Мемлекет басшысы шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс режимінде шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысы өтті. Жиын барысында Бас прокурор, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Ішкі істер және Қорғаныс министрлерінің міндетін атқарушы тұлғалар баяндама жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
Бас прокурор Қасым-Жомарт Тоқаевқа төтенше жағдай режимін бұзған 2161 адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, лаңкестікке қарсы іс-қимылдар басталған күннен бастап елімізде 412 қылмыстық іс, соның ішінде террорлық актілер мен кісі өлтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Прокуратура органдары Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, сұйытылған газ өндіретін субъектілердің баға бойынша ымыраласу деректерін тексеруді жалғастырып жатыр
Ішкі істер министрлігі тарапынан Президентке Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және басқа да облыстарда террористік топтарды жою мен қылмыскерлерді ұстау бойынша арнайы операцияны жалғастыру туралы есеп берілді. Кісі өлтіру, билік өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасау фактілері бойынша барлығы 388 қылмыстық іс қозғалды. Дәлелдемелер базасын жинау және тіркеу, оқиғалар хронологиясын қалпына келтіру бойынша жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқаны айтылды. Қарулы Күштер терроризмге қарсы операцияны жүргізуде ҰҚК мен ІІМ-ге көмек көрсетіп жатыр.
Өткен тәулікте 11 елді мекендегі блокбекеттерде әскери қызметшілер 38 адамды ұстады. Олардың 23-інен атыс және суық қарулар табылды. ҰҚК Шекара қызметімен бірлесіп, әскери авиацияның қолдауымен таулы жерлерде барлау-іздестіру іс-қимылдары жүргізілуде. Әскери қызметшілердің жұмысы 25 елді мекендегі 105 блокбекетте жалғасып жатыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне қарағанда еліміздегі жағдай тұрақталып келеді. Аса қауіпті деструктивті іс-қимыл тіркелген жоқ. «Киберщит» жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жиын соңында Президент қоғамдық тәртіп пен елдегі қауіпсіздікті қалпына келтіруді қарқынды жалғастыруды тапсырды.