам тұрғын қабылдады. Осылайша, қалада вирустың тез таралуына жол бермейтін белгілі бір иммундық қабат пайда болды деуге болады. «Белгілі контингенттен Pfizer-дің екі компонентін қабылдағандар арасында көшбасшы ретінде жасөспірімдер танылып отыр – 19 мыңнан астам бала. Одан кейін бала емізетін аналар – 11 300-ден және жүкті әйелдер – 700-ден астам. Сондай-ақ, 60 жастан асқан адамдар, медицина қызметкерлері қазір Pfizer препаратымен қайта вакциналанып жатыр. Қала бойынша 5 600-ден астам қария Pfizer-мен қайта вакциналанды, медицина қызметкерлері арасында - 11 800 адам», - деді басқарма бастығы.