Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүдде бір, мақсат ортақ болсын

Мүдде бір, мақсат ортақ болсын

Тәуелсіздік – кез келген халықтың маңдайына жазылмаған, тағдыр талайына бұйырмаған ғажап сый. Адамзат тарихының өзі тайпалар, ұлт пен ұлыстар, халықтардың дербес мемлекет, еркін ел құру жолындағы жан алып, жан беріскен күрестерінен түзіледі.
Біздің ұрпақ – бақытты ұрпақ. Себебі біз жауапты да жақсылыққа толы дәуірде өмір сүрудеміз. Тәуелсіз Қазақстанның отыз жылдағы барлық жетістігі, біздің жарқын болашағымыздың темірқазығы.
Қазақ халқы бақытты өмір сүруге, қуануға, армандауға болатын елде тұруға қақылы әрі лайықты. Бұл үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Қарны тоқ, көйлегі көп адам өз төңірегіндегі өзгерістерді, жақсылықтарды байқай бермеуі мүмкін. Тәуелсіздікті «Көктен түсті, жерден өнді» деп желпінетіндерге де түсінікпен қарау керек. Мұның бәрі де Отанымыздағы бейбітшілік пен тұрақтылық, береке мен бірліктің арқасы. Тәуелсіздікті мәңгілікке берілген сыйға балап, арқаны кеңге салу да өсер елдің әдеті болмаса керек. Өткен шақтың сабақтарын еске алып, келешектің қамын ойлау – міндет.
Ұлтжанды әрбір азамат асыл ағаларын ардақ тұтады. Осындай кемелді іспен ажарлана түседі. Кейде елдің жадында қаларлық дәнеңесі жоқ, жүз жасағаннан елін жарылқаған келте ғұмырдың өзі артық шығар деген ойда қаласың.
Біреулердің кесірінен қаншама қыршын елді, Отанды қорғау жолында құрбан болды. Біздің кемшілігіміз – бәріне жайбарақат қарайтынымызда. Қазір алаяқтардың көбейіп тұрған кезі. Бұл жолда мемлекет заңын үлкен-кішіміздің де толық біліп, оны бұлжытпай орындау, сауатты өмір сүруге бейімделу ғана дұрыс жолға ­бастайды. Әйтпесе келешегіміздің не болары белгісіз. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын», деп Абай айтқандай, қолдарынан түк келмесе де, жаппай мансапқұмар, шенқор, ылғи ақылгөй данышпан, әркім өз бетінше қоғамдық ұйым ашып билік айту, рубасы президент т.б. мақтану, мұқату, өз халқын тонау, өсек айту, арыз жазу, соттасу көбейген. Мұндай берекесіздік пен бас-басына би болудың аяғы апарып қайда соқтырарын ойлануымыз керек.
Әртүрлі атпен дінді бұрмалаушылар, теріс бағыт берушілер, туған баласын қоқысқа, ата-анасын қарттар үйіне тапсырып кету, сәбилерді шетелге сату, ұрып-соғып, өлтірушілер түрлі ұры-қара жемқорлық қатары күннен-күнге көбейіп барады. Балалардың жоғалу фактілері соңғы кездері табыс көзіне айналуда.
«Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» дегендей, елдегі жанармай мен азық-түлік заттарының шамадан тыс өршіп қымбаттауы, тәртіптің бостығына байланысты наразылық білдіріп, бейбіт шеруге жаңаөзендіктер бастаған әркет көз алдымызда. Мұны кейбір өңірлер де қолдап, оған арандатушы содырлар араласып, тәртіпсіздікке ұласқанын аңдып отырған шет ел террористері жанталасып қырғын соғыс ашып, оған ұры-қара қосылып, дүние-мүліктерді тонап, ғимарат, көліктерді өртеп, қаншама жазықсыз жандар оққа ұшты.
Жаңаөзендіктерге ілескен жағдай біздің ауданда да орын алды. Солбір екі күн, түн аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы бастап заң қызметкерлері, ел қалаулылары, ақсақалдары мен қоғамдық орындар елмен бірге болды.
Шеруге қатысқандарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, райынан қайтарды. Одан кейін түн ортасы ауа басқанда бүлдіргі топтар қала мен екі ортадағы жолды жауып жедел жәрдем машинасынан басқа көліктерді жібермей, ұстап тұрды. Жалпы азаматтар бұл жолы да жиылған топқа ақыл-кеңес айтып, қалың елге зиян тигізбейтіндей жағдаймен мәміле жасасып, жол ашылды.
Ертеңіне таңертеңгі уақытта бір топ жастар теміржолға барып жүк пойызын жібермей ұстап тұрғандарға да түсіністік жұмыстары жүргізіліп, мәселе оңтайлы шешілді.
Қызылордадан келіп, тоқтап тұрған екі жолаушылар пойызына аудан басшылары, кәсіпкерлер мен еріктілер тобы ыстық тамақ, балаларына керекті заттар мен дәрі-дәрмектер үлестірді. Бұл да тектілік пен адамгершілік, мейрімділік пен сүйіспеншіліктің белгісі.
«Жұт жеті ағайынды» дегендей тілсіз жау – «COVID» те қозып, жұртшылықты әбігерге салуда. Осындай қиын-қыстау кезеңде ойланбай істеген іс опық жегізеді.
Елдің тұтастығын түзіп, тығырықтан алып шығуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықты сабырлыққа шақырып, үш қайтара үндеу жариялап, жағдайды реттеді. Айналамыздағы көрші елдерден достық, бітімгерлік көмек сұрап, 2500 әскер мен соғыс техникаларын жеткізіп, агрессорларға тойтарыс берді. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп батыр Бәукең айтқандай, тізгінді тәртіп, орынды талап, жедел қимыл-әрекет арқасында қиындық еңсеріліп, бірлік бекемделді. Лаңкестер мен террористердің жасаған қастандығына қарсы тұрып табандылықпен тойтарыс берген ерлеріне ел разы. Сондай сындарлы шақта біз – қарттар оқиғаның бейбіт аяқталуын тіледік. Жағдай бізді еліміздің еңсесін жоғары, іргесін нық ұстап, ішкі-сыртқы жаулардан әрқашан бекем болу үшін ұйысудың бұрынғыдан бетер күшейіп, Президентіміздің айналасына бір кісінің баласындай топтасып, жоспарлы жұмыстарды іске асыруға бұрынғыдан бетер бәріміз бірге атсалысуымыз керектігін ұғындырды. Сонда «Береке-бірлік бар жерден жау қашады» деген аталы сөздің маңызын ұғына түсеміз. Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды.
Президенттің үндеуін бұқара халық болып, ардагерлер тағы басқа да қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, бұқараға насихаттап отыруды қолға алып, әділ адал қызмет жасауға халықты жұмылдырайық.
Сенім бар жерде қайрат күш пен қуат болады. Пейіл кең, ауыз бір болса ешкім кем болмайды. Міне осы орайда үндеудегі айқын көрсетілген жолдармен мүдірмей-сүрінбей көздеген мақсатқа жететініміз айқын.
Президент басты құжатта алдағы күндерде не істеу керектігін ашық айтты. Кәсіпкерлерді пайдалану елдің жағдайын жақсарту тікелей әкімдердің деңгейі мен салмағына байланысты. Әкімдер мен мемлекет қызметкерлері жиі-жиі халықпен көпшілікпен кездесулер өткізіп, олардың неге зәру, мұқтаж екенін сұраныстарын біліп отыруды тұрақты дағдыға айналдырулары керектігін айтты.
Жаңа Қазақстанда халықтық хор ашып, оған шетел мен ішкі ірі кәсіпкерлер жыл сайын қаржы салып отыруы, оның қоғамдық жолмен басқарылуы тиіс. Сондай-ақ заңды, құқықты, тәртіпті бұқараға насихатшы топтар шығып үйретіп отыру керек. Әскери техникаларды алып беру, арнайы топтардың айлығын көбейту, шекараны нығайтуға жұмыстар жасалатыны айтылды.
Елдегі маңызды мәселе – алдағы 3 жылда азық-түлік инфляциясын шешу керектігі айтылды.
Мемлекеттік қызметкерлермен депутаттардың айлығын өсірмеуге 5 жылға маротория жариялады.
«Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегендей өз қызметі түгілі жеке басын алып жүре алмағанына қарамай, ауданның абыройын ойламай, көпшілікке жік салып, өзара шиеленістіруді қоймай, кешегі қанды қақтығыстан кейін де ауданның үлкен-кішісіне қарамай, не болса соны «WhatsApp» желісіне салып, оларды сайқымазақ етіп сынап, әжуалап, елдің шырқын бұзып жүргендерді тәртіпке шақырар деген сенімдеміз. Президент сөзінде арам ойлыларды ортадан тазалау тек қана мемлекет басшыларының арасында ғана емес, барлық жерде бірдей жүргізілуі керек делінген.
Осындай қиын-қыстау кезеңде күнде той, орынды-орынсыз кештер жасап шашпа болуды, ысырапшылдықты қойып, жинақылыққа көшуге бейімделіп, адал да, сапалы жұмыс жасап, осындай іске ардагер ақсақалдар мен асыл аналар өздеріміз бас болып ұрпағымызға, ағайынға ұйытқы кеңдік пен кемеңгерлік, сабырлық пен іскерлік көрсетуге үнемі мұрындық болып көш бастауымыз керек.
Барды ұқсатып, азаматтардың еңбегін бағалап, заманның қадірін біліп кейінгі ұрпаққа көрікті келбетімізбен, көркем мінезді көрсетіп, келісті сөзімізді айтып, үлгі көрсетумен үлкендік өнегемізді көрсете білу маңызды.
Ауданда елдің ахуалы дұрыс. Толымды тірлік, игі бастамалар басшылардан басталып, оны тұрғындар қолдап, тапсырманы орындап отырған жағдайымыз бар. Әрбір іріктелген кадрлар өз ісінің маманы, мәселелер әрқашан халықтың ортасында пікірлесіп, шешілуде. Қазіргі күн сайын болып жатқан қызықты, жақсы өзгерістер жастарды қойып, қарттардың өзін алға ұмтылдырып келеді. Жанға жайлы жақсы өмірді өткеннен іздеу емес, алдан күту әдетке айнала бастаған. Бұл біздің аудандағы ілгерілеудің бір көрінісі деп білуіміз керек.
Өткен жыл аудан өмірінде өзіндік із қалдырды, кейінгі ұрпаққа үлгі боп қаларлық көптеген істер атқарылды. Еңбек еткенді ел біледі, бағасын халық береді. Ауданда бұрын-соңды болмаған құрылыстар: әлеуметтік нысандар, ­сауда орындары, тақтайдай тегіс асфальт жолдар, жаяу адам жүретін ­бурсчатка төселген тротуар, коммунальдық желілерді сумен, жылумен, газбен қамту, көшелердегі түнгі жарықтарды жөндеу, кәсіпкерлікті дамыту, елдімекендерді көркейту-көгалдандыру тазалықты сақтауда тыңғылықты істер атқарылды. Олардың қатарындағы әкімшілік ғимараты, спорт алаңдарын салу, қос қабатты алты пәтер, төрт ипотекалық және тұрмысы төмен жандарға пәтерлер салынып халыққа берілуі, 600 орындық мәдениет үйі, рәміздер алаңын, Әйтеке би, Жалаңтөс Баһадүрге еңселі ескерткіш орнату, «Әлсейіт» көпірінің пайдануға берілуі, «Қарлаң» өткелі құрлысын бастау сынды ауыз толтырып айтуға лайық көрікті істер бар. Бүгінгі таңда Қазалы қаласы мен аудан орталығы аралығындағы жолды төрт қатар автокөліктер жүруге ыңғайлап, салу жұмыстары жүргізілуде.
Ілкімді істердің басынан табылып, игіліктерге мұрындық болып жүрген кент, Қазалы қаласының әкімі Қайрақбай Орынбасаров, Рахметулла Ізтілеуовтің есімін де атамауға болмайды.
Осы жұмыстардың қатарына көшелерге аяқ суды жүргізудің жолын іздестіріп, әр жерден құдықтар қазып, жер асты суын аяқ суға пайдаланса, әрі дренаж қызметін атқарар еді. Сонымен бірге кір мен ыдыс жуу, мал суару, моншаға да пайдаланып, ауыз суды ысырап қылмай, үнемдеуге де септігі тиері сөзсіз. Бұл әдіспен ағаш егуді көбейтіп, ауаны жақсартып, табиғатты тазартуға қарқынды жұмыстар жүргізсе нұр үстіне нұр болады.
Мұндайда Президент айтқан: «Әрбір өңір, аудан, ауыл жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, жергілікті жердің ыңғайына қарап өз тіршіліктерін тұрғындармен ойласып мәселе шешуге дағдылануы керек» дегені ойыңа оралады.
Мәселен азық-түліктің бағасын түсірудің ең тиімді жолы – елге жақсы жерден дачалық участіктер ашып, аяқ су апарып, жерін айдатып, көкөніс, тұрақты жеміс-жидек ағаштарын еккізуге мүмкіндік жасауға болады. Елдің өнімін қабылдайтын қауын пунктін ашып, банкілер басып, қауын қақ, қауын құрт, шырын сусындар жасайтын цехтар ұйымдастыру да қолдан келер іс.
Базарларға конкуренция коммуналдық базар ашып, жұмыс істеу баға түсуіне ықпалдасады.
Ауданда халықтың тынығып шомылатын жағажайын ашу да кәсіпкерлікті кеңітіп, тұрғындар мен қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлайды.
Көлдерден балық тоғанын, құс фермаларын, тері илеу, жүн түту, жіп иіру, кілем тоқу цехтарын ашып, іске қосып,әрбір мекеме өздеріне жеке шаруашылығын ашса, күнкөріс жақсарып, тұрмыс түзелуге септігі тиері анық.
Көшедегі тротуарларды жаппай қоршап алған тұрғындарды арнайы рейд шығарып, үйдің жоспарына қарап шегертуге жұмыс жасамаса, көшеде зымыраған жеңіл көліктер жаяу адамға қауіп төндіруін азайтады. Әйтеке би көшесімен Жанқожа, Біржан сал мен Байтұрсынов көшелерінде көліктер кептеліп, көлік жүрістерін бір жақты қылмаса, жағдай қиындай берері сөзсіз.
Жалаңтөс Баһадүр бағын көше кезбелері мен араққорлар, жеңіл жүрісті адамдар жын ойнаққа айналдыруда. Ескерткіштер мен түнгі жарық, скамейкаларды сындырып, бүлдірумен келеді. Бір қарауылдың тәртіптеуге әлі келмейді. Сондықтан полиция постысын салып, әр жерге камералар орнатса екен.
Үйлерге ауыз су кіргізіліп қазанға құйып, астында газ бен свет тұрақты жанып тұр, зейнетақы уақытылы берілуде. Бізге керегі шүкіршілік пен қанағат. Осының бәрі адам үшін жасалған жақсы жағымды жағдайлар. Биылғы жылға да көптеген жоспарланған жұмыстар баршылық.
Әрине біздер, тұрғындар осындай шексіз қамқорлықтың қадірін, басшылардың еңбектерін бағалай білумен бірге барға қанағат тұтып, келешектен үлкен жетістіктерге, жетеміз деген үміт күтуіміз керек.
Ата-бабаларымыз дербес мемлекет болуды аңсап, тәуелсіз ел болуды армандап кеткен. Сол бақытқа біздің қолымыз жетті. Бұл бағалы байлығымызды көре алмайтындар, қызғанатындар көп.
Ұлттық салтымызды сақтайтын, ата жолын ұстайтын азғыруға ермейтін, жаман жерде жүрмейтін, мемлекет мүддесін ойлайтын Президентті қолдайтын, Отанымызды қорғайтын ел жерінің асты мен үсті толған байлық, ата-баба аманат қылып бізге тастап кеткен кең байтақ даланың мұрагері. Соған ие болатын сенімді ұрпақ болу баршаға сын.
Ақыры қайыр Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тез арада, шұғыл түрде етек-жеңімізді жинап жауыздарға соққы беріп негізгі күштерін жойып қолға түскендерін қамап, сатқындарды ұстап жауапқа тартуда.
Бұдан былай қарай дандайсымай, бас-басымызға билік жасауды армандасып таласып-тармаспай, ел болып жұдырықтай жұмылып мемлекетіміздің заңына бағынып, тәртіп сақтап бір басшыға бағынып елдің ірге тасын мықтап мәңгілікке орнатуға адал еңбек етуге атсалысуымыз керек.
Сауысқан бір тамақтануда үш жағына бір-бір қарап, дәнді жейді екен. Сондықтан құлқынның құлы болмай, сауысқандай сақ болсақ, уайым-қайғысыз бақытты өмір сүруге болады.
Кеше ғана босаңдықтан туындаған бүлікпен қантөгіс бізге үлкен соққы, мәңгі есте қалатын сабақ болды. Сондықтан қолдағы бардың қадірін білуге, үлкендер ұрпақты түсіндіріп тәрбиелеуге бетбұрыс жасап отыруды парызым деп санауды қолға алу керектігін ұмытпайық!
Қарттар көңілі қартаймайды, әлі күнге ештеңеден жалтармайды. Отаны мен ұрпағы үшін кездескен қиындықтан тайсалмайды. Осындай көненің көзі, бүгінгінің өзі, ертеңгінің сөзі арқылы өмір жалғаса береді. Жас буынның санасына ұлағаттылықтың мәйегін сіңіру, өзінің бітім-болмысы, ақыл-ой, ел алдындағы асқақ абыройы, жарасымды жүріс-тұрысы, сыпайы мінез-құлқы, адал ісі, ғибратты да салмақты сөзі, кішіге қамқорлығы, үлкенге ізеті арқылы олардың бойына дарыту ақсақалдарымыздың аттап кете алмайтын абзал борышы. Бұл қазіргі зымыраған уақыттың, өркендеген, талғампаз, зерделі халқымыздың талабы, барша азаматтың мұраты деп білеміз.

Оразғали БЕКБАНОВ,
аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы
25 қаңтар 2022 ж. 239 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031