Елімізде қаңтар оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссия құрылды
Алматыда қаңтар оқиғасын зерттейтін қоғамдық комиссия құрылды, оны белгілі құқық қорғаушы, заңгер Айман Омарова басқарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айман Омарованың айтуынша, комиссия құрамына белгілі құқық қорғаушылар, қылмыстық іс жүргізу құқығы бойынша маманданған заңгерлер кірді. «Біз тәуелсіз қоғамдық комиссиямыз. Екі мыңнан астам қылмыстық іс бар. Комиссия тек жәбірленушілерді, полицияны, соққыға жығылғандарды ғана тексеріп, зерттемейді. Қазақстанда неге осындай қанды оқиға болды? Осыған баса назар аударамыз. Түгел зерттейміз. Комиссия құрамында қорғаушылар болады, олардың барлығы тәжірибелі, қылмыстық істі қарайтын қорғаушылар. Комиссия мүшелерінің тізімі бар. Бірақ, олардың кім екенін қауіпсіздік үшін жарияламаймыз», - дейді ол. Сонымен қатар, Айман Омарова жаппай тәртіпсіздікті өз көзімен көргенін айтты. «Бесінші қаңтар күні сол жерде мен болдым. Түсірген видео да бар. Ол жерде ешқандай да бейбіт шеру болған жоқ. Мен оларды көрдім. Түрі қазақ сияқты, бірақ қазақша да, орысша да сөйлемейді. Кейбір жігіттердің тілінің диалектісі бар. Егер менің қолыма құпия ақпарат түссе, оны тергеу барысында айта алмаймын. Баспасөз мәслихатын өткізіп тұрамыз. Өзім әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығып отырамын», - деді Айман Омарова.